Ұлттық санаққа ұқыптылық қажет
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 26 сәуірдегі өкіміне және Үкіметтің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1248 қаулысына сәйкес, 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Қазақстан Республикасының ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Биыл жүзеге асатын санақтың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласының жай-күйінің егжей-тегжейлі және объективті бейнесі алынып, елдің азық-түлік ресурстарын қалыптастырудағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, әрбір санатының рөлі туралы толық деректер алынады деп күтілуде.
Аса маңызды науқан Шу ауданын да қамтып, қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы аптада аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына қатысты жиын өтті.
Аталмыш жиын облыс әкімінің орынбасары Ә.Тамабектің тапсырмасына орай өткізілгенін атап өткен жөн. Аудан әкімінің орынбасары Серікхан Пернеш төрағалық еткен мәжіліске Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Т.Күлекеев, Шу қаласы мен ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ шаруақожалық басшылары қатысты.
Кездесуде ауыл шаруашылығы санағының өту барысында туындап жатқан мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.
Алғашқы кезеңі онлайн режимде жүргізілетін санақ бойынша Қорағаты ауылдық округінде бірқатар жұмыстар атқарылған. Тұрғындар 30 күн ішінде арнайы веб порталда өзін-өзі толтыру әдісі арқылы ауыл әкімшілігіне келуде. Округ әкімі Әділ Диханбаевтың айтуынша, ол үшін 1 бас маман, 1 статист және өндірістік тәжірибеден өтуші жас өз-өзіне қызмет көрсету бұрышында халыққа көмектесуде.
Қазіргі таңда Қорағаты ауылдық округінде 508 аула болса, халқының саны 2759 адамды құрайды. Округ аумағындағы 3 ауылда 235 шаруа қожалығы тіркелген. Оның 223-і егін шаруашылығымен шұғылданса, 12-сі мал шаруашылығымен айналысады. Округтегі мал басы 8238-ге жеткен.
Алдағы уақытта сауалнаманы толтырмағандардың тізімін жасау үшін 20 күн ішінде одан әрі өңдеу жүргізіліп, санақ 2025 жылғы 20 қыркүйектен 20 қазанға дейінгі 30 күн аралығында арнайы қызметкерлерді тарта отырып, жеке әңгімелесу әдісімен және планшеттерді қолданумен жүргізіледі.
Еске сала кетейік, республикалық бюджет қаражатынан жүргізілетін ұлттық санақтың негізгі мақсаты мен міндеті – ауыл шаруашылығының нақты жағдайы туралы толық ақпарат алу, өнімнің тиімділігін және ауылшаруашылығы өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық саясатты әзірлеу, іріктемелі бақылаулар мен бір реттік жазбаларды жүргізу үшін шаруашылық жүргізуші субъектілердің жалпы санын жаңарту.
Байжан Емберді.