Қазаққа келін болған орыс қызы
Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз. Бұл нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Осы орайда, өз тілін өгейсітіп жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болар деген ниетпен қазақ тілін жетік меңгерген орыс қызын оқырмандарға таныстыруды жөн көрдік.
Қазақ тілінде туған тіліндей сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің бірі – Любовь Владимирқызы Тургынбаева. Ол 2000 жылы Шу қаласында дүниеге келіп, Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепте білім алған. Қазақ тіліне аса құрметпен қарайтын Любовьтің ата-анасы қызының жарқын болашағы үшін қазақ сыныбында білім алуын құп көрген. Осыдан бастап кейіпкеріміз қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде ойланатын болған. Жүрегіне қондырған тілі өміріне де үлкен өзгерістер алып келген. Бүгінде оның ана тілімізде еркін әрі көсіле тіл қатуына қазақ ағайындарымыз таңдана әрі таңқала қарайды. Любовь Тургынбаева әңгіме барысында бізді де қазақ тілінде таза сөйлеуімен тәнті еткен болатын.
– Отбасымыз бес адамнан құралған. Ұлтымыз – орыс. Барлығымыз қазақ тілін белгілі деңгейде қолданамыз, көбіне екі тілде сөйлесеміз. Қазақ тілін алғаш үш-төрт жасымда үйрене бастадым. Басында сәл қиындау болды, бірақ уақыт өте келе үздіксіз тәжірибе барысында тілді үйрену жеңілдеп, қазір еркін сөйлейтін деңгейге жеттім. Менің қазақша еркін сөйлегенімді алғаш естіген адамдар әдетте қуанады, таңырқап, жылы пікір білдіреді. Мен қазақ тілін жетік меңгергеніме мақтанамын, – дейді кейіпкеріміз бізбен сұхбатында.
Біз Любовьпен уақыттың тығыздығына байланысты Whatsapp байланыс қосымшасы арқылы тілдескен болатынбыз. Жоғарыда оның қазақ тіліндегі жазбасының түпнұсқасын еш қоспасыз, түзетусіз беріп отырмыз. Себебі ешқандай түзетуді қажет етпейтін өте сауатты жазба болды. Ашығында, тіпті өзіміздің кейбір қазақ азаматтарымыз өз тілімізде бұндай сауатты деңгейде жазып, ойын жеткізе алмайтындары ащы болса да шындық. Сондықтан орыс қызының ұлтымызға, тілімізге деген құрметі өзге ағайындарымызға үлгі болса екен дейміз.
Шу қаласындағы Алмаз колледжінде есепші мамандығы бойынша білім алған Любовь Владимирқызы үнемі аудандық, облыстық тіл байқауларында талай мәрте бой көрсетіп, жүлделі орындарды қанжығалап, аудан әкімдерінің қолынан да Алғыс хаттар алған.
Қазіргі таңда Шу қаласында орналасқан «dr.Bakbergen» тіс емханасында әкімші болып жұмыс жасайды. Біз де оны алғашында тіс емдету барысында осы емханада жолықтырып, газет кейіпкері болуға бірден ұсыныс білдірген болатынбыз.
Ал ең маңыздысы, Любовьтің өмірлік жары қазақ жігіті. Қазақ шаңырағының, қожай елінің құтты келіні. Жалпы ұлтымыздың барлық құндылығын, салты мен дәстүрін, әдеті мен ғұрпын бұлжытпай орындауды отбасы алдындағы парызы санайды.
– Шаңырақ көтергенімізге биыл 9 жыл. Екі баламыз бар. Жақында ұлымызға қазақы дәстүрмен сүндет той жасадық. Мен осы ұлттың отбасына келін болғанымды мақтан етемін, өзімді бақытты сезінемін. Қазақ достарым өте көп, олардың той-жиындарында жиі бас қосамыз. Себебі қазақтың тойы дәстүрді, тілді, мәдениетті одан әрі жақыннан тануға мүмкіндік береді, – дейді қазақ ұрпағын тәрбиелеп отырған орыстың ерке қызы.
Балнұр Жексенбекқызы.