Қазақ елінің дәстүрлі құқығы
Тарихпен қатар өріліп жатқан дәстүрлі құқықтың аясы кең. Оның ел билеудегі мемлекет пен қоғам үшін атқарар қызметі, көтерер жүгі әрқашан жеңіл болмаған. Жер шарындағы барлық мемлекеттің мыңдаған жылдарға созылып жатқан тарихнамасына көз жүгіртсек, сол мемлекеттердің қауым болып қалыптасуына, ұлт болып ұйысуына ең алғаш осы дәстүрлі құқықтың белгілері әсер еткен.
Қазіргі кезде қолданып жүрген заң ережелерінің түпкі негізі сол дәстүрлі құқықтан басталады. Қазақтың өз ісіне мығым, әділ билері жеке басқа қатысты қылмыстарды саралағанда елге атағы жайылған бай-шонжарлардың ықпалынан ыға қоймаған. Қазақ даласында би болу оңайға түспеген. Оған күрделі талаптар қойылды. Тек Құдайдың сүйген құлдары ғана би бола алады. Бірақ би болам деген адамда өзіндік өнерінің жас кезінен бастап-ақ байқалуы қажет. Олардың менмендігін басып, жақын туыстарына бұра тартуды әдетіне сіңірмеген, турашыл, әділдікті аттамағандары да ел ішінде көп болған. Сондай турашыл билік айтқандардың бірі-ұлы ақын Абай Құнанбайұлы. Ел аузында Абай айтқан мынадай әділ билік сақталған екен:
Семей өңіріне аты жайылған, қанды қол ұры Қарасақау деген кісінің ауылына кештетіп, күннің суығында бір топ жолаушы атбасын тірепті. Олардың ішінде Құнанбай қажының ұлы Ысқақ та бар еді. Үй иесі ерекше қуанып, меймандарын күтіп алады. Ысқақ оған осындай ұрының үйіне тоқтағанына өкінетінін айтып, «сен бізге ұрлық етін беріп, ауыртасың ғой»-депті. Сонда Қарасақау былай жауап беріпті: «Мырза, сіздерге адал мал тауып, асымды беремін, ешнәрсеге алаңдамай дем ала беріңіз, аттардың бабын өзіміз табамыз»-деп, мырзаның атқосшыларын тыныштандырып қойып, Ысқақ мініп келген семіз қара жорғаны сойдырып, қонақтарына ас береді. Ертеңгісін атқосшының бірі мырзасына «Қара қасқа көрінбейді, бірақ ертоқымы Қарасақаудың ақтабан атының үстінде тұр»-депті.
Орнынан атып тұрған Ысқақ Қарасақауға «менің атым қайда» дегенде Қарасақау былай жауап береді: «Тақсыр, сіз нар түйенің ақ ботасысыз ғой, басқа мал деп сескеніп, ұшығып қалама деп Құнекемнің адал малын өзіңізге қонақасы ретінде беріп едім. Орнына өзімнің жүйрік атымды қойдым».
Бұл іске ыза болған Ысқақ ағасы Абай билік етіп жатқан билер жиынына бір-ақ барады. Бүкіл жайды баяндап берген соң, ел жуандары Қарасақауды итжеккенге айдатуды талап етеді. Бірақ Абай олардың біріне де құлақ аспай: «Бұл оқиғаға Ысқақ өзі айыпты, ол Қарасақаудың арына тиіп, залымсың, ұрысың деп балағаттаған. Қарасақаудың менің ағамнан несі кем? Кем болса, несібесі кем шығар. Әйтпесе терезесі тең ағайын емес пе еді. Сондықтан билік, мынау қара жорға аттың құны екі бесті атқа кесілсін. Оның бірі үшін Қарасақау мініп келген торы бесті берілсін. Ысқақтың жасы үлкен адамды жазықсыз қиянаттағаны үшін оған ат-шапан айып кесілсін, аты үшін жаңағы бестің бірі, шапаны үшін он сом ақша берсін. Ақтабан ат иесіне қайтарылсын»,-деп әділ билік айтқан екен.
Бұл шын әділдіктің не екенін көрген Қарасақаудың өміріне үлкен өзгеріс алып келді. Қалған өмірін ұрлықпен былғамай, адал еңбектің терімен өтепті. Бұл келтірілген кесімінен байқағанымыз, қашан да биліктен мықтылар да құтылып кетпегенін көреміз. Абайдың билер соты ісіндегі кемеңгерлігіне және өзіне туыстығы бар екі жақтың біріне де бұра тартпай, тек қана заңға жүгінгендігі кімді де болса қайран қалдырары сөзсіз.
Л.Маметаева,
Шу аудандық музейінің кіші ғылыми қызметкері.