Ақпараттық портал

«Ауыл аманаты» – әлеумет әлеуеті

Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Ертеңі үшін еңбектеніп жүрген жандардың жайлы мекені. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, халықтың 40 пайызы ауылдық жерлерде тіршілік етеді. Сондықтан агроөнеркәсіп кешені бүкіл елдің, әсіресе, ауылдағы ағайынның тұрмысын тіктеуге тікелей әсер етеді. Мұны жете түсінген Президент ауылды өркендету ісіне айрықша мән беріп отыр. Тіпті, сайлау алдындағы тұғырнамада асыраушы салаға ерекше назар аударылған. мәртебелі міндетке кіріскеннен кейін де алғашқы Жарлығы ауылды дамытуға бағытталғанын айта кеткен жөн.

Қ.Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында көптеген маңызды мәселелер мен олардың түйіндерін тарқатып берген болатын.
-Қазақстан ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуы тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты,-деді Президент аталмыш форумда.
Сонымен қатар Президент тапсырмасымен ілгеріде ел Үкіметі бес жылды қамтитын тұжырымдама қабылданған болатын. Солардың қатарында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы әзірленіп, жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанына ел куә. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер көзге көрініп тұр. Алысқа бармай-ақ, Шу ауданының өзінде қолға алынған тірлік көп. Жолдар жөнделіп, қажетті нысандар бой көтеруде.
Мемлекеттің маңызды деген міндеттерінің бірі – ауыл жұртшылығының әл-ауқатын арттыру. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастағанына біраз жылдың жүзі болды. Соның нәтижесінде ел көлемінде ауылдарда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған еді. Ауылды көркейту – тұтас мемлекет көздеген стратегиялық маңызы бар шаруа.
– Облыстың асыраушы саласында ойып тұрып орын алатын ауданымызда бұл міндеттер мейлінше жүзеге асып келеді. Бұл жайында аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құттыбеков бізге бірқатар мәлімет беріп отыр. Оның айтуынша, биылдан бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасының бесінші бағыты – кәсіпкерлікті дамыту үшін несиелендіру жұмыстары жүргізілуде.
-Бүгінгі таңда аудан бойынша 436,1 млн теңгеге 58 жобаның құжаттары «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылған. Оның ішінде құны 312,7 млн теңге болатын 43 жоба несиелендіріліп, іске қосылған. Жерлестеріміз несиеге алған қаржыға негізінен жылыжай, құмблогы өндірісі, дәнекерлеу цехы, кондитерлік цех, көлік жуу орталығы, тігін цехы, шаштараз ашуға жұмсап отыр. Бұл өз кезегінде шулықтардың жағдайын жақсартып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Қоныспайұлы.
Тағы бір айта кетерлігі, несие тек құрал-жабдықтар сатып алуға беріледі. Оған қол жеткізу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет. 2500 АЕК немесе 9,8 миллион теңгеге жуық қаржы жеке кәсіпкерлерге қарастырылса, кооперативтерге 8000 АЕК сомасы беріледі. Бұл 31 млн теңгеден асатын ақша. 5 жылға дейін берілетін қаражаттың үстінен 2,5 пайыз қайтару керек. Қол жеткізген жанға бір жылдық жеңілдік берілетінін атап өткен жөн.
Бөлім басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп бастағысы келген тұрғын ауылдық жерде немесе шағын қалада кемі 12 ай тұрақты тіркелуі қажет дейді. Сонымен қатар қарыз алушының басқа банктердегі мерзімі өтіп кеткен берешектері болмауы шарт. Кәмелетке толғаннан бастап зейнетке шыққанға дейін берілетін несиені алушы мүлікті кепілге қояды. Себебі, сома аз емес. Одан бөлек, сауда-саттық, мал шаруашылығына, құрылыс жұмыстарын жүргізуге несие берілмейді.
Мұндай несиеге қол жеткізген тұрғынның бірі – Жаманқұл Атаханұлы. Ел ағасы салауатты өмір салтын насихаттауды жөн санап, аталмыш бағдарлама бойынша дене шынықтыру мен қол күресі қызметін ұсынып отыр. Бүгінде ауданымызда баламасы жоқ бұл іске аудан жастары әбден қанық. Қаланың ыңғайлы жерінен ғимарат жалдап отырған кәсіпкер шаруасы енді ғана жүре бастағанын айтуда.
-Тиісті құжаттарды жинап, бағдарлама аясында несие алдым. Дене шынықтыруға қажетті жабдықтарды алдыртып, жарты жыл бұрын іске кірістік. Суық мезгілде жастар жиі келіп жаттығады. Бұл екі тарапқа да пайдалы жұмыс. Сондықтан осы мүмкіндікті ұсынған басшыларға өз алғысымды айтамын,- дейді жеке кәсіпкер.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.