Ақпараттық портал

Оқушылар сарайы – білімді жастар мекені

«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген ұстанымды ту ететін халқымыз қай заманда болмасын бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөліп отырған. «Егер сен алдыңа бір жылдық мақсат қойсаң, ағаш отырғыз, ғасырларға мақсат қойсаң, ұрпақ тәрбиесімен айналыс» деген ұлағатты сөз тағы бар. Тәрбие тек білім берумен шектелмейді, тұлға қалыптастыру жолында үздіксіз еңбек қана нәтижесін береді. Баланың бос уақытын тиімді пайдалана білуге дағдыландыру – заман талабы. Соның мәнін терең ұғына білген мемлекетіміз соңғы жылдары қосымша білім беру мекемелерін жандандыруға, бойында таланты бар жастарды бір арнаға топтастыруға барынша мүмкіндік жасауда. Оған ауданымызда жұмыс жасайтын бірқатар шығармашылық орталықтар дәлел бола алады. Соның бірі әрі бірегейі – 2022 жылы облыс көлемінде алғаш рет болып Шу ауданында ашылған «Оқушылар сарайы».

Биылғы жаңа оқу жылында мектеп оқушыларын қосымша біліммен қамтуға ерекше қамданған Оқушылар сарайында 6 қыркүйек күні «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, жаңа келген оқушылар мен олардың ата-аналарына арналған таныстырылым шарасы өтті.
Алдымен сарайға кіреберісте флешмоб көрсетілді. Осыдан кейін қонақтарды ұлттық киім киген оқушылар дәлізден күтіп алып, ерекше ілтипатпен ішке кіргізді. Акт залға жиналған келушілерге Оқушылар сарайының тынысы мен жетістігі жайында бейнеролик көрсетіліп, артынан аталған мекемеде білім алатын оқушылардың өнерімен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Баласын қай үйірмеге қатыстырсам деп ойланып келген ата-ана үшін әр сынып бөлмелерінде үйірме жетекшілері шеберлік сыныптарын көрсетіп, балаға өз қабілетіне қарай дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік берді.
– Оқушылар сарайында түрлі тақырыптық көрмелер, таныстырылымдар, ән мен би және күйден, спорттық жарыстан, ақындық өнер мен мәнерлеп оқудан, сурет салу шығармашылығынан, сәндік қолданбалы өнерден және тағы да басқа түрлі деңгейде сан түрлі бағытта байқаулар өткізіледі. Ал осында орын алған балалар республикалық, халықаралық жарыстарда топ жаруда. Иә, мұнда баланың болашағына жол ашуға, өзін биіктен көруіне мүкіндік бар. Одан бөлек, теориялық және практикалық білім алу үшін жағдай жасалған мекемеде балалар мұғалімдердің, кәсіби мамандардың көмегімен мектепте алған білімдерін еселеп нығайтуда. «Оқушылар сарайында» ішкі жұмыстан тыс жұмыстар да жүргізіледі. Мәселен, осында ұстаздар мен оқушылардың қолынан дайындалған көрмелік жұмыстар ауданда және облыс көлемінде өткізілетін ауқымды шаралардан орын алып, жоғары бағалануда. Сондай-ақ шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру кезінде де мекеме ұстаздары жұмыла жүк көтеріп, лайықты атқарып келеді, – дейді Оқушылар сарайының директоры Нағима Райкулова.
Жалпы, қазіргі таңда бұл білім ошағында түрлі бағытта бірнеше үйірмелер жұмыс жасауда. Мәселен, бокс үйірмесі талай баланы шаршы алаңда бәсекеге түсуге дайындап, жеңіс жолында тәрбиелеуде. Ал үстел теннисі үйірмесінің спортшылары ең тиімді тактикаларды үйреніп, жарыстарда ұтымды пайдалануда. Сондай-ақ спорттық бағыттағы шахмат үйірмесінің де бала дамуына тигізер оңды әсері молынан. Шахмат ойнау арқылы баланың ойлау қабілеті, логикалық шапшаңдығы, алғырлығы артатыны тағы бар. Ал баланың өзіне деген сенімділігін арттырып, бойын шымырлайтын, өзін биік бағалататын спорттың түрі еркін күресті де осы жерден меңгеруге болады. Одан бөлек, шығармашылық бағытта білім беретін би үйірмесінің оқушылары бүгінгі күнге дейін аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық дейгейдегі би байқауларында жүлделі орындарды иеленіп жүр екен. Сондай-ақ болашақ журналистерді дайындайтын «Жас тілші» үйірмесі де бар. Мұнда қабілетті балалар тілшілікке үйретіліп, камера алдында еркін сөйлеуге, ойын ашық әрі толық жеткізуге, сөздік қорын байытуға мүмкіндік алады. Ал шет тілін меңгертетін «Ағылшын грамматикасы» үйірмесінде білім алушылар ағылшын тілінде оқу мен жазуды жеңіл жолмен үйреніп, еркін сөйлеуге машықтанады. Оқушылар сарайынан сандармен сырласатын «Жас математик» үйірмесін де таба аласыз, математика әлеміне жетектейтін ұстаз қызықты әрі оңай жолмен есеп шығаруға жол көрсетіп келеді. Бала бойынан сурет салуға деген қабілетін байқаған ата-аналар орталықтағы «Жас суретші» үйірмесіне алып келіп жатады, себебі үйірме жетекшісінің көмегімен бала сурет салудың қыр-сырын үйреніп, талай байқауда қорықпай бақ сынауда. Мұндағы ерекше үйірменің бірі «Дизайн және архитектура» деп аталады. Бала бұл үйірмеде дизайн жасап, жалпы архитектура деген маңызды саламен таныса алады. Ал мектеп табалдырығын жаңа аттаған болса бала үшін көркем жазу мен сауатты оқуды, пәндік үй тапсырмаларын орындауды үйрететін «Білімпаз» үйірмесі сапалы білім берумен айналысуда. Сондай-ақ білім алушы кез келген қоғамдық тақырыпта ойын ашық жеткізетін «Дебат» деп аталатын дебаттық клубтың мүшесі бола алады. Осы секілді тағы да басқа үйірмелер сарайға келген баланың бос уақытын тиімді пайдалану бағытында тиісті жұмыстарды атқаратын болады.
Жалпы Оқушылар сарайының ішіне үңілсек, қазіргі балалардың сұранысына сай, толықтай заманауи үлгіде жасалған. Ерекше дизайнмен әрленген сарай іші балалардың арман баспалдағы іспетті.
Ертеңіне ерінбей қарайтын талапты балалар мен жасөспірімдердің жігерін жанып, қиялын қияға ұшырып, қанаттандыратын орта осы зәулім сарай болғандығы даусыз. Себебі бұл «Оқушылар сарайы» облыстағы қосымша білім беретін ең ірі ұйымның бірі әрі бірегейі.
Оқушылар сарайы жастардың рухани және мәдени дамуының маңызды орталығы. Бұл – оқудан тыс уақытта пайдалы дүниемен айналысқысы келетін, бос уақытын дұрыс ұйымдастырғысы келетін менмұндалап тұрған әрбір оқушының басын қосатын жер. Жылдан-жылға даму үстіне даму, көрік үстіне көрік қосып, жан-жақты салалар қамтылып, балаға қажеттінің барлығы табылатын сарайдың дүбірі де ерекше.
Бала болашағына бастар жолда игілікті істер атқарып келе жатқан Оқушылар сарайы Ахмет Байтұрсыновтың «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген ұстанымын арқау етіп, қосымша білім сапасын арттыру жолында жаңашылдық үлгісін көрсетуден тартынбай келеді.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.