Біліктілікті арттыру – тәрбиеге нық қадам
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еліміздің жас буын өкілдерінің балалық шағы бақытты өтіп, дені сау, жан-жақты азамат болып өсуіне жағдай жасау – стратегиялық маңызы бар міндет. Бұл – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі» деген болатын. Шын мәнінде болашаққа нық қадам басу үшін, ел ертеңіне сеніммен қарау үшін, артыңнан із қалу үшін өскелең ұрпақтың өмір салтына баса назар аударып, жан-жақты болуына көңіл бөліп, тәрбиені дұрыс жолға қою қажет. Бала – өмірдің жалғасы деп білетін ұлтымыз ұрпағын ұлықты болуға жетелеп, тәлімді тәрбие беру ісін назардан тыс қалдырған емес.
Осыған орай, сәуір айының 14-25 күндері «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының ұйымдастыруымен, Шу қаласының №40 мектеп-лицейінің базасында «Білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу бағдарламасының ғылыми-практикалық негіздері» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өткізілді. Бағдарламаның өзектілігі білім беру ұйымдарының практикасына кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, буллинг және кибербуллинг фактілерінің өсуіне кедергі келтіретін механизм мен әдістеме жүйесін енгізу қажеттілігімен айқындалады.Біліктілікті арттыру курсының мақсаты – білім беру ұйымдарында жәбірлеудің (буллингтің) алдын алу және қарсы іс-қимыл жүйесін тиімді іске асыру бойынша орта білім беру ұйымдары педагогтерінің кәсіби құзыреттерін жетілдіру.
Курс барысында педагогтер буллингтің түрлері мен белгілерін, оның бала психикасына, дамуына тигізетін теріс әсерін жан-жақты қарастырды. Сонымен қатар, кибербуллинг, жасөспірімдер арасындағы агрессия, психологиялық қысым және олардың алдын алу жолдары кеңінен талқыланды. Курстың практикалық бағытын ерекше атап өтуге тұрарлық. Курс тренері Көлбаева Жұлдыз Ағаділқызы тыңдаушыларға жағдаяттық тапсырмалар, нақты мысалдар, тренингтер мен кері байланыс сессиялары арқылы өз тәжірибесін терең саралап, жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Курстың ең басты тиімді тұстарының бірі – оның кешенді әрі жүйелі мазмұнында. Қатысушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, нақты әдістемелік құралдармен, құқықтық база негіздерімен танысты. Сонымен қатар, балалармен және ата-аналармен тиімді жұмыс жүргізудің жолдары, қиын жағдайларда қолдануға болатын іс-әрекет алгоритмдері ұсынылды. Бұл – мектеп психологтары мен педагогтер үшін практикалық көмек болатын құнды материалдар.
Курс білім беру ұйымдары үшін үлкен пайда әкелді. Ең алдымен, бұл курс мұғалімдердің зорлық-зомбылықты ерте кезеңде анықтап, дер кезінде әрекет етуіне мүмкіндік береді. Екіншіден, мектепте сенімді, қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру арқылы оқушылардың оқу үлгерімі мен эмоционалдық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Үшіншіден, мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Білім беру ұйымының оқу-тәрбие процесінде балаларды жәбірлеуге (буллингке) нөлдік төзімділік мәдениетін дамыту жолдары туралы тыңдаушылардың түсініктерін тереңдету мақсатында түрлі кейс-тапсырмалар ұсынылды.
Жалпы алғанда, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты ұйымдастырған бұл курс педагогтер үшін өте пайдалы, тәжірибеге бағытталған және қазіргі заман талаптарына сай мазмұнмен қамтылған бағдарлама болды. Оқытудың тиімділігіне қол жеткізу үшін тренингтер, шеберлік сыныптары, дөңгелек үстелдер, іскерлік ойындар, жобалау әдістері және тыңдаушылардың рефлексиялық іс-әрекетке практикалық енуі, жеке ұстанымын көрсету үшін жағдай жасау, кең пікір алмасу сияқты практикалық іс-әрекеттің бірнеше түрлері қолданылды.
Айғаным Асқарбек.