Ұлттық құндылықтар дәріптелді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды» деп былтырдан бері жүзеге асып келе жатқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына ерекше назар аударуды тапсырған болатын.
Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан бастап барлығы дерлік тәрбие беру ісінде ұлттық құндылықтарға аса мән беруде.
Осыған орай, Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің шағын орталығында “Ойнап жүріп өсеміз” атты аудандық семинар өтті. Семинарда асық, құрт, ою-өрнек арқылы топқа бөліп, сол бойынша тапсырмалар орындату арқылы ұлттық құндылықтарымыз дәріптелді.
Мәселен, асық тобы “Қоржындағы асықтар”, ақ құрт тобы “Кеседегі құрттар”, ою-өрнек тобы “Шебер қолдар” ойыны арқылы тапсырмаларды орындап, текшелерден өз тобының атауына байланысты сурет құрастырып шықты.
Ал, сергіту сәтінде балалар шеңбер болып билеп, төрт түлік малға тиесілі заттардың атауын тапты. Сондай-ақ, текшелер арқылы домбыраның сұлбасын жасап, сол сәтте күй ойнағанда келген қонақтарға тосын сый жасады.
Ұлттық құндылықтарды балалардың бойына сіңіруге бағытталған іс-шара өте қызықты өтіп, балалар өз кезегінде мақтау сөзге лайық деп танылды.
(Өз тілшіміз).