Киіз үйдегі «Quiz UI» ойыны
Бірлік – еліміздегі ең асыл қазына. Ол ата-бабаларымыз қалдырған аманат. Адамзаттың бәрін бауырым деп сүю керектігін хакім Абай да ескерткен еді. Бұл – біздің басты қағидамыз болуы керек. Әсіресе, отансүйгіштік пен өзара құрметті жастардан бастаған абзал.
Осыған орай, Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “этносаралық келісім және ұлтаралық келісім” мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында “Елу жылда ел жаңа“ қоғамдық бірлестігі және Шу аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Жаңа жол ауылдық округінде «QUIZ UІ» атты этнос өкілдері арасында интеллектуалды-зияткерлік IQ ойыны өткізілді.
Зияткерлік ойынға Бірлік, Ескі Шу, Жаңа жол, Қонаев, Төле би және Қорағаты ауылдық округінің жастары қатысып, бақтарын сынады.
Ауданның өзге ұлт жастары арасында достық пен татулықты нығайту мақсатында өткен шараға Жаңа жол ауылдық округінің әкімі Дархан Әліпбаев арнайы киіз үй тіккен екен. Сондай-ақ қатысушы командаларға ыстық бауырсақтан дәм татқызып, салқын көже құйылып, қонақжайлылықтың озық үлгісі көрсетілді.
Тартысты ойын қорытындысы бойынша алаң иелері І орынды иеленді. Ал бірліктік жастар ІІ орынды еншілеп, қонаевтықтар қола жүлдеге қол жеткізді.
Жығылғанға да бәйге берілген бәсекеде “Елу жылда ел жаңа“ қоғамдық бірлестігі тарапынан жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табыстады. Сонымен қатар ұлты мен ұлысына қарамастан, татулықтың туы әрдайым биікте желбіреу керектігі айтылды.
-Шу ауданында халықтың 30 пайызын жастар құрайды. Оның ішінде түрлі этнос өкілдерінің жастары жетерлік. Олар негізінен Шу қаласы, Төле би, Қонаев, Бірлік, Жаңа жол және Қорағаты ауылдарында тұрады. Бүгінгі таңға дейін біз жалпы 59 іс-шара өткізіп, оған мыңнан аса жасты қамтыдық. Көбінесе жастар спорттық шарада топтасады. Сондықтан этносаралық келісімді сақтау үшін назарды сондай шараларға аударамыз. Бүгінгі шараға келер болсақ, жақсы деңгейде өтті. Қатысушылардың ынталары зор екенін байқадық. Қолайлы жағдай жасаған Жаңа жол ауылдық округінің әкіміне алғыс білдіремін,-дейді аудандық ЖРО директоры Ғ. Қойбағаров.
Байжан Емберді.