Мүмкіндіктен қапы қалмаңыздар!
Ұлан-байтақ атырабы мен сәулеті келіскен қалалары бар қазақ жерінің облыстары бір-бірінен шалғай орналасқан. Содан болар, әр өңірдегі халық өсімі де, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы да әр алуан. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы он жылдықта ішкі миграцияны терең зерттеп, жұмыс күші артық, халық өсімі қарқынды оңтүстік өңірлерден халықты солтүстікке көшіруді қолға алған болатын. Яғни, Алматы облысы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау аймақтары тұрғындарының біраз бөлігін Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарына көшіруге шешім қабылданды.
Солтүстікке қоныс аударуға негізінен 18-35 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар келіседі. Себебі, осы жастағы азаматтардың көпшілігі белгілі бір салада білімін жетілдіргісі келеді, енді бірі жоғары біліміне сай маман болуды, енді бірі жеке кәсібін ашуды көздейді. Халық өте тығыз орналасқан Алматы, Астана, Шымкент секілді қалалар мен Оңтүстік өңірлерде қалаған жұмысына орналасу немесе жеке кәсібін дөңгелетіп әкету екінің біріне бұйыра бермейді. Керісінше, жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға білікті мамандар ауадай қажет. Сонымен қатар, солтүстік өңірлердегі ауылдық жерлерде бала саны аз балабақшалар мен мектептер де жетерлік.
Еліміздегі әр облыстың басшылық өкілдері осы бағдарламаға сәйкес жоспар құрып, халық арасында насихат жұмыстарын жүргізуді жылдағы дәстүрге айналдырған. Нәтижесінде, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар саны жылдан жылға арта түсуде.
Күні кеше ғана «Еңбек мобильді орталығы» КММ-нің Шу ауданы бойынша мансаптық орталық филиалының ұйымдастыруымен “Amanat” партиясы аудандық филиалының ғимаратында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Ауданымызға Павлодар облысынан арнайы делегация келіп, шулықтарға “Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару” бағдарламасы бойынша ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларын түсіндірді.
Мәселен, солтүстік өңірлерге мұғалімдер (математика пәні мұғалімі, ағылшын тілі мұғалімі, химия, физика мұғалімі, даярлық, бастауыш сыныптың мұғалімдері, дене шынықтыру, көркем еңбек, тарих пәні мұғалімдері, психолог), дәрігерлер (акушер, акушер-гинеколог, невропатолог, неонтолог, реаниматолог, кардиолог, инфекционист, педиатор), электрші, тракторшы, механизатор, нан пісіруші, құрылысшы, агроном, сатушы, мал дәрігері, көлік жүргізушісі сынды мамандар мен кіші қызметкерлер жетіспейді.
Қорыта келгенде айтарымыз, жоғарыда аталған бағдарлама жұмыссыз жүрген адамдардың бәрін оңтүстіктен солтүстікке көшіруді мақсат етпейді. Негізгі бағыт – оңтүстіктегі бос жұмыс күшін мамандықтарына сәйкес солтүстіктегі бос жұмыс орындарына орналастыру. Әрбір азаматтың орнықты жұмысы, баспанасы бар болса, бұл халық өсіміне де оң әсер ететіні анық. Еліміздегі демографиялық ахуалды, жұмыссыздық мәселесін ескере келе, мемлекет тарапынан жасалған бұл мүмкіндіктен қапы қалмаңыздар.
Айғаным Асқарбек.