Ақпараттық портал

Аңдардың падишахы…

Күні кеше Алматы қалалық мәслихаты өзінің XXXI сессиясында (11.07.25) маңызды шешім қабылдап, Алматы хайуанаттар бағы соңғы уақытта төленіп келген «ерекше табиғи аумақты пайдаланғаны үшін» төлемақыдан босатылды. Енді жыл бойы бюджетке аударылып келген ауқымды қаражат хайуанаттар бағының инфоқұрылымын жақсартуға және жануарларды күтіп-баптауға бағытталатын болады.
Халайық, осы ғажайып орынның тарихына саяхат жасайық.
Біздің республикамызда хайуанаттар бақтарын ашу мәселесі жиырмасыншы ғасырдың 30-жылдарынан бастап талқылана бастаған.
Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі 1937 жылдың 30 қаңтарында Алматы қаласында тез арада хайуанаттар бағын құру туралы шешім қабылданғанын білеміз.

Хайуанаттар бағының құрылысы үшін Казачка өзенінің оң жағалауынан, жеміс бағының аумағынан 26,6 гектар жер телімі бөлінген.
Хайуанаттар бағының ашылуына орай жануарлардың шағын тобы топтастырылды. Маусым айында алғашқы жануарлар жеткізілді: елік, бір жұп қасқырлар және арқардың лағы. Жаздың екінші жартысында Үшаралдан суда жүзетін құстар партиясы, гиеналар, шибөрілер, тауыстар, тотықұстар әкелінді. Қазан айында Мәскеу хайуанаттар бағынан арыстандар, зубро-бизондар, ақ аюлар, солтүстік бұғылары мен жанаттар жеткізілді. 1937 жылдың қараша айының басында «7 қарашада хайуанаттар бағының ашылуы» деген хабарландырулар қала бойынша ілініп, таратылды.
Зерттеу және ағарту жұмыстарын өткізу үшін хайуанаттар бағын жыл сайын толықтырып отыру керек болды. Қандай мекеменің ашылуы, дамуы ғылымның орынды пайдалануы ғана мұрындық болатыны баршаға белгілі. Хайуанаттар бағына бағалы экзотикалық жануарларды сатып алу – оның тарихына қосылған үлес. Ал Қытай аллигаторлары мен бенгал жолбарыстарын алматылықтар 1954 жылы көрді. Ірі ара тотықұстары 1957 жылы, адам тәріздес маймылдар мен ламалар 1961 жылы, бегемоттар 1962 жылы сатып алынды. Сейшель алып – тасбақалары 1967 жылы, қара пантера мен гепардтар 1970 жылы хайуанаттар бағынан орын алды. Солай хайуанаттар бағы өзінің 70 жылдық тарихында, 200-дей жан-жануардан тұратын шағын бақтан әлемдегі ең ірі хайуанаттар бағының біріне айналды. Қазір жан-жануарлар, құстар мен бауырмен жорғалаушылардың 530-дан астам түрі бар.
Ашылған уақыттан бастап, тек қана аңдарды жинап қана қоймай, зерттеу және ағарту жұмыстарын іске асыру үшін хайуанаттар бағын жыл сайын толықтырып отыру мамандардың жобалы жоспарына айналды.
Ғылыми зерттеу жұмыстарында одақтас мемлекеттердің алдыңғы шебінде деп мақтана аламыз. Өзінің еңбегін зоологиялық зерттеу саладан бастаған И.И.Мечниковтің еңбектерін жалғастырған қаншама маман иелері ұлтымыздың бетке ұстарлары.
Осы жерде, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген, осы саланы әңгіме тақырыбы жасағанда, Ел үшін ерен еңбек жасаған Асанбай Асқарұлы ағамыздың Алматы қаласындағы айтарлықтай еңбегінің бірі осы елге таңғажайып жануарларды көруге мүмкіндікті туғызғаны. Осы бір көптің назарына алына бермейтін жұмысты Шымкент қаласында да жалғастырғанын жазсақ, ол бір ғажап бөлек әңгіме болмақ. Қазіргі 40 жылдан асқан тарихы бар сол бақтың тағдырына кезінде немқұрайдылық та болғаны, оны саясатқа айналдырғаны да құпия емес-ті. Елу жыл ел басқараған Д.А.Қонаев ағамыз қаладағы тарихи хайуанаттар бағына аса қамқорлықпен қараған екен. Уақыт талабымен болатын бақтың сұрақтары уақтылы шешіліп отырғанының жауабы сол.
