Ақпараттық портал

“Language is Power” байқауы

Тіл мерекесі аясында 8-10 сынып оқушылар арасында аудандық “Language is Power” байқауы өткізілді. Тіл – халықтың жаны, ұлттың тірегі. Ол тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар білімнің, мәдениеттің, тарихтың қайнар көзі. Тілдің құдіретін, оның адам өміріндегі маңыздылығын айшықтайтын “Language is Power” атты аудандық мәнерлеп оқу байқауы өзінің жарқын өтуімен есте қалды.
Бұл байқауға аудандағы мектептер белсенді қатысты.Байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, олардың тілдік мәдениетін қалыптастыру, сөз өнеріне деген қызығушылығын ояту және оқу дағдыларын жетілдіру болды.
“Language is Power” ұраны аясында өткен байқауға ауданның әртүрлі мектептерінен талантты жас ақындар мен оқушылар қатысты. Олар өздерінің шеберліктерін көрсету үшін әлемдік ұлы ақындар Абай Құнанбаев пен Уильям Шекспирдің туындыларынан үзінділерді оқыды.
Байқауға қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде болды. Әрбір қатысушы өздерінің оқу техникасымен, сөздік байлығымен, интонациясымен, сахналық мәдениетімен ерекшеленді. Олардың оқыған әрбір сөзі, әрбір шумағы тыңдаушылардың жүрегіне жетіп, терең әсер қалдырды. Қазылар алқасы қатысушылардың оқу шеберлігін, сөздік байлығын, сахналық бейнесін, эмоцияны жеткізу қабілетін мұқият бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша, 8 сынып оқушылары арасында бас жүлдені Назмеева Даяна, І орынды Уматова Султана иеленді. Дүйсенбек Айзат, Усик Валера мен Абалмасов Демид ІІ орынға лайық деп танылды, ал Аманжол Айкерім, Бекбол Айару мен Қайратұлы Нұрасыл ІІІ орынды өзара бөлісті.
9 сыныптар арасында бас жүлдені Мержуева Милана жеңіп алды. Жүлделі І орынды Айтбек Амира иеленді. Даутбек Меруерт, Қуанышбек Айзере мен Темірбек Алижан ІІ орынды, ал Сүйімхан Шырай, Шаншархан Каусар мен Давыдова Фарида ІІІ орынды иеленді. 10 сыныптар бойынша Оразқұл Жәния бас жүлдені, Жұмәлі Жансая І орынды, Жұмабай Нұрила, Мұрат Іңкәр мен Четтікбаев Нұржігіт ІІ орынды, ал Жайлыбай Адина, Сабурова Саяна мен Чумакова Анастасия ІІІ орынды иеленді.
Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталды. Алайда, бұл байқаудағы басты жеңіс – тілдің құдіретін сезініп, оның күшіне куә болған әрбір қатысушы мен тыңдаушы болды.
Майра Булекбаева,
Шу ауданы білім бөлімінің әдіскері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.