Ақпараттық портал

Әлеуметтік нысандарды аралады

Жуырда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары А. Есмағамбетова Шу ауданына арнайы сапармен келген болатын. Сапар барысында Айжан Серікбайқызы аудандағы әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысып, күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселелеріне құлақ түрді.
Аудан әкімі Б.Жәнібеков құрметті мейманды ең алдымен Шу шаһарының емханасына бастап барды. Қалалық емхана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Г.Инкарбекова денсаулық сақтау нысанының жұмысын баяндап, қолдағы бар құрал-жабдықтармен таныстырды. Қала қақпасына қарама-қарсы орналасқан емхана 1988 жылы салынған. Мұнда күндізгі бөлімде ем қабылдау үшін 17 төсек бар. Оның 12-і ересектерге арналған.
Одан бөлек, емханада тіркеу орны, сүзгі бөлмесі, жастар орталығы кабинеті, пациентті қолдау қызметін көрсету кабинеті, ана мен бала кабинеті, терапия бөлімі, әйелдер және балалар кеңесі, зертхана бөлімі, жедел-жәрдем бөлімшесі, мамандандырылған күтім бөлімшесі, алдын алу және әлеуметтік көмек көрсету бөлімі, дәріхана бар.
Мұнда қазіргі таңда 200 адам қызмет атқаруда. Гауһар Меркібекқызының айтуынша, мекеме 71,5 пайыз медициналық кадрлармен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 32 дәрігер, 120 орта буындағы қызметкерлер мен 16 кіші қызметкерлер еңбек етуде. Сонымен қатар 40 мыңнан астам тұрғын осы жерден медициналық қызмет алатын көрінеді.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары А.Есмағамбетова емхана ұжымына ескертпелерін айтып, мәселелерін тыңдады. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Назарбек те қолға алынған жұмыстарды жеткізді.
Айжан Серікбайқызының келесі бас сұққан нысаны – «Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының» Шу көпбейінді аудандық орталық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болды. Таяуда ғана тағайындалған бас дәрігер Нұрлан Кезембаев қадірлі қонақтарға аурухана ішін аралатып, қордаланған мәселелерді баяндады.
Шу көпбейінді аудандық орталық ауруханасының аумағы 6223 шаршы метрді құрайды. Онда 210 төсек орны, соның ішінде 182 тәуліктік, 28 күндізгі төсек бар. Шу қаласы, Қордай және Мойынқұм аудандары мен Төле би ауылының азаматтарын қабылдайтын ауданаралық аурухананың қазіргі ахуалы өте алаңдатарлық. Педиатр, анестезиолог дәрігерлер жетіспеушілігінен бөлек, денсаулық сақтау нысанының ғимаратының тозығы жеткен. Материалдық-техникалық жағдайы да мәз емес. Санитарлық көліктер де ұялғанынан жүріп жүргендей.
Осының барлығын жіпке тізген бас дәрігер нысанға күрделі жөндеу мен қаржылай қолдау қажеттігін жеткізді. Бұл мәселемен облыстың бас денсаулық сақшысы да таныс болып шықты.
Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары бастаған топ Шу аудандық орталық ауруханасына атбасын бұрды. Меймандарды қарсы алған аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрбол Жолдасов тиісті деректерді ұсынды. Сонымен қатар ғимаратты таныстырып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды мәлім етті.
Біршама жыл бұрын салынған аурухананың да өз мұңы жетерлік болып шықты. Мәселен, мекеменің су құбырларына, жылу жүйелеріне, су жүретін құбырларға, электр жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Одан бөлек, жылумен қамтамасыз ететін қазандықтағы жылу беріп тұрған табиғи газ пештері ауыстыруды қажет етеді. Жылу беретін бөлмелердің радиаторларын алмастырған абзал. Аурухана ауласындағы санитарлық автокөліктер жүретін жолдарға толығымен күрделі жөндеу жұмыстары, ал ғимаратқа ішкі жөндеу жұмыстары қажет. Атап айтсақ, қабырғаларды әктеп-сырлау, сыртқы есіктер мен терезелерді ауыстыру мәселе болып отыр.
Аудандық орталық ауруханамен танысқан соң қонақтар осы ауладағы Шу ауданаралық балаларды оңалту орталығына барды. Өзіміздің ауданмен қоса Қордай және Мойынқұм аудандарының балғындарын қабылдайтын орталықта 48 төсек бар. Оның 10-ы тәуліктік болса, қалғаны күндізгі емге арналған. Мұнда барлығы 1209 бала ем қабылдауда. Оларға 2 эрготерапевт, 2 реабилитолог дәрігері, 2 балалар неврологі және психолог, 3 дефектолог, 12 емдік дене шынықтыру медбикесі, 2 еңбек терапевті мен 4 логопед қызмет көрсетуде.
Айжан Серікбайқызы орталықтағы көпфункционалды стимуляторлар және электротерапия, «ULTRADAR» дарсонвализацияға арналған аппарат, магниттік терапияның әмбебап аппараты «MAGNET», ультрадыбыстық аппарат, жүруді үйренуге арналған екі деңгейлі құрылғы, тірек-қимыл аппараты және вестибулярлық аппараты, бассейн, тұз шахтасы, шунгитпен емдеу бөлмесі, құрғақ ванна, джакузи ванна, сенсорлық және емдік дене шынықтыру бөлмесін көзбен көрді.
Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары аудан орталығындағы емхананың жөндеу жұмыстарымен, жалпы қызметімен танысып, басшылардың мәліметіне құлақ түрді.
Сонымен қатар А.Есмағамбетоваға «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемелекеттік мекемесінің Шу ауданы бойынша Мансаптық орталық филиалының қазіргі таңдағы қызметі туралы ақпарат берілді. Аудандық білім бөлімінің бірінші қабатында орналасқан мекеменің жалпы алаңы 132,5 шаршы метрді құрайды. Осы аумақта барлығы 38 қызметкер жұмыс істейтіндігін ескерсек, тұрғындардың қызмет алуына қолайсыздық тудырады.
Ескі ғимараттан енші алған мекемеге заманауи күту залы бар, қызметкерлердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай тудыратын жаңа нысан қажет-ақ. Осы және өзге де мәселелерге қанық болған облыс әкімінің орынбасары осы ғимараттағы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бас сұқты.
Сапар соңында Айжан Серікбайқызы «Қант зауыты» мөлтек ауданындағы ескі Әділет басқармасының бос ғимаратына барды. Онда аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев аталған орыннан отбасылық дәрігерлік амбулатория ашу қажеттілігін алға тартып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шараларды айтып өтті.
Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының Шу қалалық емханасы 40 376 тұрғынға қызмет көрсетеді. «Қант зауыты» мен «Тоғай» мөлтек аудандарының тұрғындары Шу қаласында орналасақан қалалық емханадан қызмет алады. Қос мөлтек ауданның тұрғындарына оңтайлы болу үшін Әділет басқармасының бұрынғы ғимаратын амбулаторияға айналдырғанның артықшылығы көп.
Мәселені шешу мақсатында Шу қаласы, «Қант зауыты» мөлтек ауданындағы Автобазовская көшесі №1 және №2 мекенжайдағы ғимарат Шу қалалық емхананың теңгеріміне алынған.
Қазіргі таңда жергілікті әкімдік толық ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу мақсатында Жамбыл облысы әкімідігінің қаржы басқармасына қажетті құжаттарды ұсынған.
Денсаулық – басты байлық екенін ескерсек, облыс әкімінің орынбасарының өңірге жасаған сапары өз жемісін береді деген сенімдеміз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.