Ал, біз балалық шағымыздан «Табиғат тану» пәнінен бастап, «Биология» пәнін оқығаннан бастап әрқайсымыз жабайы аңдарды көруге ынтық болғанымыз ғажап емес-ті. Аудан орталықтарындағы мектептерде «Тірі бұрыш» болатынын біліп, ауылда да сондай болса деген арманымызды жасырмайтын да едік. Бірақ ол жануарларға,аңдарға қамқорлықтың жоғары деңгейде болуын түсіне де алмадық қой.
Алматыға келген абитуриенттің баратын сауық орталығының алғашқысы М.Горький саябағы болса, ол жерден Чехиядан келген «Ай Паркін» тамашалап алған соң ары қарай, бала кезден бері тірідей өз көзіңмен көруге ынтық болған аңдарды, жыландарды барып тамашалағанын білеміз.
Енді әңгіменің желісін сол ғажайып баққа, нақты айтқанда «хайуанаттар бағында» қажырлы еңбек жасайтын азаматтарға бағыттайық.
Мектепте, интернатта, балабақшада жас балаға тәрбие беру ұстаздық ұлы парыз болса, мынандай орында қызмет жасау адамзаттың табиғаттың алдындағы парызын орындаудың ұлысы ғой. Ғұлама тұлға, Ақселеу Сейдімбек- «Адам баласы Табиғаттың ең ұлы перзенті болуымен бірге ең ұлы қамқоршысы екенін ешқашан естен шығармауымыз керек» деген екен. Осы қағиданы өзінің өмірлік принціпіне жалау жасаған біздің сыныптасымыз Балабек Махатов. Білдей жоғары білімді, қолында баршаға қажырлы еңбексіз берілмейтін «Қызыл диплом» -«Оқымысты ветеринар» деген атақпен біраз уақыт ауылда, ауыл шаруашылығында қызмет жасап, тәуелсіздігіміздің басындағы кадр топтастыру бағдарламасымен Шоқпардан Алматы қаласына қызметке шақырылған маманның бірегейі. Осы жерде сол уақыттағы тарихқа кетпеген мамандарды сараптап, сұрыптап отыратын білім министрлігінің жұмысы болса, өздерінің үлгілі түлектерінен қол үзбей келген Алматы ауылшаруашылық зооветеринар институтының кәсіби мамандарға деген қамқорлығының бір ғана атап өтетін үлгілі көрінісі. Мінеки, өзінің еңбек кітапшасына отыз жылдан бұрын бастаған ресми жазуында «Алматы хайуанаттар бағында» -«жетекші ветеринары» деген жазудан басталса, сол жылдардан бастап бір мекеменің ішінде барлық бағыттарда «жетекші», «бас маман» болып,енді оқшауланған топтың жауапты лауазымында қызмет жасауда. Құстың ба, жыланның ба, бауырымен жорғалаушылар класы ма, барлық түрінен бастап, біздің құрлықта болмайтын хайуанаттардың биологиялық қыр сырын білу, емдеу, сырқатының алдын алу, ұрықтандыру жұмыстарын жүргізуде алдыңғы шептен табылып келеді. Біздің түсінігіміз ауылшаруашылық малын емдеумен шектелсе, қаншама хайуандармен, олармен «аң тілінде» түсінісуге жараған досымыз. Балабек Жұмаханұлының мерей жасына толуына байланысты егемендігіміздің тұғырының нық болуына қосқан ерекше үлесі мен оның ішінде хайуанаттар бағына жасаған қажырлы еңбегі еленіп, Д.А.Қонаевтың орденінің иегері болғаны мемлекеттік мекеменің ұжымы үшін үлкен мақтаныш.
