Ақпараттық портал

Бала қауіпсіздігі – ата-ана құзырында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы. Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн» деген болатын. Бүгінгі күні қоғамда бала қауіпсіздігі өте өзекті мәселелердің қатарында тұр. Ашығын айтсақ, әкімдік болсын, яки құқық қорғау құрылымы болсын өз деңгейінде тиісті жұмыстарды жүргізсе де, баланың қауіпсіздігіне жауапты ең басты тұлға – ата-ана екендігі тайға таңба басқандай анық.

Соны ата-аналарға ұғындыруды басты басымдық деп түсінетін аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев ауыл-ауылдарды аралап, ата-аналармен жиын өткізіп, қауіпсіздік мәселелерін қаузауды дәстүрге айналдырған. Жаңа оқу жылы басталғалы бері бірнеше білім беру ордаларына бас сұғып, алаңдатарлық мәселе төңірегінде сөз қозғады. Бұған қоса, аудандық білім бөлімінің басшысы қызметіне жаңа тағайындалған Жайдар Жазықбаев та ата-аналар жиналысының бел ортасынан табылды.
Бүгінде жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақыттарда заңды өкілінсіз жүруінен бастап, жол-көлік оқиғаларының жиілеуі, суға бату фактілері, отбасылық зорлық-зомбылық, өзіне қол жұмсау, бопсалау, әлімжеттік, кәмелетке толмағандардың төбелесі сынды мәселелердің арты орны толмас өкінішке ұрындыруда. Осылардың барлығының алдын алу қажеттігін ата-аналарға ұғындырған басшылар бала тәрбиесіне қоғам болып атсалысу қажеттігін алға тартты.
Баламен ашық диалог құру, оның өмір дағдысына ұдайы қатысып отыру, цифрлық құрылғыларды қолданған кезде үнемі бақылауда ұстау және баламен қауіпсіздік тақырыбында әңгімелесу – бұл көптеген проблемалардың алдын алуға көмектесетін негізгі қадамдар болатынын түсіндірген Найман Кенжеханұлы баланы назардан тыс қалдырмау қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, балаларды шектен тыс еркелетіп, қалаған затын алып беру де сан соқтыратынын жеткізді. Бүгінгі күні электрлі мопедтер де қоғамның жанайқайын туғызып тұрғанын атап өтті.
Ата-аналармен өткен жиындарда Президенттің жуырда ғана бұқараға жол тартқан Жолдауында айтылған негізгі басымдықтарға да тоқталды. Қазіргі уақытта масылдыққа жол бермеу мәселесі де айтылды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы білім беру ұйымдарында бала қауіпсіздігіне арналған қауіпсіздік сағаттары мен сынып сағаттары апта сайын өткізіліп тұратынын, жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алуға бағытталған «ДосболLike» бағдарламасының да жүзеге асып жатқандығын тілге тиек ете отырып, бала тәрбиесіндегі жұмыстардың оң нәтиже беруі тікелей ата-анаға қатысты екендігін ескертті.
Сайып келгенде баласы шала іс қылса, ойнап жүріп от басса, бармақ тістеп, сан соғып қалатын ол – ата-ана. “Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер” демекші, отбасында ата-ананың рөлі ерекше. “Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады” деп дана Абай айтпақшы, кез келген жанның әдептілігі, адамгершілігі ана сүтімен дарып, әке тәрбиесімен жалғасын табады. Сондықтан да алдағы уақытта күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе – бала тәрбиесі бойынша Шу ауданының білім бөлімімен арнайы кесте құрылып, аудандағы білім беру ұйымдарында ата-аналар жиналысын ұйымдастыру жалғасын табады.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.