Ана мен бала өмірі аса қырағылықты қажет етеді
Медицина саласы аудан өміріндегі ең маңызды сала десек, артық айтқандық болмас. Мыңдаған тұрғындардың денсаулығына қырағы қарап, халық саулығының сақшысына айналған бұл сала қызметкерлерінің қоғамда атқаратын рөлі зор. Осыған орай, үкімет өкілдері де денсаулық сақтау саласын жан-жақты қажеттілікпен қамтамасыз етуге барынша күш салып келеді. Аталмыш салада әсіресе ана мен бала өміріне жауапкершілік басты назарда. Бұған жуырда аудандық орталық аурухананың әйелдер кеңесі және перзентхана бөлімдерінің жұмысымен танысу барысында айқын көз жеткіздік.
Мысалы, әйелдер кеңесі бөлімінің жетекшісі, акушер-гинеколог Ногойбаева Бактылу Чудубайқызының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда бөлімшеде 6 акушер-гинеколог бар. Әзірге маман тапшылығы жоқ. Аудан бойынша 506 жүкті әйел тіркелген. Оның 242-сі ерекше күтімді қажет етеді. Яғни, көп тума санатына жататын, ауырсынуы бар, қан қысымы бойынша есепте тұрған, тағы сол сияқты әйелдер болып табылады.
Дәрігердің айтуынша, жүкті әйелдер бұрын жүктіліктің он екінші аптасына дейін тіркеуге тұруы қажет болса, қазіргі таңда он апталығында тіркеуге тұрып, он екінші апта толғанға дейін жан-жақты тексеріліп, денсаулығында қандай да бір ақау болса анықтап, он екінші аптада алғашқы ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жасалуы қажет. Осы кезде биохимиялық скринингтен өтеді. Алайда, бөлім мамандары көп жағдайда жүкті әйелдер жүз пайыз уақытылы тіркеуге тұрмайтындығын айтады. Яғни, өз еріктерімен күні бұрын медициналық мекемеге келіп, тіркеуге тұратындардың көрсеткіші шамамен 90 пайызды құрайды. Ал, кеш тіркелудің жүктілікті дер кезінде білмей қалуы, түрлі отбасылық жағдайлар сынды себептері де бар көрінеді.
Бөлімнің материалдық жабдықталуы жөнінде айтар болсақ, соңғы жылдары бұл бағытта оң өзгерістер орын алған. Мысалы, 2023 жылы УДЗ аппараты алынса, 2024 жылы іштегі нәрестенің жүрегін тексеріп, жүрек соғысын анықтайтын кардиотокография аппараты сатып алынған. Бұл қызмет сапасын арттыруға зор септігін тигізетіні анық.
-Көптеген аналар босанғаннан кейін тиісті деңгейде күтінбейді. Босанған әйел үш жыл, кем дегенде екі жыл өзінің және келешектегі перзентінің денсаулығы үшін жүкті болудан сақтанып, денсаулығына ұқыппен қарауы қажет. Алайда, мұны көп аналар ескермейді. Жерлестеріміздің арасында әр жыл сайын босанатын әйелдер де жоқ емес. Ол ананың да, баланың да денсаулығына кері әсер етеді. Дегенмен, бөлім қызметінде жүкті әйел өлімі кезіккен емес,-дейді Бактылу Чудубайқызы.
Тағы бір айта кететін жайт, Шу қаласын қоспағанда ауданда 18 жасқа дейінгі қыз балалар саны 10234 болса, олардың ішінде 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер саны 1474-ті құрайды. Ағымдағы жылдың ішінде жасөспірімдер арасында яғни, 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдермен 14 жүктілік тіркеліп, бір жасөспірім нәрестені дүниеге әкелді. Олардың барлығы ерте тұрмыс құрып, отбасылы болған жас аналар. Ал, осы жас аралығында аборт жасату тіркелмеген. Есесіне, жалпы әйелдер арасында 2023 жылы 99, 2024 жылы 75, 2025 жылы 50 әйел аборт жасатқан. Бұл алаңдатарлық мәселе болса керек.
Осы тұста аудандық орталық аурухананың перзентхана бөліміне де бас сұғып, бөлімнің бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар болған едік. 2009 жылдан бері бөлімнің меңгерушісі міндетін атқарып келе жатқан Тастағанова Гулмира Айтбайқызы перзентхана жұмысын баяндауды әуелі кадр мәселесінен бастады. Айтуынша, маман тапшылығы жоқ, бірақ басым бөлігі жас мамандар болғандықтан, тәжірибе аз. Ал, ана мен бала өмірі қателікті кешірмейтін, жауапты міндет. Сол себептен, қызметке барынша қырағы қарауға тырысады. Соның нәтижесі болса керек, мұнда оқыс оқиғалар тіркелмеген.
Соңғы уақытта ауданымыздың медицина саласында орын алған өзгерістің бірі – Шу қалалық ауруханасына қарасты перзентхана бөлімі жұмысының ағымдағы жылдың мамыр айынан аудандық орталық аурухананың перзентхана бөліміне қосылуы еді. Бұл жөнінен аудан тұрғындары хабардар деп білеміз. Сол себептен, бүгінгі таңда аудандық аурухананың перзентхана бөліміне жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да арта түсті.
