Жаңа басымдықтар жарқын болашаққа жетелейді
Жаңа оқу жылы қарсаңында жалпақ жұртты жұдырықтай жұмылдыруға жігерлендірген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы бұқараға жол тартқан болатын. Жолы да, жөні де бөлек Жолдаудағы жаңа бастамалар мен тың идеяларды қызу талқыласқан халқымыздың көңілі бір серпіліп қалған еді. “Темірді қызғанында соқ” демекші, біздің ауданның атқамінерлері де күн ұзартпай Жолдау жүктеген межелер мен міндеттерді талқыға салуды жөн көрді. Соған орай, аудан әкімдігінің мәжіліс залында Жолдауда көрсетілген басымдықтарды түсіндіру мен насихаттауға әрі жүзеге асыруға бағытталған актив жиыны өтті.
Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков төрағалық еткен жиынға аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары, ауыл әкімдері, қоғамдық және ардагерлер кеңесі төрағалары, үкіметтік емес ұйым және БАҚ өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жария еткен бастамалары өте ауқымды. Ол Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуды алға тартты. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдап, ол заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуы тиіс деп атап өтті.
Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керектігіне де баса назар аударды. Сондай-ақ, қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсыра отырып, жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керектігіне де тоқталды.
Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізсе, жұмысты жаңаша тәсілмен жандандыра отырып, Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамыта алатынымызды мәлімдеді.
Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басу үшін қашанда ауызбіршілік қажеттігін әр бастаманың соңында түйіндеп отырған аудан басшысы Президент Жолдауындағы тапсырмалардың әрбір тарауына тоқталды.
Ол өз кезегінде Жолдаудағы жеті негізгі бастамаға жеке-жеке қайырылып, әр басымдықты ауданның ау-жайымен байланыстырып отырды. Елімізге қомақты инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беру, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, көлік-логистиканы одан әрі дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, кәсіпкерлер елімізді цифрлық дамытуда қозғаушы күш болуы, экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары арқылы адам капиталын дамыту бағытында ауқымды бастамалар көтерілгенін де нақтылап атап өтті. Көштің басы да, соңы да бірлікпен баянды болатынын, әрі ата-бабаларымыздың бірлікке жұмылдырмаққа арналған ұранды сөздерін де тілге тиек ете кетті. Жаңғыру мен жаңару жолында адаспау үшін ұлттық құндылықтарды бойымызға дарыту арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге шақырды.
Актив отырысында аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әлкенұлы, белгілі мүсінші-сәулетші Қали Қораласбаев, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Шәймерден, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиевтар Жолдауда белгіленген бағыттар бойынша баяндама жасап, өз ойларын ортаға салып, әрі Жолдауға қолдау білдірді.
Мемлекет басшысы кемел келешекке бастайтын — Жаңа Қазақстанды құрудың қуатты тетіктері мен бағыт-бағдарын нақты белгілеп берді. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, әр қазақстандық азамат Жолдаудағы әр сөздің мәнін тереңінен ұғынып, еліміздің мәртебесін асқақтату-абыройлы міндет екендігін түсінуі тиіс. “Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт” деп Жамбыл бабамыз жырлағандай ұлт болып бірлікке ұйыссақ, біз аспайтын асу, алмайтын қамал болмас.
Айғаным Асқарбек.