Тілі жоқ хайуанның сырқатын тек кәсіби маман ғана анықтайтыны баршаға белгілі. Сондықтан Бәкең тек Алматы хайуанаттар бағында ғана емес республикадағы осы саладағы бірден бір білікті маман. Республика деймін-ау, басқа құрлықтарға барып тәжірибе жинап, Алматыға аңдарды әкелуге мүмкіндік туған жағдайда өзі, мамандардың іссапарын басқарып барып, қаншама жануарларды аман-есен баққа жеткізіп жүрген де сол – Бәкең. Бармаған Саваннасы, жүзбеген Амазонкасы жоқ. Жер шарындағы Африкадағы ең үлкен табиғи «Серенгети» қорығын әбден шарлаған ол Шу өңірінің киелі Шоқпар топырағынан шығып, әлемге танымал кәсіби маман болғаны әрине ауылдастары үшін мақтаныш.
Жұмысында демалыс болмайтын қызметкерлердің алғы шебінде жүрген осындай мамандарды көргенде риза боласың. Қыс па, жаз ба, түн бе, ауа райының келеңсіз жағдайына көңіл бөлмей өздеріне сеніп тапсырылған салаға жан-тәнін беріп жүргендердің бірі – Балабек Жұмаханұлы. Жан-жануар ауырса қасында болу, демалыс па, жұмыс күн бе мазасы мен уақыты, назары сол жануарларда. Сыртқа іссапармен жолға шықса, әріптестерінен аю мен жолбарыстың, сілеусін мен арқардың жағдайын біліп отырса ғана көңілі орнында болатын атпал азамат – осы кісі. Бәкеңнен неге осылай жасайсыз деп сұрай алмайсыз. Себебі ол басқаша жасай алмайды. Жасай алмайды емес, басқаша өмір сүре алмайды. Өйткені ол еш нәрсені жасамайды, ол солай өмір сүреді. Сыныптасым, туған жеріміз киелі Талапкер – Жібек жолының күре даңғылында орналасқан қара шаңырағымыз бір көшеде болған соң, сүйікті қаламыз Алматыдағы студенттік өмірдің талай дәм-тұзын, қызығы мен шыжығын бірге татқандықтан, жақын араласқан үшеуміз: Қонысбек, мен, Бәкең «айдың аспанға шыққанын» неше дүркін бірге көргендіктен осылай жазып отырмын.
Бәкеңнің статусы ше, десеңіз, халықаралық деңгейде ғылыми конференцияларда біздің мамандардың жетістігін, өзінің кәсіби деңгейін үлгі ретінде неше рет баяндамамен паш жасағанын алдыңызға тартамыз. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде халықаралық келісімдердің басы-қасында болғаны, оларды дайындағаны, қаншама хайуандарды алмастыру немесе будандастыру, қанын жаңарту бағдарламасын іске асыру аса жауапкершілікті талап ететінін білеміз. Жауапкершілік адамға туа бітетін қасиет. Осы жерде Балабек пен Қонысбектің мектептегі емтиханға кешікпеу үшін Шоқпар станциясында тоқтауға кестесі жоқ пойыздан секіргендері ұстаздардың есінде. Кешікті… әрине емтиханға, ауруханадан бірақ шықты. Денсаулықтарына байланысты кешірек уақытта тапсырды. «Ұят болады» деген сөздің салмақты мағынасын білген балалар ғой. Жауапкершіліктің үлгісі ретінде мектепте талай мысал болған осы бір жағдай да ұмытылмас. Қаймағы бұзылмаған ауыл жеткіншектері әлі де көпшілікке үлгі. Әрқайсысына «Елдің баласы» деген ауқымды мінездеме бере аласың. Сондықтан табиғатында адам көңіліне көлеңке салатын сөз дегенің Бәкеңнің лексикасында жоқ екені баршаға үлгі. Асыл жары Несіпкүл өзіне пар жаратылған жан. Балабектің ашық көңілін молынан білетін жары ешқашан азаматы орынсыз жағдай жасамайтынына толық сеніп алған. Жігіттердің арасында сирек кездесетін мінезімен үйге