Лайықты құрмет көрсету де бір ғанибет
Төле би ауылының тұрғыны, денсаулық сақтау қызметінің тарланы, қазір кейуана болып сый-құрметке бөленіп отырған ардагер анамыз Абуева Матария тоғыз белестің төрі – 90 жасқа толып отыр.
Матария Абуева 1935 жылы қазіргі Атырау облысы, Манаш ауылында дүниеге келген. Алғашқы білім табалдырығын ауыл мектебінде алып, жоғары сыныптарда Атырау (Гурьев) қала мектебінде тәлім алған. Ұлы Отан соғысының алдындағы және соғыс жылдары, тіпті соғыстан кейінгі қиын жағдайда халыққа түскен ауыртпалықты қабырғасы қайысып, көріп өскен. Сол кезде халыққа аса қажет дәрігер мамандарының жетіспейтінін жанымен сезген өжет қыз қалай да дәрігер болуға бел буады. Оның ішінде кішкентай балалардың сол уақыттағы небір жұқпалы аурулардан шетінегенін көрген соң, «балаларды құтқарсам» деген арманы бар еді. Иә, жас қыз 1953 жылы мектепті үздік бітіріп, бірден Алматы медициналық институтының балалар бөліміне оқуға түседі. Әрине, өз арманының алғашқы сатысына қол жеткізгендей болған Матария қыз бар ынтасымен оқыды, көп оқып үйренуге тырысты. Соның дәлелі, 1959 жылы институтты тәмамдаған жас маманды Шу аудандық ауруханасының бас дәрігері институтқа хат жазып арнайы шақыртып алады. Себебі, студент-практикант Абуева Матария диплом алды, тәжірибесін Шу ауданы ауруханасында өтіп, өзінің білімді, болашақта жақсы дәрігер болатындығын дәлелдеген еді.
Алған бетінен қайтпай өзі таңдаған балалар дәрігерлігіне бүкіл өмірін арнады, еңбек өтілін қысқаша шолып өтсек. 1959-1967 жылдары балалар бөлімінде дәрігер, 1968-1972 жылдары бас дәрігердің орынбасары, 1980-1985 жылдары (отағасы Жексенов Сабыртайдың «Тасөткел» қой совхозында директор қызметін атқаруына орай) балалар дәрігері қызметінде болған.
1986-1991 жылдары аудандық ауруханадағы перзентханада неанатолог, балалар бөлімінде меңгеруші, балалар дәрігері болып еңбек етті.
Кезінде ауданға белгілі тұлғалар: Адаменко Галина Андреевна, Дичковская Ирина Иосифовна секілді басшы қызметте болған замандастарымен қатар жүрді, деңгейлес болды. Матария Абуқызы 2000-2013 жылдары Шу аудандық ауруханада бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы, Шу ауданы ардагерлер кеңесінде төралқа мүшесі қызметінде болған.
1991 жылы зейнетке шыққан соң да жұмысын 1998 жылға дейін жалғастырды. Медицина саласында, оның ішінде дәрігер болып 63 жыл үзбей еңбек еткенде қаншама балаларға мейірім шипасы тиді, қаншама ата-ана балалары үшін рахметін айтып, ізгі тілектерін арнады.
Соншама көп алғыс, халықтың ықылас ниеті болар 90 жаста әлі өзін тың сезінеді, жақсы естиді, сөзі де, ісі де ширақ, немере–шөберелерінің ортасында бақытты өмір кешуде.
Қай заманда болсын ерен еңбек еленбей қалмайды, бұл кісі көптеген марапаттар иесі. Мәселен, Денсаулық сақтау қызметінің үздігі (1977 жыл), I–ші категориялық дәрігер (1985 жыл), «Ерен еңбегі үшін» медалі (1966, 1970 ж.ж.), Еңбек ардагері (1988 жыл), Құрметті азамат атағы (2011 жыл), әртүрлі мерекелік медальдар, Құрмет грамоталары – Денсаулық сақтау министрлігінен (1979 жыл), Жамбыл облыстық еңбекшілер депутаттарының кеңесінен (1968 жыл), облыстық денсаулық сақтау департаментінен (1997 жыл), сондай-ақ Мақтау грамоталары өз алдына бір төбе.
Осы бір аяулы ана, құрметті ардагер жан аудандық ардагерлер кеңесінің назарынан да тыс қалмаған. Шілде айында ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өмірәлиев бастаған кеңес мүшелері А.Иманова, Б.Бейсенбаева, К.Арғынбеков, Б.Көпжанов және осы жолдардың авторы кейуананың үйіне барып 90-жылдық мерейтойымен құттықтап, ұзақ өмір, денсаулық тілеп, жақсы да жылы лебіздерін айтып, кейуананың иығына камзол, басына орамал жауып, естелік суретке түсті.
Ал, әншілер байқауының республикалық жүлдегері Көшкінбай Арғынбеков домбырасымен сүйемелдеп бірнеше ән орындады, сол әндерге біздер де, апамыз да қосылды.
«Тоқсанға келген маған рахмет, құттықтап келген сендерге рахмет!» – деп екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек ата Қуанышбаев айтқандай апамызда риза болды, біз де көңілді қайттық.
Мейрхан Балықбаев,
Шу аудандық әкелер кеңесінің төрағасы.