Қазіргі уақытта мұнда екі әйелдер дәрігері және жаңа туған нәрестенің денсаулығына қарайтын екі неонатолог дәрігер бар. Сондай-ақ, аудандық емхананың әйелдер кеңесі бөліміндегі мамандар қажет кезде перзентхана бөлімі дәрігерлерімен бірлесе жұмыс жасап, тәжірибе жинақтауға күш салуда. Өйткені, емхана қызметкерлері көп жағдайда теориялық негізде жұмыс жасайтындықтан, мамандар практикалық негізде шыңдалмаған. Бұл күндері екі бөлімнің мамандары бірлесе қызмет етіп отырғандықтан, іс жүзіндегі білім-біліктілік ауадай қажет болып тұр.
Шу қалалық ауруханасының перзентхана бөлімі аудандық аурухананың аталмыш бөліміне қосылғандықтан, босанатын әйелдер саны көбейіп, бұл қызметкерлерге қандай да бір қиындық туындатып, артық жүктеме әкелді ме?-деген сұрақ туындайтыны заңдылық. Алайда, Гулмира Айтбайқызының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда мұнда босанатын әйелдерді уақытылы қабылдау үлгерімі жағынан айтарлықтай қиындық жоқ. Өйткені, әр жыл сайын аудан аумағында туу көрсеткіші төмендеп бара жатқан көрінеді.
-Шу қаласы қосылғаннан кейін де туу көрсеткіші айына 100-110 аралығын құрап отыр. Бұрын Шу қалалық перзентханасы қосылмай тұрып, бұл көрсеткіш айына 90-100 аралығында болатын. Ал, босанып жатқан әйелдердің жас ерекшелігі жөнінде айтар болсақ, соңғы уақытта жас аналардан гөрі орта жастағы аналардың саны басым. Кейде бізге 45 пен 50 жас аралығындағы яғни, егде жастағы әйелдер де түсіп жатады. Бұл бір жағынан қауіпті. Олардан біз қорқып отырамыз. Өйткені, бұл жаста бала көтеріп, дүниеге әкелу кейбіреулер үшін айтарлықтай қиындық туындатып жатады. Бұл ананың да, баланың да денсаулығы үшін маңызды. Сол себептен, осы жастағы аналарға әуелі денсаулығын тексертіп, ойлы қадам жасаған жөн екендігін баса айтқым келеді және бұл тұста әр ауылдағы учаскелік дәрігерлер де өз қарамағындағы аналармен жиі жолығып, скринингтен өтуге уақытылы шақырып, жан-жақты кеңес беріп, тиісті деңгейде жұмыс жүргізе білуі қажет.
Соңғы кездері Шу қалалық емханасында тіркеуде тұрған жүкті әйелдердің денсаулығында қандай да бір кінәрат туындай қалса, ондағы дәрігерлер пациентті бірден аудандық орталық ауруханаға немесе Тараз қаласына жөнелтеді. Сондықтан, аудандық аурухананың перзентхана бөлімі Шу қаласында тіркеуде тұрған жүкті әйелдерді тек босанатын кезде ғана қабылдайды деп айту қате түсінік. Шын мәнінде, сырқаттанған жүкті әйелді тиісті бағыттар бойынша арнайы дәрігерлерге бағыттау қалалық емхана қызметкерлерінің міндеті болса да, бүгінгі таңда оны да көп жағдайда біз жүзеге асырып келеміз. Жалпы, біздің қызметімізге жүкті әйелді босандыру қызметі ғана қосылғандықтан, алдағы уақытта осы мәселені жоғары жақта көтеріп, бір шешімге келу жөнінде ұйғарым жасап отырмыз,-дейді Гулмира Айтбайқызы.
Аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінде шулық жүкті аналармен жұмыс биыл ғана қолға алынып отырған жоқ. Бұған дейін де мұндағы перзентхана қызметкерлері Шу қаласының тіркеуінде тұрған қиын жағдайда босанатын әйелдерді қабылдап, лайықты қызмет көрсетіп келген.
Жауапкершілік жүгі артқан соң, мекемеде соған сай жағдай жасалуы заңдылық. Бұл тұрғыдан аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімі таршылық көріп отырған жоқ. Бөлім меңгерушісі барлық қажетті аппарат қолда бар екендігін айтуда. Алайда, бұрын дәрігерлер тек күндіз ғана жұмыс жасап келсе, Шу қалалық ауруханасының перзентханасы жабылып, оның жұмысы аудандық аурухананың перзентхана бөліміне қосылған уақыттан бері дәрігерлер кезекшілікпен қызмет етуде. Яғни, екі ауысымда жұмыс жасап, түнгі мезгілде толықтай бөлім қызметінің басы-қасында болады.
Байқағанымыздай, әйелдер кеңесі бөлімінің де, перзентхана бөлімінің де жұмысы жеңіл емес. Мұнда зор жауапкершілік, қырағылық пен төзімділік қызметкерлердің айнымас серігі болуы қажет. Сөз соңында осы талаптан тартынбай, өз міндеттерін барынша лайықты жүзеге асыруға талпынып жүрген ақ халатты жандардың әрдайым абырой биігінен көрінуіне септігімізді тигізейік дегіміз келеді.
Динара Батырхаирова.