қонақты өзі шақыра беретіні бар. Көпшілікке, таныстарының арасында белгілі болғаны, «Несіпкүл кешке жұмыстан үйге қайтып бара жатса бір топ достары да сол автобуста екен, «иә, жол болсын» деген сұраққа – олар «сендер қонаққа шақырған соң жұмыстан шыға сала бара жатқан жағдайымыз ғой» деп айтқан екен. Несіпкүл болса «иә, мен, міне дүкеннен келе жатқаным, сендерді қарсы алуға дастарханды толықтыру үшін» деген. Бұл бір ақ мысал ғана, Бәкең мен Несіпкүлдің тандеммен өмір сүретінінің айғағы. «Бақытты болу үшін, ол бақытты сезіну, көре білу керек» деген екен ұлылар. Бақытты жанұя деген осы. Несіпкүл ақ халатты абзал жандардың мейірімін адамзатқа таратса, Бәкең асыл жарының арқасында тұрмыстағы кішігірім жағдайға алаңдамай, ұлы табиғатқа қызмет жасап келеді. Сондықтан да болар өсірген балалары да әр саланың білікті маманы, қыздары инабатты, ұлы кішпейіл. Бәкеңнің көргенін, білгенін сабақ ретінде өзінің білімін, ілімін жастарға беріп жүрген кездеріне де куә болдым. Жақсы жанды хайуан да білетін болар, әйтпесе аңның қасына барып, сипалап, ыстығын өлшеу, арыстанның апандай аузын ашып тісін қарау барлық жанға беріле бермейтін қасиет-ау. Аңдар емес жәй үй иттерімен сөйлесіп, оларды неше түрлі жаттығуларға үйретіп жүрген азаматтарға да таң қаласың. Ертегіде ғана болатын құс пен аңдардың тілін білетін – адам мінеки ортамызда жүр. Осы жерде хайуанаттар бағында қызмет жасайтын адамдардың өзіне Жаратушы бекер сый бермегенінің белгісі көрініп тұр-ау дейсің. Сен тек маман ғана болмай, басқа жәй азамат сияқты қарапайым пенде болуың мүмкін еместігіне көзің жетеді. Иә, өз мамандығыңның үлгісі болсаң, қызметіңе бар жан-тәніңді салсаң ғана осындай аса жауапты орында болуың табиғаттың заңдылығы емес пе.
Қаншама аңдардың мінезіне кірген келеңсіз көріністерді байқамағаннан шеттен шыққан жағдайлар болғанда, тез арада баға беріліп, ондай жағдайдың алдын алу үшін өздерінің кәсіби деңгейлеріне мамандық үлес, баға қосып отырудың өзі барлық адамға берілмейтін мүмкіндік. Жұмысшыға күш көрсеткен аңның мінезінен болған жағдайларды талай естігенбіз. Аң ғой деуге болмайды, «неге ол хайуан бүгін агрессия көрсетті» деп ой салып, болған жағдайдың алдын ала қандай себеп болды, малдың биологиялық сипаттамасын біліп, неге деген сұраққа жауапты тек кәсіби маман жауап табатын болса, сол жауапты Бәкеңнен күтеді әріптестері. Әр аңның барлық адам біле бермейтін өз уақыты бар, ұйықтай ма, ғашық бола ма, еркелегісі келе ме, соны сен білмесең, сезбесең хайуанаттар бағына қызмет жасауға барма. Әрине, әр жұмыстың өз сипаттамасы, құпиясы баршылық, бірақ бұл мекемеде қызмет жасайтын азаматтардың бөлекше табиғи ерекшелігі болады. Сенің қызмет жасайтын клиенттерің аң, оның ішінде сенен де күштісі, айласы асқан ақылдысы бар екенін білгенің абзал. Осы жерде тыныштық пен күтімнің құнын білген жыл құстарының өздері хайуанаттар бағына келетіні, сонан соң сол жерде мәңгілікке қалатыны, қаламыздағы хайуанаттар бағындағы қызметкерлер мен жұмысшылардың қажырлы еңбектерінің арқасы болса, бұл көрініс ұлы табиғаттың өзінің бақтағы қызметкерлерге берген бағасының бір ғана көрінісі.
