Ақпараттық портал

АБАЙ ФИЛОСОФИЯСЫ ЖӘНЕ МҰҒАЛІМ БОЛМЫСЫНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ

Қазіргі жаһандану дәуірінде білім беру жүйесіне қойылатын талаптар өзгеріп, мұғалім болмысының жаңғыруы өзекті мәселеге айналды. Осы орайда қазақ халқының рухани кемеңгері Абай Құнанбайұлының философиялық ойлары жаңаша мәнге ие болып отыр. Абайдың «толық адам» концепциясы, адам тәрбиесі мен білімнің маңызы жөніндегі ойлары бүгінгі мұғалімнің кәсіби және тұлғалық дамуына негіз бола алады. Оның ой-санасының, дүниетанымының, адамгершілік ұстанымдарының негізінде қазіргі заманғы білім берудегі мұғалім болмысының жаңғыруы мен қалыптасуы да айқын көрініс табады.
Абайдың философиялық ойларында өмірлік тәжірибесі мен шығармашылығы арқылы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, ұрпақ тәрбиесінде әділдік пен адамгершілікті насихаттау, сонымен қатар білім беру жүйесінің жаңаруына ықпал ететін құндылықтар қарастырылады. Осы тұрғыда, Абай философиясы мен мұғалім болмысының жаңғыруы мәселесін жан-жақты зерттеу – тек педагогикалық тәжірибені жетілдірумен шектелмей, ұлттық мәдениетті қайта жаңғырту мен болашақ ұрпаққа рухани-этикалық негіздерді қалыптастыруда маңызды ғылыми өзектілікке ие. Бұл тұста мақаламыздың негізгі мақсаты – Абай философиясының білім беру саласындағы маңызын анықтап, оның мұғалім болмысына әсерін жан-жақты талдау. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін алдымызға мынадай міндеттер қойдық:
1. Абай шығармашылығы мен философиясын заманауи ғылыми көзқарастар аясында қарастыру;
2. Философиялық идеяларының негіздерін талдау;
3. Абай идеяларының білім беру жүйесінде жүзеге асырылу механизмдерін зерттеу;
4. Абайдың адамгершілік, ұлттық сана-сезім және рухани құндылықтарды насихаттауда қолданған педагогикалық ұстанымдарын анықтау;
5. Мұғалім болмысының жаңғыруы мәселесін талдау;
6. Қазіргі білім беру жүйесінде мұғалімдердің рөлін, олардың кәсіби және тұлғалық қасиеттерін қалыптастырудағы Абай философиясының әсерін зерттеу.
Бүгінгі таңда Абайдың философиялық көзқарастары ең алдымен адамгершілік, білім мен өзін-өзі тану мәселелеріне бағытталған. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХІХ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырған» деген болатын. Ал, бүгінде қоғам ақынның философиялық ойларына негізделген «Толық адам» ілімі туралы не біледі? Бүгінгі таңда оның өзектілігі қандай? «Толық адам» концепциясы бүгінгі ұстаз бейнесін қалыптастыруда қандай рөл атқарады? «Толық адам» ілімін оқыту мен тәрбиеде қалай қолдана аламыз? Міне, осы сауалдар әрбір ұстаздар қауымын ойландырары анық.
Ең алдымен, қазіргі қоғамда оқушыларға рухани тәрбие мен моральдық құндылықтарды бойына сіңіретін ұстаздар қауымы дер едім. Бұған қазақтың ұлы ақыны, философы және ойшылы Абай Құнанбайұлының философиялық ойлары дәлел бола алады. Бұл тұста Абайдың «толық адам» идеясы – рухани кемелденген, парасатты, ұлтқа қызмет ететін тұлға бейнесі. Ал, концепция идеал мұғалім болмысына тікелей қатысты. Сондай-ақ, Абайдың философиясы мұғалімнің өзін-өзі тануына, ішкі рефлексия жасауына, кәсіби тұрғыда өсуіне жол ашады. Мұғалімнің өзін «толық адам» ретінде тануы – оның өз кәсібін жүрекпен қабылдап, әрбір оқушының тағдырына жауапкершілікпен қарауына мүмкіндік береді. Абайша айтқанда, бүгінгі таңда «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» – заманауи мұғалім болмысының өзегі болуы керек.
