Жылыту маусымына мұқият қараған жөн
Апта басында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте бірқатар мәнді мәселелер қаралып, шешілу жолдары талқыға түсті. Атап айтқанда, аудандағы денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары баяндама жасап, өңірдің қысқы маусымға дайындығы мен Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының өту барысы жайлы мәлімет ұсынылды.
Ең алдымен, аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрбол Жолдасов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың орындалу барысы туралы баяндап берді. Одан соң қалалық емхананың бас дәрігері Гаухар Инкарбекова аталмыш мәселе бойынша өз деректерін жеткізді.
Баяндамашылардың сөзінше, Шу аудандық орталық ауруханасына «Халықты тіркеу регистрі» бойынша 55 092 халық тіркелсе, Шу қалалық емханасына 40 299 тұрғын тіркелген. Ауданда сақтандырылмағандар саны биыл 12 мың 844 адамға, қалада 8 002 адамға жеткен.
Денсаулық сақтау ұйымдары медициналық сақтандырылмаған тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кездесулерге барып жүргенін айтуда. Сондай-ақ тізім бойынша жұмысты қолға алған. Кеңес барысында дәрігерлер ауылдық округ әкімдерінен, көші-қон қызметі, мемлекеттік кірістер басқармасы мен бірқатар бөлімдерден, мансап орталығынан тиісті көмек көрсетуді сұрады.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудан әкімдігінің ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Жадыра Каликов жылыту маусымына әзірлік барысымен таныстырды. Оның сөзінше, өңірде 181 әлеуметтік маңызы бар нысан жұмыс істейді. Сонымен қатар жылыту маусымына дайындық барысы туралы аудан әкімінің 2025 жылғы 24 сәуір күнгі №235 қаулысына сәйкес, аудандық штаб бекітіліп, алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша іс-шара жоспары бекітілген.
-«Шу-Жылу» мекемесінің орталық қазандығы жылыту маусымында жалпы 359 нысанға жылу таратады. Жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 16,7 шақырымды құрайды. Жергілікті бюджет қаражатынан 40,0 млн теңгеге жылу желілерінің 1 260 метр құбырларын ауыстыру бойынша жұмыстар орындалды. ЖК 7-ден ЖК 8-ге дейінгі магистральды жылу желілерін ағымдағы жөндеуден өткізу, құбырдың диаметрі 273 мм, ұзындығы 460 метрді құрайды,-дейді Жадыра Әбиғазұлы өзінің баяндамасында.
Сонымен қатар бөлім басшысы биылғы жылыту маусымында тұрғындармен тұтынылатын көмірдің жоспары 50 мың тонна деп санап отыр. Ал аудан көлемінде барлығы 9 қатты отын түсіретін және сақтайтын орындар бар. Бүгінгі күнде қоймалар бойынша 1400 тонна қатты отын бар деп болжанған.
-Жалпы, жылыту маусымының тұрақтылығы және жылыту маусымының барысын қадағалау аудандық штабтың тұрақты бақылауына алынған,-дейді салалық бөлім басшысы.
Аппараттық кеңес соңы аудан әкімінің орынбасары Серікхан Пернештің хабарламасымен түйінделді. Онда Серікхан Қуатұлы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының өту барысы бойынша деректерді келтіріп, соңғы мәліметке сәйкес, 3756 респондет (80,7 пайыз), оның ішінде 94 заңды тұлға (90,4 пайыз), 3662 ШҚ,ЖК (80,4 пайыз) онлайн санақтан өткенін мәлім етті.
Байжан Емберді.