Ардагерлер өнер әлемінде
Өткен бейсенбіде аудандық Мәдениет үйінде «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шу аудандық филиалы аудан әкімдігіне қарасты ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік-мемлекеттік тапсырысы аясында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай, «Ардагерлер әуені – 2025» атты ардагерлер арасында ән байқауын өткізді. Байқауға ауданның 10 ауылдық округінен үміткерлер қатысып, өзара бақ сынады.
Нақты айтқанда, кезінде халық шаруашылығының түрлі салаларында еңбек етіп, бүгінде зейнет жасында жүрсе де, қоғамдық ортадан шет қалмай, өнерлерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген бір топ ардагер сахна төрінде әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй төкті. Алды сексеннің сеңгіріне шыққан аға буын өкілдері бір сәт жастық шақтарымен қайта қауышқандай, көтеріңкі көңіл-күй кешіп, бір жасап қалғандай әсерде болды.
«Ардагерлер әуені» байқауы ардагерлердің өмір жолын құрметтеу, олардың Отан алдындағы ерліктерін ұлықтау және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылды. Бұл байқау ардагерлердің шығармашылық нөмірлері арқылы олардың ерлік істерін көпшілікке насихаттауға бағытталды.
Сынға толы сайыс нәтижесінде бас жүлдені Жаңа жол ауылынан Ұ.Байдосова, I-орынды Белбасар ауылынан К.Арғынбеков, II-орынды Қонаев ауылынан Д.Қуандықова, III-орынды Көктөбе ауылынан Ж.Талдыбаева иеленді.
Патриоттық рухты арттыруға бағытталған мәдени байқау соңында қатысушылар мен көрермендер тарапынан жылы лебіздер айтылып, өнер көрсеткендер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
М.Балықбаев,
Шу аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі.