Қазақстан – Туркия: Баға жетпес мұрамыз – достық пен бауырластық
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына ресми сапармен барды. Мемлекет басшысының Түркия Республикасына ресми сапары осы елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесінен басталды. Қазақстан Президенті Анытқабір кесенесіне жерленген ұлы қайраткердің рухына тағзым етіп, құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның достығы нығая беретініне сенім білдіріп, бауырластық түрік халқының өсіп-өркендеуіне тілектестігін жеткізді. Гүл шоғын қою рәсіміне Қазақстанның ресми делегациясының мүшелері де қатысты.
Мәртебелі мейман Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі Анкарадағы Президент сарайында өтті.
Қазақстан Президентінің сапарына орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Сарайға келген сәтінде Мемлекет басшысының кортежін салт атты гвардия бастап жүрді. Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайип Ердоған қарсы алды.
Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары шырқалып, зеңбіректен 21 рет оқ атылды. Екі елдің басшылары Құрмет қарауылының алдынан жүріп өтіп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Одан соң мемлекеттер басшылары келіссөз жүргізді. Келіссөз аясында президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту перспективасын жан-жақты талқылады.
Сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Түркия Президентіне алғыс айтты.
Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға дайын екенін растады.
«Екінші Отаныңызға
қош келдіңіз!»
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысын өткізді. Жиын барысында Мемлекет басшысы Түркияның ежелден бауырлас, тамырлас және түбі бір туысқан ел екенін атап өтіп, ортақ тарихи және рухани құндылықтарға негізделген қазақ-түрік ынтымақтастығы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында тұрақты дамып келе жатқанына назар аударды.
– Біз осы сара жолды жалғастырып, өзара байланысты бүгінгіден де биік белеске көтеруге мүдделіміз. Құрметті Президент мырза, Өзіңізбен жаңа ғана шағын құрамда өткізген келіссөздерді жоғары бағалаймын. Біз ықпалдастығымызды кеңейтуге ниетіміз бар екенін тағы да бекемдей түстік. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Екі елдің арасында ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Атап айтқанда, алпыстан астам екіжақты шарттар мен келісімдер бар. Бүгін де бірқатар екіжақты келісімге қол қойылады, – деді Мемлекет басшысы.
Кеңесте өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Былтыр өзара сауда айналымы 5 миллиард доллар болған. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге дайын. Оның көлемі 1 миллиард долларға жуықтайды. Түркиядан келетін тауар түрлерін де арттыра түсу маңызды.
Тараптар тауар айналымын ұлғайту жолында көлік-логистика саласының маңызы айрықша екенін атап өтті. Бұл ретте Қазақстан Президенті Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға баса мән беріліп отырғанын жеткізіп, заманауи теміржол, құрлықтағы порттар мен жүк терминалдарын салуға және кеме өндірісіне түрік инвестициясын тартуға мүдделі екенімізді мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қолға алынған реформалар шетелдік кәсіпкерлерге мол мүмкіндік береді. Еліміз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайын.
Бұдан бөлек, Кеңес отырысында екі ел делегациялары энергетика саласындағы ықпалдастық мәселесіне тоқталды. Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттыру мәселесін талқылады.
Мемлекет басшысы түрік компанияларын энергия тапшылығын жоюға бағытталған жобаларға қатысуға шақырды. Әсіресе «ҚазМұнайГаз» бен Turkiye Petroleum арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелі болатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексінде шикізатты терең өңдеуге ынталандыратын роялти тәртібі, яғни айрықша мүмкіндіктер қарастырылғанын жеткізді. Түрік инвесторларына бірлескен қор құру арқылы тау-кен саласы мен табиғи ресурстарды игеруге қатысты тың жобаларды жүзеге асыру ұсынылады.
Екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығының болашағы зор. Қазақстанда өндірілетін дәнді-дақылдың төрттен бірі, мақтаның үштен бір бөлігі, дән желімшесінің (клейковина) 26 пайызы Түркияға экспортталады. Жалпы, елімізде түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығында құны 1,3 миллиард доллар болатын 23 инвестициялық жоба қолға алынған. Олардың 18-і іске қосылып, өнімдері халықаралық нарыққа шығарылуда.
Сонымен қатар тараптар қорғаныс өнеркәсібі, ақпараттық технология, жасанды интеллект, қаржы, азаматтық авиация, мәдениет, білім, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективасы жөнінде егжей-тегжей пікір алмасты. Соның ішінде, екі елдің білім бағытындағы қатынастарының тамыры тереңде жатыр. Алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларында «Маариф» қорының екі мектебі, сондай-ақ Түркияның үздік оқу орындарының филиалдары ашылмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркияның жер сілкінісі болған Газиантеп провинциясында былтыр желтоқсанда жаңа мектеп құрылысы басталды. Білім беру ошағы келесі жылы пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, туризм саласындағы оң үрдісті қолдау, сондай-ақ сан қырлы екіжақты байланыстарды ілгерілету үшін Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат беру туралы шешім қабылданды.
Қазақстан делегациясына ілтипат білдірген Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Екінші отаныңызға қош келдіңіз!» деп ерекше құрмет көрсетті. Сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, кемеңгер Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 180 жыл толуымен құттықтады.
– Біз Қазақстанмен арадағы ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. Бүгінде екі ел арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Осы оң серпінді сауда-саттық, қорғаныс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдениет салаларында одан әрі тереңдетуді мақсат етіп отырмыз. Қазақстан – атамекеніміздегі ең ірі сауда серіктесіміз. Сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізу үшін жұмысымызды жалғастырамыз, – деді Түркия Президенті.
Кеңес отырысында Қазақстан тарапынан Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Түркия тарапынан Сыртқы істер министрі Хакан Фидан баяндама жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде, Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы бірлескен декларациясын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының шешімін қабылданды.
Мемлекет басшысының Анкараға ресми сапарының аясында 18 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.
Инвестициялық байланысты арттыру – басты бағытымыз
Өзара келіссөздер мен Жоғары деңгейдегі стратегиялық экономикалық кеңестің 5-ші отырысынан кейін Қазақстан мен Түркия президенттері баспасөз мәлімдемесін жасады.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, Түркияға ресми сапармен келуге шақырып, қазақ делегациясына қонақжайлық көрсеткені үшін бауырлас түрік халқына және Президент Режеп Тайип Ердоғанға шынайы ризашылығын білдірді.
– Қос халықтың игілігі үшін түбі бір түрік еліне жасаған әр сапардың мән-маңызы ерекше. Президент Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен Түркия өзінің алтын ғасырлық белесін тарихи жетістіктермен қарсы алып жатыр. Еліңіз жаңа дәуірге нық қадам басты. Құрметті Президенттің халықаралық сахнадағы салиқалы саясатының арқасында Түркия әлемдегі беделді әрі ықпалды, шынайы құрметке ие мемлекетке айналды. Мұның түп негізінде түрік халқының бірлігі, даналығы және қайсарлығы жатыр. Осындай биік белестерді бағындыру – Президент Режеп Тайип Ердоған мырзаның қажырлы еңбегінің жемісі деп күмәнсіз айтуға болады. Қазақ азаматтары Президент Режеп Тайип Ердоғанды және бүкіл Түркия елін шын жүректен құрметтейді. Қазақстан Түркияның толайым табысына әрдайым қуанады. Болашағының жарқын болуын тілейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазір екі елдің қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке ұласқанына назар аударып, бүгінгі нәтижелі келіссөздер қос халық арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
– Біз бүгін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысын өткіздік. Өзара ықпалдастыққа тың серпін беретін басым бағыттарды қарастырдық. Түрлі саладағы байланысты жандандыратын маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойдық. Түркия – сауда-экономика және инвестиция саласындағы басты стратегиялық серіктесіміздің бірі. Осы орайда өзара тауар айналымын ұлғайту мәселесіне баса назар аудардық. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 5 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта сауда айналымын айтарлықтай арттырамыз. Бұған әлеуетіміз жетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Олармен бірлесіп, құны 6 миллиард доллар болатын бірқатар жоба жүзеге асырылған. Бұл жобалар энергетика, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, медицина, туризм секілді маңызды салаларды қамтиды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясының көлемі 2,5 миллиард доллардан асты.
– Біз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайынбыз. Сондықтан Түркия компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі жобаларға атсалысуға шақырамын. Көлік-логистика саласындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік мол. Біз елдеріміздің стратегиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқанын барынша тиімді пайдалануымыз керек. Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, яғни, «Орта дәлізді» дамытудың мән-маңызы зор. Бұл – екі елдің мүддесіне сай келетін бастама. Қазақстан теміржолды жаңғырту, автокөлік жолдарын салу, сондай-ақ Каспий теңізінде кеме қатынасын жандандыру үшін инфрақұрылымды жетілдіру жұмысын қолға алды. Түрік инвесторларын осы жобаларға белсене қатысуға шақырамыз. Үкіметіміз Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер ұсынуға әзір, – деді Президент.
Келіссөз барысында тараптар энергетика саласының маңызына да арнайы тоқталды.
– Қазір Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы жылына 1,4 миллион тонна қазақ мұнайы Түркияға тасымалданады. Біз оның көлемін арттыру мәселесін талқыладық. «Turkiye Petroleum» компаниясының Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниеті бар. Біз мұны құптаймыз. Энергия көздерін әртараптандыру, жаңа электр станцияларын салу және басқа жобаларды жүзеге асыру үшін түрік компанияларының тәжірибесіне сүйеніп, инвестициялық мүмкіндіктерін пайдалануға мүдделіміз. Ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ауыл шаруашылығын тағы бір маңызды сала ретінде атады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Түркияның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселесі жан-жақты талқыланғанын жеткізді. Қазақстан ауыл шаруашылығын цифрландыру, өнімділікті арттыру және өңдеу өнеркәсібін өркендету ісінде Түркияның жоғары технологиясын пайдалануға қызығушылық танытады.
Мемлекет басшысы Түркияның қорғаныс және әскери-техникалық бағыттағы зор жетістіктеріне назар аударып, Режеп Тайип Ердоғанды жақында IDEF 2025 халықаралық қорғаныс-өнеркәсіп көрмесінің сәтті өтуімен құттықтады.
Бұдан бөлек, келіссөздер барысында IT-технологияларды бірге дамыту мәселесіне айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы еліміздің аталған саладағы жетістіктеріне тоқталып, Қазақстан мен Түркияның IT саласындағы стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі. Соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше.
– Қазіргі таңда біздің 12 мыңнан астам студентіміз Түркияда, ал 300 түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Осыған қолдау көрсеткені үшін Түркия Президенті мен Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Ұзақ жылдан бері Түркістан төрінде Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жанынан Түркияның озық білім ошақтарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылмақ. Бұдан бөлек, «Маариф» қорының екі мектебін ашу жұмысын қолға алдық. Бұл – шын мәнінде, айтулы оқиға. Былтыр қол қойылған келісімге сәйкес, Астана медицина университетінің негізінде Медипол Ыстанбұл жоғары оқу орнының филиалын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Еліміздің медицина қызметкерлерін Түркияның жетекші клиникаларында оқыту және біліктілігін арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз осы игі бастамаларды жалғастырып, білім беру, туризм, медицина саласындағы байланысты одан әрі күшейтуге мүдделіміз. Осы тұста сан қырлы байланыстарды тереңдету мақсатында Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз болу рұқсатын беру туралы шешім қабылданды. Саяхаттаушылар мен кәсіпкерлер үшін бұл қадамның мән-маңызы ерекше деп санаймын. Осындай игі бастамалар достығымызды бекемдеп, өзара сенімді арттырып, жаңа жетістіктерге жол ашады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар екі ел президенттері әлемдегі өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасты. Қазіргі күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығуына алаңдаушылық білдіретіндерін жеткізді. Қазақстан мен Түркия президенттері барлық жанжал мен қақтығыс дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешілуі қажет деп есептейді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның Ресей мен Украина арасындағы жанжалды реттеу ісіндегі айрықша рөлін атап өтті.
Ел Президентіне Туркия Республикасының ең жоғары марапаты табысталды
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Devlet Nişanı» орденін алу зор мәртебе екенін атап өтіп, Президент Режеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына шынайы алғысын жеткізді.
– Мен отандық немесе шетелдік орден және басқа да марапаттарды қабылдаудан бас тарттым. Алайда бүгінгі Сіздің шешіміңіздің мән-маңызы ерекше деуге болады. Бұл – қазақ-түрік ынтымақтастығы жылнамасындағы мағынасы терең тарихи оқиға. Сіз осы шешіміңізбен бабаларымыздың аманатына берік екеніңізді тағы бір мәрте көрсеттіңіз. Бізге асыл мирас болып қалған баға жетпес мұрамыз – достық пен бауырластық байланыстарды бекемдей түстіңіз. Бұл жоғары марапатты түрік елінің барша қазақ халқына көрсеткен ерекше құрметі деп санаймын. Осы игі бастама – тамыры бір, діні мен ділі ортақ халықтарымыз арасындағы мызғымас достықтың айқын белгісі, қастерлі құндылықтарымызды дәріптейтін маңызды қадам. Сондай-ақ бұл – қазақ-түрік стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылыстың айғағы, – деді Мемлекет басшысы.
Президент әріптесі Режеп Тайип Ердоғанды әлемдік деңгейдегі көреген, ықпалды, аса көрнекті саясаткер, өңірлік және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосып отырған тарихи тұлға деп атады.
– Парасатты саясатыңыз бен ел мүддесін ілгерілету жолындағы табанды әрі қажырлы еңбегіңіздің арқасында осындай абырой биігіне шықтыңыз. Түркияның бүкіл дүниежүзіндегі беделі ешкімнің күмәнін тудырмайды. Сіздің басшылығыңызбен Түркияның қол жеткізген табыстары әлемнің әрбір түкпірінде мойындалатын болды. Түркияның әлем мойындаған жетістіктері, қарқынды дамуы, халықаралық қауымдастықтағы биік беделі мен зор ықпалы Сіздің атыңызбен тікелей байланысты. Бүгінде еліңіз экономикалық дамуы бойынша әлемнің жетекші 20 мемлекетінің қатарында. Сарапшылардың болжамы бойынша Түркияның болашағы – жарқын, ал дүниежүзіндегі ықпалы арта бермек. Сіздің көшбасшылығыңызбен тұғыры биік Түркия өзінің жаңа алтын дәуірінде биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенемін. Біз Түркияның Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекет болғанын еш уақытта ұмытпаймыз. Бұл егемен Қазақ елінің жылнамасында сақталатын өшпес тарихи дерек, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның қазақ-түрік қарым-қатынастарын нығайтуға қосқан сүбелі үлесіне жоғары баға берді.
– Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық қарқынды түрде дамуда. Сауда-экономикалық саладағы жетістіктеріміз мол. Қазір Қазақстанда 4 мыңға жуық түрік компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз жылдан-жылға нығая түсуде. Қазіргі таңда 12 мыңнан астам қазақстандық студент Түркияда білім алуда. Былтыр еліңізге 800 мыңға жуық Қазақстан азаматы сапарлап келді, ал биыл бұл көрсеткіш 1 миллионнан асуы мүмкін. Халықаралық сахнадағы ықпалдастығымыз – белсенді. Біздің елдеріміздің жаһандық тұрақты даму және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ұстанымдары – ортақ. Әсіресе, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы тиімді іс-қимылдарымызды атап өткім келеді. Сонымен бірге екіжақты ынтымақтастықты еселеп, оны жаңа сапалы деңгейге көтеруге толық мүмкіндік бар. Бүгінгі келіссөз қорытындылары – соның айқын дәлелі, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда Қазақстан өзінің мойындалған мәртебесін нығайту үшін теңгерімді саясат жүргізіп, ауқымды әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді.
– Оның нәтижесі де жақсы деуге болады, экономикалық өсім – тұрақты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 5,1 пайызға өссе, биылғы жартыжылдықта экономикамыз 6,2 пайызға ұлғайды. Биыл жалпы ішкі өнімді 300 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл – Орта Азиядағы ең үлкен көрсеткіш. Алға қойған мақсат-міндеттерге жету үшін Қазақстан келесі 4 бағытқа басымдық беруде. Олар: цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту; көлік және транзиттік әлеуетті нығайту; ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту; энергетика және өнеркәсіп саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу. Осы міндеттерді табысты жүзеге асыру ісінде Түркиямен ықпалдастыққа ерекше мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстандағы ішкі ахуал тұрақты. Елімізде заң мен тәртіп тұжырымдамасына негізделген саясат белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
– Саяси реформаларды табысты жүзеге асырудамыз. Біздің мемлекетіміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын ұстанады. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қарқынды іске асырылып жатыр. Бұл науқанның мән-маңызы терең. Тазалық дегеніміз, бұл – әрбір азаматтың болмысын өзгерту, санасын жаңғырту деген сөз. Еліміз – жасыл, халқымыз – адал, ниеті – таза болуы керек деп халқымызға түсіндіріп айтып жатырмыз. Ішкі саясатымыздың түпкі мақсаты – Әділетті Қазақстанды құру, «Халық үніне құлақ асатын» мемлекетті қалыптастыру. Қазақстанның сыртқы саясаты – сарабдал, көпбағытты және теңгерімді. Көрші елдермен қарым-қатынастарымызды достық, өзара түсіністік рухында дамытып жатырмыз. Дипломатиямызда Түркияның орны өте маңызды, ерекше деп айтуға болады. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауды қолдаймыз, осы мәселе бойынша Түркиямен мақсат-мүдделеріміз ортақ деп санаймыз. Осы тұста мен Түркияның Ресей мен Украина арасындағы жанжалды реттеу ісіндегі дәнекерлік рөлін ерекше атап өткім келеді. Біз, құрметті Президент мырза, Сіздің арқаңызда болып жатқан үрдісті жоғары бағалаймыз және игі қадамдарыңызды қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
– Қымбатты бауырым Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы басшылығымен Қазақстан өз аймағындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың мекеніне айналды. Қазақстанның жетістіктерін біз әрқашан мақтан тұтамыз. Сондай-ақ Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымын институттандыруға қосқан үлесін жоғары бағалаймын. Түркия мен түрік халқының досы екеніңізді бірнеше мәрте көрсеттіңіз. Осы орайда мен Сізге Түркия Республикасының ең жоғары марапатын табыстауды үлкен мәртебе деп санаймын. Біздің мемлекеттік орденімізді елдеріміз арасындағы мызғымас достықтың символы ретінде қабылдайсыз деп сенемін, – деді Түркия Президенті.
Салтанатты жиынға 80-ге жуық дипломатиялық корпус өкілдері, Түркияның қоғам қайраткерлері, танымал тұлғалары мен бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.
Аkorda kz