Ақпараттық портал

Елдің атын ер шығарады

Мен туып-өсіп, алғашқы еңбек жолымды бастаған Шу ауданында қазақ даласында тынысы жойылуға айналған қазақтың құсбегілік өнеріне арналған “Қауырсын” құсбегілер клубын алғаш рет құрып, арнайы “Тас-Түлек” фильмін түсіріп, ол КСРО елдеріне танылып, Америка, Венгрия, Болгария сияқты елдерге шақырылып, Гиннестің рекордтар кітабына жазылған еді. Осылайша, Шу ауданының, облыстың, Қазақстанның атын әлемге танытып жүргенімізде, сол кездегі Шу ауданының бірінші хатшысы Н.Торғаев, екінші хатшысы Ж.Майханов осынау істің басында жүрген мені арнайы шақырып, ол кездегі қымбат “Москвичь” автокөлігін кезексіз алуға рұқсат беріп тұрып: «Елін танытқан еңбек адамы ешқашан ескерусіз қалмайды»,-деп зор қуанышпен қабылдап өзімді де, өзгені де ерекше қуантқан еді…
Қырық жыл өткеннен кейінгі бұл әңгімені қайта еске салып отырғаным, сол қасиетті Шу өңіріндегі өнегелі істер әрқашан жалғасын тауып, жаңарып отырғандығына қалың ел, өзіміз де қуаныштымыз. Соның бір дәлелі – жақында ғана ауданға қарасты Балуан Шолақ ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Ескелді Текебаевтың Астана қаласында өткен жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Алғыс хат алуы. Бұған себеп көп жылдар бойы Балуан Шолақ ауылында қылмыстық істердің орын алмағандығы және бұл іске ақсақалдар алқасының зор үлес қосуы болатын. Мұндай тәрбиелі жұмыстың көрініс беруі аудан әкімдігі, аудандық қоғамдық кеңес, аудандық ардагерлер ұйымы, ауылдық ақсақалдар алқасының бірлесіп атқарған үлкен еңбектерінің шынайы жеңісі болса керек. Бұл ауыл халқының саналы да сауатты қадамы, бүкіл ел халқына өнеге болатын игі іс екені хақ.
Әр өңір, әр ауыл үлгі алуы тиіс осындай іске шынайы қуана отырып, Шу өңірінің халқын өнегелі тәрбие жолындағы жеңістерімен құттықтаймын. «Елдің атын ер шығарады» деген осы емес пе?! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Жапар САТЫЛҒАНОВ,
республикалық “Жігер” фестивалінің лауреаты,
Жамбыл облысының Құрметті ардагері,
Жамбыл облысында журналистика бойынша алғашқы «Алтын медаль» иегері,
“Ұлы шаңырақ” газетінің бас редакторы.
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.