Ақпараттық портал

Абай – әлем таныған ұлы ойшыл

Биыл халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Абай – қазақтың ХХ ғасырдағы көрнекті ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы. Семей облысының, Шыңғыс тауының баурайында 1845 жылы дүниеге келген. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы сол рудың билеушісі болған, ал анасы Ұлжан ақпейіл, турашыл, қайырымды кісі еді.Сол аяулы анасының тәрбиесін алған Абай қаршадайынан ізгілік жолын қуған.

Ол 1855 жылы енді ғана 10 жасқа шыққан кезінде «Кім екен десем түйе қуған» деген өленің жазады. 1857 жылы әкесі Құнанбай оны Семейдегі Ахмет Ризаның медресесіне оқуға жібереді. Абай онда мұғалімнің белгілеп берген сабақтарын оқудан тыс араб, парсы тілдерін және басқа да шығыс халықтарының тілдерін өздігінен үйренеді. Сонымен қатар, орыс бастауыш мектебінен де оқып, соның арқасында Пушкин, Лермонтов, Крылов, Тургенев сынды ақындардың шығармаларымен танысады.
Бірақ Абай өз шығармашылығын жалынды жастық шағында бастай алмаған. Абайды бала кезінде-ақ әкесі өзіне ізбасарлыққа бейімдейді де, оқуын бітіртпестен ел билеу жұмыстарына араластырады.Абайдың жастық шағы негізінен қатал әкенің бақылауында және тежемінде өтеді. Десе де, өз арманынан таймаған Абай өмірдегі барлық істерде, алғы болашағын ойлаумен болады. Жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып,сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді.
Жалпы ақынның шығармашылығы – даналықтың, рухани жаңғырудың негізгі көзі. Адамзатты рухани-адамгершілік қасиеттерді сақтауға үндейтін,адамның бойындағы тумысынан берілген құндылықтарды дамыту қажеттігін ескерткен Абайдың қара сөздері – нағыз философиялық еңбек. Ақынның шығармалары үш жүйемен өрбиді. Бірі – өзі шығарған өлеңдері, екіншісі – қара сөздер деп аталатын прозасы немесе философиялық еңбек және үшіншісі – өзге тілдерден, мысалы орысшадан аударған өлеңдері. Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасынан «Татьянаның хаты», «Ленскийдің сөзін», Михаил Лермонтовтың «Ой», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз» т. б. өлеңдерін қазақ тіліне аударған.
Абайға дейінгі қазақ поэзиясы дәстүрлі халық ән-жырлары үлгісінен әлі еркін ұзай қоймаған еді. Өлеңдері негізінен ауыз әдебиеті көлемінде болатын. Абай халық ән-жырлары негізінде, өзге ұлттардың поэзия үлгілерін үйрену барысында өзінің шығармашылық ізденісі арқылы қазақтың қазіргі заманғы поэзиясын жаратты, қазақ әдебиетіне жаңа өлең үлгілерін әкелді. Мұхтар Әуезов «Абай-қазақтың жазба поэзиясын жаратты» – деуі де сондықтан.
Батыстың өркениеті мен философиясы, ғылымы мен мәдениеті Абайдың рухани жағынан өсуіне айтарлықтай әсер етті. Абай дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысты.Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы. Оның поэзиясы-мәңгілік поэзия, даналықтың, махаббат пен адалдықтың поэзиясы. Сегіз қырлы тұлға ақын Абай – барша қазақтың мақтанышы, есімі халық жадында сақталады, өйткені ол биік парасат иесі.

Л.Маметаева,
аудандық музейдің
кіші ғылыми қызметкері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.