Жас өнертапқыш жүлделі оралды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттер бар. Соның арқасында олар сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн” деп өскелең ұрпақтың өнертапқыштық қасиетін ашып, дарынды жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажеттігін сан мәрте айтып келеді. Шын мәнінде, кез келген ұлттың маңдайына тума таланттарды берген, әрбір ұлт қоғамға пайдалы дүниелерді ойлап шығаруға бейім, тек көзін тапса болғаны. Әуеге ұшағымызды құстай самғатып, кемемізді теңізге балықтай жүздіріп, қара жолға зымыратып көлігімізді жүргізіп қойсақ та, осы техникаларымызды түрлендіріп, қуаттылығын арттырып, үлкен кедергі-тосқауылдардан мүдірмей өтіп кететіндей, қуат көздерін үнемді пайдаланатындай қасиеттерге ие болуы үшін әлі де талмай еңбек етуіміз керек.
Осыған орай, жыл сайын дәстүрлі түрде «Техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың (әуе, зымыран, көлік, кеме құрастыру) жарысы» өтіп, техника құрастыруға икемі бар өрендеріміз өзінің қабілетін шыңдап, сайыстарға қатысқан сайын шыңдалуда. Сондай өнерлі жастың бірі, М.Мақатаев атындағы Тірек орта мектебінің 8 сынып оқушысы әрі техникалық шығармашылық орталығының тәрбиеленушісі Раиль Бахриев. Ол аталған байқаудың республикалық деңгейінде топ жарып, І дәрежелі дипломға ие болып, тек Шу ауданының ғана емес, Әулиеата өңірінің абыройын асқақтатты.
2025 жылғы 10-11 қыркүйекте Қостанай қаласында өткен жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 180 жас өнертапқыш қатысқан байқауда таланты мен талабы ұштасқан өрендеріміз әуе, зымыран, авто және кеме модельдеу бойынша өз жобаларын көрсетті. Жас өнертапқыштардың талантын ашуға, қызығушылығын арттыруға бағытталған бұл байқау жоғары деңгейде өткені байқалды. Оқушылар қалдық заттардан, соның ішінде бөтелке, пластмасса, картон сынды заттарды кәдеге жаратып, әуе, су, жер көліктерінің түрлі модельдерін көрсетіп, бақ сынасқан.
Раиль Бахриев техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың (әуе, зымыран, көлік, кеме құрастыру) жарысында радиомен басқарылатын көлік модельдері «1:10 масштабта көлік модельдерін мәнерлеп жүргізу, РЦБ класы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып отыр. Атап өтейік, Раиль аталған байқауға екі жыл қатарынан қатысып, ауданнан оза шауып, облыста да дараланып жүр. Діттеген мақсатынан тайсалмайтын жастың табандылығының арқасында республиканың жүлделі орны ауданымыздың қоржынына түсті.
Әрине, мұндай жеңіс шәкірттің табандылығы мен еңбегінің арқасы болса, екінші жағынан, оның ұстазы Оразәлі Әкімжанның бағыт-бағдары мен тынымсыз еңбегінің жемісі екені даусыз. Жетекші әрдайым шәкіртін қолдап, жаңа идеяларға жол көрсетіп, техника әлеміне қызығушылығын арттыра білді. Шәкірттің жетістігі – ұстаздың абыройы екенін осы жеңіс айқын дәлелдеді.
Бүгінде Техникалық шығармашылық орталығының үйірме жетекшісі Оразәлі Әкімжан сынды білікті маманның шәкірт тәрбиелеудегі қырағылығы, мол тәжірибесі, ізденімпаздығы, жаңашылдығы жас мамандарға үлгі. Ал шәкірті Раильдың қомақты жетістігі мұғалім еңбегінің шынайы бағасы болып отыр. Дәл қазір түрлі алпауыт техникалардың кішкене ғана үлгісін модельдеп жүрген бүгінгі шәкір ертеңгі күні үлкен техникаларды ойлап тауып, Қазақстанды жаңа қырынан танытып, өнертапқыштықтың озық үлгісін көрсететіні даусыз. Сондықтанда креативті идеялары бар мұғалімдерді ұдайы барлық жағынан қолдап отыру аса маңызды.
Осыдан екі ғасыр уақыт бұрын Ыбырай Алтынсарин бабамыз “Өнер-білім бар жұрттар” атты өлеңінде өнертапқыш елдердің дамудың даңғыл жолында алғы шепке озатынын айтып өткен болатын. Шын мәнінде мемлекет алдында бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлау ісі тұр. Абыройлы жүктің салмағын сезініп, жас өрендерге сапалы білім мен саналы тәрбиені беріп, ғылымға ден қоятын буынды алға оздыруға барымызды салайық!
Айғаным Асқарбек.