Тарих тұнған тағылым ордасы
Қазақ халқының сан ғасырлық бай тарихы мен мәдениетін ұрпаққа аманаттау – бүгінгі күннің ең өзекті міндеттерінің бірі. Бұл жолда музейлердің атқаратын рөлі зор. Себебі музей – тек өткеннің көзі емес, рухани-мәдени тәрбиенің, ұлттық сананың, тарихи жадтың ұйытқысы. Осындай мекемелердің бірі – Шу аудандық тарихи-өлкетану музейі.
Шу аудандық тарихи-өлкетану музейі – Шу өңірінің өткені мен бүгінін жалғап тұрған киелі орда. Музей 1986 жылы қоғамдық негізде құрылып, халықтың тарихи-мәдени мұрасын жинақтап, сақтап, насихаттау мақсатында жұмысын бастады. Қазіргі таңда бұл мекеме Шу ауданының тарихын, табиғатын, этнографиясын, тұлғаларын танытатын орталыққа айналып отыр. Жылдар бойы жиналған мыңнан астам жәдігер музей қорында сақтаулы.
Музей құрылымы бірнеше негізгі залдан тұрады. Әрбір зал белгілі бір кезең мен тақырыпқа арналған.
Археология және ортағасыр залы ерте дәуірдегі қыш бұйымдар, тас құралдар, көне жәдігерлер арқылы Шу өңірінің көне тарихынан сыр шертеді.
Этнография залы қазақ халқының тұрмыстық заттары, киім-кешектері, музыкалық аспаптары мен ұлттық қолөнер бұйымдары арқылы халқымыздың мәдениетін танытады.
Тарихи кезең залы Ұлы Отан соғысы және Кеңес дәуірінде ауданнан шыққан батырлар, ардагерлер, сол заманның құжаттары мен естеліктері арқылы тарихты нақты деректермен көрсетеді.
«Шу өңірі» залында өңірден шыққан тарихи тұлғалар – батырлар, билер, ақын–жазушылар жайлы көрнекті ақпараттар бар. Бұл зал туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, өлке тарихын мақтаныш етуге үндейді.
Табиғат залы. Бұл залда Шу өңірінің жануарлар дүниесі, өсімдіктер әлемі туралы мәліметтер ұсынылған. Мұнда келушілер құстардың, аңдардың тұлыбын, өсімдіктердің кеппе шөп үлгілерін тамашалай алады.
Жәдігер – халық жадындағы аманат. Музейде сақталған әрбір бұйым – тарихпен тілдесудің, өткенге тағзым етудің бір мүмкіндігі. Мысалы, тұрмыстық самаурын, шөңке, күбі, келі-келсап, ыдыс-аяқ, барлығы кешегі күннің тіршілік тынысын жеткізеді. Сондай-ақ белгілі тұлғалар пайдаланған жеке заттардан, мысалы күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың пианиносы көрерменге ерекше әсер қалдырады.
Музей қызметкерлері жыл сайын аудан аумағындағы ауылдарды аралап, халық арасындағы көне бұйымдарды жинақтауға, ақпараттық-танымдық кездесулер өткізуге атсалысады. Жинақталған жәдігерлер ғылыми сипаттама арқылы құжатталып, музей қорына тіркеледі.
Музей – тек тарихты көрсету ғана емес, тәрбие мен танымның қайнар көзі. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында өтетін экскурсиялар мен іс-шаралар олардың ұлттық рухын көтеріп, тарихқа деген қызығушылығын арттырады. Мысалы, жаз мезгілінде ұйымдастырылатын «Менің музейдегі бір күнім», «Өлке тарихы – ұрпаққа аманат», «Жәдігер сөйлейді» секілді жобалар музей жұмысын жандандырып, келушілер қатарын арттыруға үлкен үлес қосуда. Экскурсия барысында балалар ерте заман бұйымдарын көзбен көріп, қолмен ұстап, сұрақтар қойып, тарихпен байланыс орнатады.
Музей ұжымы тек жәдігерлерді таныстырумен ғана шектелмей, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Әрбір жәдігердің шыққан тегі, жасалу материалы, қолданылу мерзімі мен аймағы арнайы зерттеліп, құжатталады. Мұның барлығы келешекте музей қорын жүйелеуге, ғылыми каталогтар шығаруға негіз болады.
Шу аудандық тарихи-өлкетану музейі – өткен мен бүгінді жалғап тұрған киелі орын. Бұл мекеме тек ауданның емес, күллі қазақ халқының рухани мұрасын сақтап отырған қазына. Елдің шынайы тарихы осы музей қабырғасындағы жәдігерлер арқылы сөйлейді. Сондықтан музейге келу – тек аралау емес, ұлттық жадыңмен жүздесу.
«Өткенін білмеген ел болашағын болжай алмайды» деген сөздің мәні музей ішінде жүргенде терең сезіледі. Осындай мекемелерге қолдау көрсету, оны дамыту – ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік.
Аида Берденова,
аудандық музей
меңгерушісі.