Өскелең ұрпақтың өзекті мәселесін шешу – заман талабы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз кеше кім болғанымызды ұмытпаймыз. Төл тарихымызға құрметпен қараймыз. Ал келешекте кім болатынымыз тек қана өз қолымызда екенін жақсы түсінеміз» деген болатын. Бүгінгі күні бойына ұлттық құндылықтарды сіңірген ұрпақ тәрбиелеу ісі келелі жиындардың барлығында қаралып жүр. Қазіргі қоғамның дерті саналатын түрлі кеселдермен күресу үшін қандай қадамдарға бару керектігіміз де ойлы жанның санасын мазалауда.
Осыған орай, аудандық мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» әділ қоғам атты жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, «Amanat» партиясы Шу аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің облыстық филиалының Әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің аудандық филиалының төрағасы Ержан Өмірәлиев, Шу АПБ ЖПҚБ-нің бастығы, полиция майоры Даурен Бекбаулов, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің облыстық және аудандық филиалының мүшелері, қоғамдық кеңес мүшелері, мектеп директорлары және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Заң мен тәртіп қағидатын алға тартқан алқалы жиынды «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің аудандық филиалының төрағасы Ержан Көрікбайұлы жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы бірінші сөз алып, түйткілді мәселелерді тарқатты. Ең алдымен ел Президентінің күні кеше ғана Қазақстан халқына арнаған Жолдауының мәнін ашып, қоғамдағы масылдықпен күресу қажеттігін, бала қауіпсіздігін күшейту үшін ата-ана жауапкершілігін арттыруды алға тартты.
Мұнан кейін сөз алған «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің аудандық филиалының жанынан құрылған Әкелер кеңесінің төрағасы Мейірхан Балықбаев аудан бойынша әкелермен атқарылған жұмыстарды баяндап, «Бір әкенің тәрбиесін бере алмайды жүз мектеп» деген даналық сөздің астарына үңіліп, мәнін жілік-жілігіне бөліп, қоғамдағы әкенің рөлін биіктетуге бағытталған жұмыстар жалғасын таба беретіндігін жеткізді. Ал, полиция майоры Даурен Ермаханұлы қоғамда тәртіп бұзылса қандай шаралар қолданылатынын, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары жалғасын таба беретіндігін атап өтті.
Мағыналы жиында аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те сөз алып, сөз басын хас батырымыз Бауыржан Момышұлының “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды” деген нақылымен бастап, тәрбие тал бесіктен басталатындығын, бала тәрбиесі тікелей отбасыдан бастау алатындығын қадап айтты. Қазіргі күні қоғамда бала тәрбиесін мектепке ысыра салып, жауапкершіліктен жалтаратын ата-аналардың да мәселесін қарап, тиісті шараларды қолға алу керектігін де атап өтті.
Келелі жиында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің облыстық филиалының Әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Бердалұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы да өз ойларын ортаға салып, бала тәрбиесінде бірлескен жұмыстың нәтижелі болатындығын айтты.
Міне, осындай тамырымызға балта шабар бейәдеп әрекеттердің жолын кесіп, өскелең ұрпақтың ойлы, саналы болуы үшін қоғам болып жұмылуға бағытталған жиындарды жиі өткізіп, ұрпақ тәрбиесіне ойлы қадам жасау қажет. Осы тұста тағы да хакім Абайдың мына бір өсиетін алға тартсақ, “Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады”. Шын мәнінде бәрі ақылды болып туылмайтыны ақиқат, десе де ақыл айтар алдыңғы толқынға кейінгі ұрпақ құлақ асса, жаман болмайды. Алаш арысы Мағжан Жұмабаев “Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ» деп бекер айтпаған. Ел болашағын ойласақ, ұрпақты тура жолға салып, тәрбиенің тізгінін тарта ұстап, кемел ұрпақ қалыптастыруға атсалысайық!
Айғаным Асқарбек.