Ақпараттық портал

Ұстаздар жауапкершілікті ұғынады

Тоғыз айғы толассыз тіршіліктен азырақ үзіліс алған ұстаздар Білім күнін асыға күтетіні анық. Сол секілді Қазақстан халқы Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауын тосады. Ел парламенті жұмысқа кірісер сәтте жарияланатын Жолдау бұрынғылардан өзгерек болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цфирлық өзгерістер арқылы шешу» атты тақырып қойып, оның түпкі мәнін тереңнен тарқатты.
Әдеттегідей көптеген түйткілді мәселелер мен олардың шешімдері, нақты тапсырмалар мен міндеттер маңызды құжаттың мәтінінде көрініс тапты. Президент отандастарымызға дүрбелеңге толы дүниеде дағдарысқа ұшырамай, дамудың даңғыл жолындағы сапарымызды әрі қарай жалғауға үндеп, оның алғышарттарын атап өтті.
Оны мәртебелі Президентіміздің «Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық» дегенінен анық аңғаруға болады.
Білім – барша адамзаттың болашағы. Аталмыш Жолдауда да бұрнағыдай білімге ерекше ден қойылып, ғылым төрге шығу керектігі айтылды. Экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттерді жүзеге асыруда Президент білім беру саласы айрықша рөл атқаратынын алға тартты.
– Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келеді. Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Алайда жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс. Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады,- деді Мемлекет басшысы.
Маңызды мәлімдемеде Мемлекет басшысы жариялаған міндеттер еліміздің келешектегі қарқынды дамуы үшін ерекше мәнге ие. Ондағы тоқтамдар Отанымыздың цифрлық жаңғырту ісімен берік сабақтасып жатқандай.
Бала жанының бағбаны саналатын ұстаздар қауымы заман ағымына сай білім мен тәрбиені үдеріске енгізуі шарт. Бізге жүктелген басты жауапкершілік – елдің есті азаматтарын тәрбиелеу. Олардың болашағына оң ықпалды тигізу болмақ.
Роза Ұстаева,
Е.Бекмаханова атындағы мектеп-
гимназиясының мұғалімі.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.