Себебі қазіргі заманда мұғалім тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар тәрбиеші, көшбасшы, оқушылардың рухани дамуына әсер етуші тұлға болуы тиіс. Бұл тұрғыда Абайдың «Құдайды сүю», «Адамды сүю», «Хақиқатты сүю» ілімі мұғалім үшін басты өмірлік ұстанымға айналуы қажет деп ойлаймын. Сол себептен де мұғалім білім мен тәрбие беру ісінде әділеттілік, махаббат және мейірім сияқты Абай ұсынған адамгершілік принциптерді басшылыққа алуы тиіс.
Ең әуелі, Абайдың көзқарасы бойынша, мұғалім өз оқушыларының рухани және интеллектуалды дамуына ықпал ете отырып, олардың жеке болмысын және тұлғалық қасиеттерін шыңдайды. Яғни, мұғалім әр оқушыға тұлғалық жетекші бола білуі тиіс.
Екіншіден, мұғалімнің әлеуметке, ұлтқа, мәдениетке деген көзқарасы Абай ілімі арқылы қалыптасып, білім беру процесінің тек академиялық нәтижесі емес, қоғамдағы азаматтық сананың дамуына да септігін тигізеді. Себебі, Абайың философиялық ойлары – қазіргі білім беру мен тәрбие жүйесін дамытуда ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл тұста Абай шығармалары адамгершілікке, рухани байлыққа және білімге деген көзқарасы еліміздегі оқыту мен тәрбиенің сапасын арттыруда маңызды бағдар бола алады.
Үшіншіден, бүгінгі күннің жас ұстазы ретінде мен Абай шығармалары мен оның философиялық ойларын мектеп оқушыларына насихаттау мақсатында бірнеше идеяларды ұсынғым келеді.
Ең алдымен, ата-аналарға арналған тренингтар ұйымдастыру. Онда олар балаларын «Толық адам» ілімі негізінде қалай тәрбиелеуге болатынын үйренеді. Мәселен, қолөнер, өнер, ғылым және білім саласында жетістіктерімен көзге түскен «Толық адам» бейнелерін насихаттау. Сондай-ақ, ата-аналарға балалармен рухани сұхбат құрып, олардың ойларын ашып, дұрыс шешімдер қабылдауға үйрету.
Екіншіден, мектеп қабырғаларында Абайдың «Толық адам» іліміне негізделген кабинеттер жасақталса, сондай-ақ мектептерде ақынның шығармашылығына арналған «Үздік жас абайтанушы ғалым» атты конференциялар ұйымдастырылып отырса, үштік одаққа негізделген республикалық (мұғалім, ата-ана, оқушы қатысуымен) қара сөздерін талдау жарысы, Абайдың шығармашылығы мен қазақ мәдениетінің байланысын түсіндіретін семинарлар, білім беру ошақтарында Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмелер ұйымдастыру, осының барлығы Абайдың «Толық адам» концепциясының негізін құрары анық. Себебі, бұл жұмыстар арқылы ата-аналар мен ұстаздар арасында қарым-қатынастар нығайып, балалардың рухани болмысын қалыптастыруда маңызды рөл атқарары сөзсіз. Ал бұл жұмыстар еліміздің білім беру ошақтарында қолға алынып жасалса, бұл дегеніміз – мұғалім болмысының жаңғыруы деп білемін.
Қорытындылай келе, Абайдың философиялық идеялары – қазіргі білім беру үдерісінде мұғалімнің рухани, адамгершілік және кәсіби дамуына бағыт-бағдар беретін рухани тірек. Мұғалім болмысының жаңғыруы – ұлттық құндылықтармен, Абай мұрасымен үйлескенде ғана терең әрі шынайы болады. Сондықтан Абай ілімі мен ұстаз тұлғасының жаңғыруы – егіз ұғым. Ал бұл ретте ұстаз ретінде біздің міндетіміз-«Құдайдан қорық, пендеден ұял, адал жүріп, адал тұр, дұшпаныңа әділ бол, мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста. Ақырын жүріп, анық бас, пайда ойлама, ар ойла. Жан аямай кәсіп қыл, ісім өнсін десең, ретін тап, бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деген Абайдың тағылымдарын жас ұрпаққа жеткізіп, олардың бойына білімге құштарлық, еңбекқорлық, мейірімділік және әділеттілік сияқты қасиеттерді сіңіру.

Ермахан Даулетәлі,
«Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.