Атқарылған жұмыс та, алдағы міндет те аз емес
Ағымдағы аптада Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев
Тараз қаласындағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясына қатысып, БАҚ өкілдеріне қалада атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
Шу қаласында 45 447 тұрғын бар (аула – 9 406). Қала 8 массивке бөлінген. Олар: («Қант зауыты», «Тоғай», «Жанкулиев», «Батыс», «Горгаз», «Жайсан», «Жетісу», «Қосқұдық»).
Қаладағы көшелердің жағдайы бойынша, Шу қаласында жалпы ұзындығы 204,2 шақырымды құрайтын 313 көше бар. Бүгінде оның 119-ы асфальтталмаған, яғни 39 пайызы. 2023-2024 жылдары 62 көшеге асфальт, 3 көшеге табанжол, 16 көшеге шағал тас төселді. Нәтижесінде асфальтталған көшелердің үлесі 2023 жылмен салыстырғанда 52 пайыздан 61 пайызға жетті.
Ал, 2025 жылға құны 716 314 млн. теңгеге ұзындығы 20 шақырым болатын 42 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жасалатын болады. Сонымен қатар «Қант зауыты» мөлтек ауданындағы Исатай батыр көшесіне жалпы сомасы 15 млн 088 мың теңгеге ұзындығы 0,560 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолы салынып, бүгінгі күнге жұмыстар толығымен аяқталды.
Бұдан бөлек қала ішіндегі ойылған көшелерді жамау жұмыстарына 70 млн. бөлініп, жұмыстар басталды.
2024 жылы 2 жаңа аялдама орнатылса, 2025 жылы 4 аялдама орнатылатын болады.
Қаладағы көппәтерлі үйлердің мәселесі бойынша, 2024 жылы республикалық бюджеттен 205 млн теңгеге 8 кпт үй жөнделді. Нақтырақ айтқанда, «Қант зауыты» мөлтек ауданында орналасқан 5 үй, «Батыс» мөлтек ауданындағы 3 үй, яғни үйлердің қасбеттері сырланып, ішкі кіреберістері қалпына келтірілді.
Ал 2025 жылға қаладағы 10 КПТҮ-ге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тұрғындардың келісімдерін алып, жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындау үшін аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиісті құжаттары жолданған.
Көше жарығы
2024 жылы 33 млн 309 мың теңгеге қаладағы 3 көшенің түнгі жарықтандыру мәселесі шешілді. Нақтырақ айтқанда, Есалиева, Мәметова және Бекбосынов көшесі бойындағы орналасқан көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларына түнгі жарықтандыру бағаналары орнатылды. 2025 жылға қаладағы 5 көшеге түнгі жарықтандыруды жүргізу жоспарда бар.
Бұдан бөлек тұрғындардың қала ішіндегі түнгі қозғалысына қауіп тудыратын орындарға күн сәулесінен қуат алатын жарықшамдарды орнату жұмыстары қолға алынған.
Ойын алаңшалары
2024 жылы қаланың кішкентай тұрғындарына арналған жалпы сомасы 122 млн теңгені құрайтын 6 ойын алаңшасы мен «Стрит воркаут» және 1 футбол алаңы орнатылды. Сондай-ақ, қаладағы «Тоғай» мөлтек ауданындағы Тұрар Рысқұлов мектебінің ескі футбол алаңшасының орнына «Қазақстан халқына» қоры арқылы 1 ангар типтегі футбол алаңшасының құрылысы басталды. Аяқталу мерзімі 2025 жылдың бірінші жарты жылдығына жоспарланып отыр. Дәл осындай 2025 жылға жалпы сомасы 70 млн 243 мың теңгені құрайтын 4 жоба әзірленген. Жақын арада жұмыстар басталатын болады.
Қаланы абаттандыру,
көгалдандыру
2025 жылға жүзеге асырылатын ауқымды жобалардың бірі ол – аумағы 10 га құрайтын «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту. Жоба құны 687 млн теңгені құрап отыр. Бұл жұмыстар осы жылы жүзеге асырылады деп күтілуде. «Қант зауытындағы» Қасымхан көшесі бойындағы саябақты қалпына келтіру жұмыстарына 80 млн теңге қаралды. Аталған жұмыстар ағымдағы жылы басталатын болады.
Сондай-ақ, қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, көріктендіру үшін Тараз қаласынан кіреберістегі арка маңына 5 мың түп ағаш егу жобасы бастау алып, жасыл белдеу аймағы пайда болды. Қазіргі кезде аталған аймақтың 2 га жері қоршалып, 1600 ағаш егілді. Аталған жобаның ерекшелігі егілген ағаштардың түбі тамшылатып суғару жүйесімен қамтылып, күтіп-ұстауға мердігер жауапты болады.
Сонымен қатар қаламыздың басты көірінісі ол тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу вокзалы. Бүгінде екі қабатты еңселі ғимараттың тозығы жеткен. Осыған байланысты «Қазақстан темір жолы» АҚ тарапынан күрделі жөндеу жұмыстарына 3,4 млрд теңгеге жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жұмыстар басталды.
Бұдан бөлек қаламыздың басты көшелері саналатын Сейфуллин мен Сәтпаев көшелерінің қиылысқан тұсы толықтай абаттандырылады. Бүгінде «Равзан» атымен белгілі қиылыста орналасқан екі қабатты үйлердің қасбеттері әрленіп, бағдаршамдар заманауи үлгіге сай орнатылатын болады. Жоба құны 15 млн 159 мың теңгені құрайды. Бүгінгі күнге мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігерді анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Тұрмыстық қатты қалдықтар
бойынша
2023 жылы 125 қоқыс жәшігі жаңартылса, 2024 жылға қоқыс жәшіктері тұратын 10 орын ретке келтірілді. Жалпы сомасы 10 млн 590 мың теңге. Ал 2025 жылға қоқыс жәшіктері тұратын тағы 5 орынды ретке келтіру жоспарда бар.
Тазалық бағытындағы атқарылған жұмыстардың тағы бірі тұрғындардың бей-берекет қоқыс тастауының алдын алу үшін қала ішіне бүгінгі күнге дейін жалпы 23 вай-фай камералар алынып, тиісті орындарға қойылды.