Салауатты һәм сауапты шара
Футбол – жаһан жұртшылығының жүрегін жаулаған спорт. Өйткені әлемнің әр қиырында теңбіл доп тебуге құмар жандардың қатары қалың. Ұшқырлық пен ұтқырлық дағдыларын қалыптастырып, ұрымтал тұсты тиімді пайдалану аталмыш спорттың артықшылығы.
Бұл ойынға жерлестеріміздің де бұрыннан таласы бар екені белгілі. Сондықтан олар жасыл алаңдағы жүздесуден жалықпайды. Сондай жарыстың бірі жуырда Төле би ауылында өткізілді.
Шу аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтары ұйымдастырған футболдан дәстүрлі турнир «12 тамыз – Халықаралық жастар күніне» орай және ауданның жалынды жас спортшысы болған Садыров Ғалымжан Болатханұлын еске алуға арналып отыр.
Екінші жыл қатарынан жалауын желбіреткен жарысқа барлығы 8 команда қатысып, турнирдің тарланбозы атануға талпынды. Тартысты ойын нәтижесінде «Қайрат» командасы жүзден жүйрік шықса, «Еңбекші» командасы екінші орынды еншіледі. Ал үшінші орынды «Локо Шу» және «Көктөбе» командалары өзара бөлісті.
Одан бөлек, өзгеше ойын өрнегімен көзге түскен ойыншылар да ұйымдастырушылар тарапынан марапатқа ие болды. Жарыста жасындай жарқылдаған жастар түрлі аталым бойынша үздік деп танылды. Мәселен, көктөбелік ойыншы Алмат Талғатбек турнирдің «үздік қорғаушысы» атанса, Жандос Пошта өзін үздік қақпашы ретінде танытты. Қайраттық Рамазан Тұран «Үздік шабуылшы», еңбекшілік жас Райымбек Қайынбек «үздік ойыншы» атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен кубоктар, медальдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Аталмыш турнирді қаржылай қолдаған демеушілердің есімін ерекше атап өткен жөн. Себебі төреші, стадион қызметкеріне дейін ынталандыру жасаған спорт жанашырлары салауатты өмір салтын қалыптастыруға қомақты үлес қосып отыр. Олардың қатарында Сәкен Атаев, Данияр Сыздықов, Бауыржан Әліпбаев, Асқар Андасбаев, Дәурен Бекбаулов, Серік Асатов, Жеңіс Толыбаев, Арман Төлебаев пен Азамат Ошанов бар. Ағалардың мырзалық жолына «Төле би» командасының жастары да қосылды.
Салауатты өмір салтын насихаттаған турнир соңы сауапты шарамен аяқталды. Жиын соңында «Дәулет» мейрамханасында ас беріліп, қасиетті Құран аяттары оқылды. Естеріңізге сала кетейік, Ғалымжан Болатханұлы 1985 жылы туған азамат. Аз ғана ғұмырында спортты серік етіп, «Төле би» командасы сапында доп тепкен еді. Оның жарқын бейнесін жадында сақтаған командаластары бұл турнирді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Байжан Емберді.