Ақпараттық портал

Сала мамандарына марапат тапсырылды

Тәуелсіз Қазақстанның қуатын сан саладағы табысты тіршілік құрайтыны белгілі. Сондықтан еліміздегі әрбір мамандық ерекше маңызға ие. Кәсіби мерекелер тізіміне үңілсек, қыркүйектің бірінші жексенбісінде мұнай-газ кешені қызметкерлері күні атап өтілген екен.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің мәлімдемелерінде мұнай-газ саласын цифрландыру мен инновациялық технологияларды енгізу қажеттілігіне назар аударғаны көпшілікке аян.

Апта басында аудан әкімінің орынбасары Найманхан Абдрашев «Qazaqgaz AIMAQ» Жамбыл өндірістік филиалының Шу газ шаруашылығы мекемесіне барып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады. Көгілдір отынмен қамтамасыз етіп жүрген жандардың еңбектеріне жоғары баға беріп, мерекеге орай құттықтауын білдірді.
-Ең алдымен ұжымды кәсіби мерекемен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз әрі маңызды деген мамандықтар қатарына жатқызамыз. Қазіргі таңда 11,4 млн отандасымыз көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Оның ішінде Шу ауданы тұрғындарының басым көпшілігі газға қол жеткізген. Бірқатар ауылға желі тарту жұмыстары жүріп жатқанын да айта кету керек. Баршаңызға денсаулық, бақ-береке мен мол табыс тілеймін,-деді Найманхан Айдарханұлы.
Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында Шу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, соның ішінде газ саласын жетілдіруге қосқан еңбектері үшін бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, мереке иелерін аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликов та құттықтап, бірлесіп жасап жатқан жұмыстарға сәттілік тіледі.
Жуырда Президент Қ.Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария еткені жалпыға мәлім. Маңызды мәселелерді қамтыған Мемлекет басшысы аталмыш құжатта «Ілеспе газ бен сұйытылған мұнай газын қажетке жарату мәселесін түбегейлі қайта қараған жөн. Оны толыққанды экономикалық ресурсқа айналдыру қажет. Инвесторлар жобаларды жүзеге асырған кезде газ шикізатынан тапшылық көріп отыр. Сондықтан бұл мәселені де шешу жолдарын табуымыз керек, инвесторларды ұзақ уақыт газбен қамтамасыз етуге нақты кепілдік беретін жаңа тәсілдер ойластырған жөн» деген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, ауданымызда Шу қаласы мен аудан орталығын қосқанда 19 елді мекен толығымен көгілдір отынға қосылған. Қамтылу көрсеткіші 54,28 пайызды құрайды. Оның ішінде 13246 абонент тұрмыста газ тұтынып отырған көрінеді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.