Хайуанаттар бағындағы сирек кездесетін құбылыс барлық жануарлардың шектелген аумақта (ХБ) төлдеуі болса, осы жағдайға енді басқаша түсінікпен қарайтын көзқарас туғызғаны біздің Балабек Махатов сияқты мамандардың қажырлы ғылыми еңбегінің нәтижесінің жетістіктері, ол біздің бақтағы жауарлардың төлдеуі арқылы көбеюі. Соңғы уақытта Бәкең Жирафтан 15 бас төл алды. Сусиырдан 6 бас төл алғаны біздің мемлекеттегі Бәкеңнен сабақ, тікелей тәжірибе алып жүрген Шымкент, Қарағанды бақтары болса, өзінің жылына ғылыми іссапармен барып сабақ беретін Красноярск хайуанаттар бағының қызметкерлеріне көрсетіп жүрген ғылыми жұмыстарына үлгілі мысал. Оңтүстік Африка Республикасында (ЮАР) 6 ай болып, дәріс оқып, сол – Африка құрлығындағы хайуанаттармен жұмыс жасайтын барлық мекемелердің қызметкерлері Талапкерден шыққан қазақ баласынан сабақ алғаны бәрімізге мақтаныш. ОАР барған адам өзінің көп құқығынан, еліне қайтқанға дейін шектелетінін біреу білсе, біреу білмейді де. Қатаң заң шеңбер аясына кез келген ғалым іссапарға баруға келісім бермейтін (қауіптенетін) құрлыққа барып көк туды желбіретіп келгені мемлекетіміз үшін үлкен мәртебе. Балабек Жұмаханұлы Махатов тек сабақ қана беріп қоймай Қазақ мемлекетінің кәсіби мамандарының жоғарғы тұғырда тұрғанын, осы салада ғылыми-тәжірибенің дамығанын ісімен көрсетіп жүрген маман. Қандай мақтаныш.
«Інілерге аға болып жарытпайсың, ағаларға іні болып иілмесең», деп ақын Жарасқан Әбдірәшев жырлағандай, Бәкең қай кезеңде де ұрпақтар сабақтастығына мұқият көңіл бөлген азамат. Осы азаматтығы бәрімізге үлгі. Жүрегінің түбіне кір жасырмай (Мұқағали) қоғамның арасында ашық өмір сүріп келеді. Бәкең туралы роман жазуға болар еді жазушы болсақ, бірақ ойға келген сансыз пікірдің бұрышын Бәкеңе қандайда бір қызметтес жолдасы, кластасының ойында жүрген пікірін ашпақ жоспарда. «Ой деген қонақтап тұрған торғай секілді, пыр етіп ұшып кетсе, айырыласың да қаласың», дейтін еді қазақ журналистикасының мэтрі – Әзілхан Нұршайықов. Бәкең туралы ой толғатудың өзі үлкен жауапкершілік, түртіп қоятын көп ойлар тілден жүрекке кеткені Бәкеңе деген шынайы достық сезімді еселенгендіргенінің айғағы. Ширек ғасырдан жоғары осы мамандандырылған мекемеде қызмет жасап келетін Б.Ж.Махатов еңбегінің зейнетін көретін жасқа, табиғатта бар байлығын адамзатқа ұсынатын күз де келмек.Еңбегінің зейнетін көрсін дейміз.
«Берекелі жерге, береке жақын» деген осы болар. Жүрген жерлерінде берекенің еселенуіне үлестерін қосып жүрген атпал азаматтарды үлгі тұтып көпшілікке жария жасау, мемлекет басқару саласындағы жолда керекті қоғамдық заңдылық. Осы ерекше мамандық иелерінің жұмыстары жеңісті, жемісті болсын!
Мыңнан бір көрермен.

Әділ Несипбаев,
Алматы қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.