Ақпараттық портал

Білім саласы: жаңа оқу жылы несімен ерекшеленеді?

Тағылымды тарихымызға көз жүгіртер болсақ, ата-бабаларымыз ықылым заманнан-ақ “Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” деген нақылды арқау етіп, білім қуған. Осы бір сөздің салмағы бүгінгі күні де бір мысқалға кемімей, керісінше артуда. Аузын айға білеген алпауыт елдер жаһандық бәсекелестік жолына түсіп, білім мен ғылымға айрықша көңіл бөліп жатқанда дамудың даңғыл жолына түскен біздің жас мемлекетіміз де қарап қалмасы анық. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Содан болар, қазақстандық білім саласында оң өзгерістер орын алып, жаңашылдыққа бет түзеудеміз. Соңғы жылдардың өзінде білім жүйесінде түрлі бастамалар қолға алынып, тың идеялар жүзеге асуда. Осыған орай 2025-2026 оқу жылы басталар тұста аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Таткеевпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Еркебұлан Төлеубекұлы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Бізге білімді ғана емес, өмірлік дағдыларға ие, бәсекеге қабілетті жастар керек» деп атап өткен болатын. Биылғы 2025-2026 оқу жылында білім және тәрбие беру ісінде қандай өзгерістер бар?
– Иә, сұрағыңыз өте орынды. Жаңа 2025–2026 оқу жылында білім беру сапасын арттыру, тәрбие жұмысын жетілдіру, білім алушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, педагогтердің кәсіби дамуын қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттер тұр. Сіз атап өткендей, білім беру жүйесінде қашанда Ұлт көшбасшысының әр сөзіне назар аударып, сол арқылы жүйелі жоспарларды құруды алдыңғы орынға қойып келеміз.
Еліміз егемендік алған жылдардан бері білім беру жүйесінде қаншама өзгерістер орын алды, әйтсе де соның ішінде мызғымас бір қағидамыз өзгерген емес, ол-Абайдың «Толық адам» ілімін өскелең ұрпақ тәрбиесіне сіңісті ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Ұлттық құрылтайда: «Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам. Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет» деген болатын. Бәріңізге белгілі 3 жылдан бері «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеміз.
Биылғы 2025-2026 оқу жылындағы басты өзгеріс – «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы «Адал азамат» Біртұтас тәрбие болып қайта өзгеріп, мән-маңызы артып отыр. Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолында бұл өзгерістің айтарлықтай септігі тиеді деп ойлаймыз. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізгі үш тағанын бекітіп, «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының» жұмысын жандандырып, бала тәрбиесіне ата-аналарды тікелей тарта отырып, білім мен тәрбие ісін жаңа қырынан жетілдіруге атсалысамыз.
2025-2026 оқу жылында білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктеріне келер болсақ, жаңа оқу жылының ұзақтығы 1 сыныптарда – 33 оқу аптасын, 2–11 сыныптарда – 34 оқу аптасын құрайды, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз ету жоспары іске асырылады. Сондай-ақ, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бейіндік сыныптар құрылып, барлық орта білім беру ұйымдарында педагог – кәсіби бағдар берушілер білім алушылардың ерте кәсіптік өзін-өзі анықтау жұмысын ұйымдастырады. Бұған қоса, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау жұмыстары жүзеге асырылады. Білім беру ісінде «Жасанды интеллектті» оңтайлы пайдалану әдістерін де жан-жақты қолдау да іске асады.
-Біздің ауданда жаңа мектеп тұрғызу, кей мектептерге жапсарлас құрылыс жүргізіліп жатыр екен. Соған нақтырақ тоқталсаңыз.
-Білім саласының заман ағымына сай түрленуі заңдылық әрі қажеттілік. Сән-салтанаты келіскен, барлық жағдайы жасалған білім ошағында білім алу-әр оқушының арманы. Мәнді мәселеге мән беретін мемлекетіміз жаңа мектептер салуға, ескірген мектеп ғимараттарын жаңалауға айтарлықтай қаржы бөлуде. Ауданымызда 1 жаңа мектептің құрылысы басталып, яғни Жиенбет ауылындағы 100 орындықты Жиенбет орта мектебінің құрылысы аяқталуға жақын, ағымдағы жылдың 20 тамызына пайдалануға беріледі деп отырмыз. Бұған қоса, Шу қаласындағы Ғ.Мұратбаев орта мектебіне жапсарлас ғимарат тұрғызылып, қосымша спорт, акт зал және асхана құрылысы толығымен аяқталуға жақын. 2025-2026 оқу жылына пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Шоқпар ауылындағы М.Дулатұлы орта мектебіне қосымша спорт зал құрылысы, Төле би ауылындағы С. Шәкіров орта мектебіне қосымша спорт зал құрылысы және Еңбекші ауылындағы Еңбекші орта мектебіне қосымша спорт, акт зал және асхана құрылысы да қызу басталып кетті.
– Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында жалпыреспубликалық «Мектепке жол» акциясы өтетінін жақсы білеміз. Оқушылардың мектепке дайындығы бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде.
– Жылдағы дәстүрге сай, «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан әлеуметтік осал санаттағы балаларға материалдық көмек беріледі. Олардың қатарында Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы мектеп оқушылары мен жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары бар. Шу ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарындағы аталған санаттар бойынша білім алатын 2054 оқушыға бір реттік 51198 теңге қаражат аударылады. Бұл ата-аналар мен балаларға мектеп формасы мен мектеп керек-жарақтарын өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жекелеген санаттағы отбасы балаларына әлеуметтік көмек көрсету мақсатында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы да басталып кетті. Акция ағымдағы жылдың 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Акцияның мақсаты – әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін әлеуметтік көмек көрсету. «Мектепке жол» акциясының маңыздылығын ескере отырып, кәсіпкерлердің демеушілік көрсетуге барынша қатысуына ықпал ету жолдарын қарастырып отырмыз.
Егер, баспа беттерінен біздің сұхбатты оқыған жаны жомарт жандар болса, аталған акцияға атсалысуға шақырамыз. Ол үшін Шу ауданының білім бөліміне хабарласуларыңызға болады: 8(72638) 3-00-09 байланыс нөмірі үзіліссіз жұмыс жасайды.
-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.