Телефонға байланған ғұмыр
Мұқағали Мақатаев атындағы тірек (РО) орта мектебінде “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында «Айтуға оңай» токшоуы аясында “Телефонға байланған ғұмыр” атты танымдық сағаты өтті. Қазіргі қоғамды смартфонсыз елестету қиын. Бұл – байланыс құралы ғана емес, ақпарат көзі, жұмыс құралы, көңіл көтеру мен қарым-қатынас жасаудың әмбебап құралына айналды. Алайда, технологияның бұл жетістігі адамзаттың өмір сүру салтына, психологиясына және қарым-қатынас мәдениетіне кері әсер ете бастағаны жасырын емес.
Бүгінде адам таңертең көзін ашқан бойда телефонын іздейді. Күнделікті жаңалықты, ауа райын, әлеуметтік желідегі жаңартуларды қарап шықпай тұрып, төсектен тұру да қиынға соғады. Көбіміз шынайы өмірден алыстап, виртуалды әлемде өмір сүріп жатқандаймыз. Телефонсыз бір сағат жүру – кей адам үшін үлкен сынақ.
Мұның бәрі бір қарағанда қалыпты көрінуі мүмкін. Бірақ бұл үрдіс адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынастың азаюына, көзбе-көз сөйлесу мәдениетінің жойыла бастауына себеп болып отыр. Бала ата-анамен сөйлесуге уақыт таппайды, ата-ана баласының бетіне емес, экранына қарайды. Достар бас қосқанда да әркім өз телефонына үңіліп отырады.
Психологтар да бұл жағдайдың салдарын айтып, дабыл қағуда. Смартфонға тәуелділік адамның зейінін шашыратады, есте сақтау қабілетін әлсіретеді, ұйқы тәртібін бұзады, тіпті күйзеліске де алып келеді. Бұдан бөлек, ұзақ уақыт телефонға телміріп отыру – көзге, омыртқаға, жалпы денсаулыққа да кері әсер етеді. Әрине, технологияны мүлде жоққа шығара алмаймыз. Бірақ оның құлына айналмай, керісінше, біз оны тиімді әрі дұрыс пайдалана білуіміз керек. Уақытты басқару, отбасылық қарым-қатынасты нығайту, табиғатпен, шынайы өмірмен байланыс орнату – осының бәрі тек саналы таңдауға байланысты.
Қорытындылай келе, телефон – заманауи адамның ажырамас серігі. Бірақ ол біздің ғұмырымызды басқарып кетпеуі керек. Нағыз өмір – экранның арғы жағында емес, өзіміздің жанымызда, көз алдымызда. Әрине бәрі айтуға оңай…
Махаббат Сұлтанова,
М.Мақатаев атындағы тірек (РО) орта мектебінің директоры.