Жерлесіміз «Маxi чай»-дан үйлі болды
Ағымдағы жылдың жайма шуақ мамырында күллі қазақстандықты елең еткізген жаңалық әлеу желіде тарағаны әлі есімізде. Жарыса жазысқан жағымды жаңалық «GALANZ bottlers» компаниясы әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын берік ұстана отырып, кәсіпорынның дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерге пәтер кілттерін табыстағаны еді. Бұдан бөлек, дәл осындай жаңалық жуырда, яғни тамыз айының 26-да орын алып, өндіріс орны тағы бірнеше қызметкердің үйлі болуына мүмкіндік сыйлады.
Біздің ауданда бұл компанияның жұмысын бес адам атқарып отыр. Соның ішінде он төрт жылдан бері сауда өкілі қызметін атқарып келе жатқан Ерлан Ақылбайұлы Байтасов «GALANZ bottlers» компаниясындағы көпжылдық елеулі еңбегі үшін Алматы қаласынан бір бөлмелі пәтер сертификатына ие болды (суретте).
Ерлан Ақылбайұлы жоғары оқу орнын тәмамдағанымен қаржы көзін өзге саладан іздеуді жөн көріп, 2012 жылы аудан нарығына «Махі чай» келгеннен бастап сауда өкілі жұмысына орналасады. Алғашында бес адамнан басталған компания жұмысы бүгінде он шақты қызметкермен толығып, жылдан жылға өрісін кеңейтіп келеді. Жалпы сауда өкілінің негізгі атқаратын жұмысы дүкендерге өндіріс орнында өндірілген салқын сусындарды ұсыну. Иә, елімізге танымал, сусындардың алдыңғы қатарында тұратын «Махі чай» ең сұранысқа ие өнім екені белгілі. Алғашқы жылдары күніне 1 тонна сусын таратқан сауда өкілдері қазіргі таңда күніне 15-17 тонна сусынды дүкен сөрелеріне орналастыруда. Бұл он жылдан аса уақыт ішінде сұраныстың бірнеше есеге өскендігін аңғартады.
– Бізді негізі Алматы қаласында компания өкілдерімен семинар өтеді деп шақырған болатын. Расында семинар болады деген оймен дайындалып бардық. Бірақ бізді күтпеген тосынсыймен қуантқан компания басшылығы осы күнге дейінгі адал еңбегімізге алғыс білдіріп, компанияның негізін қалаушы Тұрсынғали Тұрымұлы өз қолымен бізге «Hayat Apartments» жеке кәсіпкерлігі салып жатқан жаңа көпқабатты пәтерлердің сертификаттарын табыстады. Қуанышымызда шек болмаған біздің алғыстан басқа айтарымыз болмады. Жалпы компания өз қызметкерлеріне көптеген жағдай жасауда. Екі жылдан бері қызметкерлердің жақсы демалуын ұйымдастырып, Түркия еліне жолдама тарту етіп келеді. Өткен жылдың күз айында мен де сол демалушылардың қатарында болып, он күн Түркия елінде болып қайттым. Сондықтан мен атқарып жатқан жұмыс орныма, көп мүмкіндік сыйлап жатқан басшыларға зор алғыс айтамын, – деп ризашылығын білдірді жерлесіміз.
Атап өтерлігі, осыдан үш ай бұрын компанияның Шу ауданындағы директоры он бес жылдық еңбегі бар Омарқұлов Нұрберген Зейнеғазыұлы да аталмыш компания атынан пәтер сертификатына ие болған болатын.
Ал біз өз кезегімізде баспаналы болған шулықтарды құттықтап, еңбек адамының адал жұмысын бағалайтын өндіріс орындары елімізде көбейе берсін дегіміз келеді.
Балнұр Жексенбекқызы.