Ақпараттық портал

Өзтүрік өнегесі оғландарға жұғысты болсын!

Жуырда Шу ауданы №39 БЖСМ-де балалар, жасөспірімдер және жастар арасында таеквондо (WT) жекпе-жегінен ҚР таэквондо федерациясының негізін қалаушы, аты аңызға айналған қазақтың біртуар ұлы, 7 дан кара белбеу иегері Мұстафа Өзтүрік атындағы дәстүрлі облыстық ашық турнир өткізілді. Аталмыш дәстүрлі дода облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы бекіткен күнтізбелік жоспар негізінде аудан әкімдігі мен «Шу қалалық таеквондо WT федерациясы» қоғамдық бірлестігінің бірлесуімен ұйымдастырылып отыр.

Түндігін көтерген турнирге Алматы, Түркістан облыстарынан және Жамбыл облысының Шу ауданындағы №36 БЖСМ-нен, №37 БЖСМ-нен, №39 БЖСМ-нен, Тұрар Рысқұлов ауданы мен облыс орталығының №1 ОМБЖСМ, №2 ОМБЖСМ, №40 БЖСМ-нен 200-ге жуық спортшы қатысты.
Жарыстың салтанатты сәтін Ескі-Шу ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Қожағұлов құттықтау сөзімен ашты.
Салтанатты шарада Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, білім және спорт саласынын ардагері, дзюдо күресінен ҚР спорт шебері Жұмабай Ерқадір, облыс спортына еңбегі сіңген ұстаз-бапкер, «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, еркін күрестен ҚР спорт шебері, спорт ардагері Айдархан Абдиев, тележурналист, қоғам қайраткері, қалалық таеквондо федерациясының кұрметті мүшесі Жұмахан Чекаев, №39 БЖСМ-нің басшысы Жиеналі Шохаев, бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының спорт әдіскері Бекжан Жайлау, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Алмаз Әбдіқайыров, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, Халықаралық дәрежедегі төреші Нұрдаулет Қабаев, Шу қалалық таеквондо федерациясының төрағасы, осы жолдардың авторы жас спортшыларға сәттілік тілеп, ізгі лебіздерін білдірді.
Сондай-ақ, аталмыш федерация басшылығы ауданымыздағы олимпиадалық спорт түрі – таеквондоның өрлеп, өркендеуіне ерекше қолдау көрсеткен еңбектері үшін Жиеналі Қораласбайұлы мен Бекжан Маратұлын «Шу қалалық таеквондо (WT) федерациясына 25 жыл» төсбелгісімен марапаттады.
Жарыс қорытындысы бойынша ауданның бірқатар жаттықтырушыларына, атап айтқанда, Мақсат Бериков, Мархат Манатай, Ермахан Тлеуқұлов, Нұржан Қонысбайға, сондай-ақ Нұрсұлтан Тлеуқұлов, Айгерім Тұрысбай, Бақытжан Әбжапар, Ербол Нағашбек, Елнұр Базарбек, Байбол Бекайдар сынды жас спорттық төрешілерге қол жеткізген үлкен жетістіктері үшін алғыстар айтылды.
Жарыстың бас төрешісі міндетін мінсіз атқарған ҚР СШ, ҚР ЕСЖ, 5 дан қара белбеу иегері, ХДТ тараздық Нурдаулет Қабаевтың қырағылығын атап өтпеске болмайды.
Командалық есепте көш бастаған шулықтар 25 медальді жеңіп алды. Ал Түркістан облысының таэквондошылары 7 медаль, Тараз қаласы 5 және Алматы қаласы 3 медальді иемденді.
Сонымен қатар, жекелей салмақта Алдияр және Дияр Тұрсынхан, ағайынды Айбол және Елнұр Базарбек, Елнұр Талғат, Ақарыс пен Ақтөре Әбілқайыр, Жаснұр Жалғасбек, Базарбек, Бақытжан Абжапар, Ербол Нағашбек дараланды. Бірқатар спортшылардың №36 БЖСМ-нің Төле би ауылындағы шәкірттері екенін айта кеткен жөн.
Жарысқа колдау жасап жүрген аудан басшылығына, ата-аналарға, жанашыр азаматтарға алғысымыз шексіз. Аудан спортының алға басуына тілектеспін!
М.Тлеуқұлов,
«Шу қалалық таеквондо WT федерациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.