Ақпараттық портал

Түлектердің тағылымды жүздесуі

Соңғы кездері мектеп бітіргеніне 20 жыл толған түлектердің басқосуын жиі байқаймыз. Ал, мектеп бітіргеніне 30 жыл емес, қырық жыл да емес, тіпті 50 жыл емес, бақандай 60 жыл толып отырған түлектердің жүздесуі жүрегіңді тебірентпей қоймайды. Айтпағым, осыдан 60 жыл бұрын, яғни 1965 жылы Максим Горький атындағы орта мектебі мен Қазақ орта мектебін тәмамдап, алтын ұядан сан тарапқа қанат сермеген түлектердің араға жарты ғасырдан аса уақыт салып кездескен күніне куә болғанымыз бар.
Белгіленген уақыт, уәделескен орында шұрқырасып қауышқан, бүгінде самайын ақ шалған, әріне әжім кірген кешегі ұл-қыздардың жүзіндегі қуанышы өткен күннің ұмытылмас сәттерінің айғағындай. 60-жылдық түлектер кездесудің әр деталіне айрықша мән беріп, бір-бірімен көрісетін жерді Төле би ауылындағы Балуан Шолақ ескерткішінің алды деп уағдаласуында да үлкен мағына жатыр. «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» демекші, интернат пансионда бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болған қыз-жігіттер отын жарып, су тасып, асханада шуылдасып, адалдық пен жауапкершілікті бір бойына сіңіріп өскен. Сол кездегі мұғалімдердің өзі нағыз мәдениеттің үлгісі еді деп еске алғаны да көп сырға қанық етеді.
Бұл күндері сексеннің сеңгіріне шыққан алдыңғы толқын өкілдерінің арасы сиреп, бірі келместің кемесіне мініп кетсе, енді бірі қарттықтан қауқары болмай, денсаулығы сыр бергендер. Сонда да, тамыздың тамылжыған күнінде бір-бірін көруге асық болған Қазақ орта мектебінің түлектері Сүлейменов Аманбай, Қалиев Сәрсебай, Шонбасов Қайнарбай, Қалиева Айсұлу, Онбаев Тастанбай, Дәберов Затыхан, Садықов Телбай, Әлімбеков Болат, Садырбаев Жақан, Ақшабаева Қалзия (марқұм Әділхан Ақшабаевтың жұбайы), Шәуенова Айдын, Шегирова Рәткүл, Ақылбекова Күлжахандар және Максим Горький атындағы орыс мектебінің түлектері Акботаева Ажар, Боярский Александр, Кожахметова Гүлжаhан, Жиеналиев Мувашерхан, Усенбеков Мейрамбек сынды жандар бас қосқан тағылымды кездесудің куәсі болдық.
Мұндай игі іске мұрындық болып, кездесуді ұйымдастыруда қыз баласының орны ерек. Осы кездесудің ойдағыдай өтуіне бар ынтасын салған «Құрмет» орденінің иегері, «Ұлағат отауы» ҚБ-нің төрағасы, ҚР ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз Гүлжаһан Кәрібайқызының еңбегі бөлек. Ауданның білім саласында тер төгіп, қызметіне адал болған жанды артындағы ізбасарлары, кейінгі толқын ерекше құрметтейтіні жасырын емес. Балуан Шолақ ескерткішінің маңында баладай бір-бірімен қауқылдасып жатқан жандарды мәдениет үйінің өнерпаздары ыстық ықыласпен қарсы алып, арнау өлеңдері мен әншашуын тарту етті. Дәл осы маңызды сәтте бұрынғы Максим Горький қазіргі Ермұхан Бекмаханов мектеп гимназиясының ұжымы ақ жаулық тағынған аналарымызға гүл шоқтары мен сый-сияпатын берді. Демалыс күніне түскен кездесу болса да тарих пен тағылымның иелеріне шынайы ілтипатын білдіруге келген аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те өзінің ізгі лебізін жеткізді.
Сағынышын баса алмай, жүрегі тулаған түлектер қолдарындағы сарғайған суреттермен бір-бірінің мектеп кезіндегі бейнелерін көрсетіп әлек. Оның үстіне қолдарына 60-жылдық түлектер деген жазбаны ұстап алған. Көңілдері алабұртқан ақ самайлы қариялар бір-бірін қолтықтай ұстап, бұрынғы Маским Горький мектебінің ғимараты болған қазіргі Балалар-жасөспірімдер орталығына бет алды. Ғимараттың ауласына аяңдай бергенде мектеп қабырғасында өткен қызықты сәттерді жарыса айтқан олар ішке еніп, қобалжыған сезімді бастан кешті. Бірден екінші қабатқа көтеріліп, өздері отырған сыныптың ішіне бас сұғып, қай партада отырғанын көрсетіп жатты.
Өздерінің алтын ұя мектебімен жылы қауышу орын алғаннан кейін сыныптастар Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебіне бет алды. Мектепке кіргеннен-ақ жылы атмосфера байқалды, Ә.Еспаев және Құрманғазы атындағы саз мектебінің оркестрі Әбдімомын Желдібаевтың “Ерке сылқым” күйімен қарсы алды. Мектеп директоры Татибеков Дархан арнайы көрмені және мектептің ішін, ұжымын таныстырғаннан кейін мектептің акт залына қарай беттеді. Түлектер орындарына жайғасқан соң концерттік бағдарламаны тамашалап, артынша алма-кезек әсерлі естеліктерін айтысып, кейінгі буынға ақыл-кеңестерін де аямады.
Тағылымды кездесуде де Мұхтар Әуезов мектебінің ұжымы аналарға раушан гүлін ұсынды. Құшақтары гүлге толған аналар мен жүздерін қуаныш кернеген аталардың шат-шадымен күйге бөленгені анық. Іс-шараның мән-маңызын одан әрі арттырған сәтті де айтпай кетуге болмас. Бұл тағылымды басқосуға аудан әкімі аппаратының басшысы Балаби Түменбаев та арнайы келіп, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жиеналиев Мувашархан мен Сулейменов Аманбайға “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісін табыстап, иықтарына шапан жапты. Сондай-ақ, аяулы аналарға ақ жаулық пен раушан гүлін үлестірді.
Өскелең ұрпаққа өнеге болар өзгеше кездесуде 60-жылдық түлектердің әрқайсы сөз алып, өзінің елі үшін сіңірген еңбектері мен өмір жолында алған тәжірибелерімен бөлісті. Дәл осы күні аталмыш түлектер бақи болған сыныптастарын да есіне алып, әсерлі естеліктерімен де бөлісті. Бұл – тек достықтың емес, мәңгілік сағыныштың, адамгершіліктің, бірліктің үлгісі.
Бірге оқып, үлкен өмірге алғаш рет бірге қадам басқан сыныптастардың барлығы дерлік еңбекте озат болып, ел құрметіне бөленген абыройлы азаматтар деп сеніммен айтуға болатынына көз жеткіздік. Өмірде түрлі кездесулер болып жатады. Ал бұдан 60 жыл бұрын мектепті бітірген түлектердің бұл жолғы сағынышты кездесуінің жөні бөлек, мағынасы ерек. Амандық болса, алдағы уақытта да кездесуге жазсын деп тілейік!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.