Сот төрелігі – әділдіктің тірегі
Қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың құқықтарының қорғалуы ең алдымен сот төрелігінің әділ жүзеге асырылуына тікелей байланысты. Әділ сот – әрбір азаматтың сенімін нығайтып, заң алдындағы теңдікті қамтамасыз етеді. Сот төрелігінің айқындығы мен ашықтығы, шешімдердің заңдылыққа негізделуі – демократиялық қоғамның басты қағидаларының бірі. Сондықтан да сот жүйесінің әділдігі – мемлекетке деген сенімнің кепілі әрі әділетті қоғамның мызғымас тірегі.
Қоғам дамуының басты тірегі – заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттарының сақталуы. Бұл тұрғыда сот жүйесі ерекше орын алады. Сот тек дауларды шешетін орган ғана емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылады. Әділдік – адамзат тарихында ең қастерлі ұғымдардың бірі. Ол болмаса қоғамда тұрақтылық та, сенім де қалыптаспайды.
Сот жүйесінің мәні
Сот жүйесі – мемлекеттің билік тармақтарының бірі ретінде заң шығарушы және атқарушы биліктен тәуелсіз әрекет ететін құрылым. Оның негізгі міндеті – заңның үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қоғамда әділдіктің орнауына ықпал ету. Қазақстан Республикасының Конституциясында сот билігі дербес әрі тәуелсіз екендігі айқын бекітілген.
Әділдік – сот төрелігінің өзегі
Сот жүйесінің басты құндылығы – әділдік. Егер сот шешімі әділ болмаса, онда ол қоғамға кері әсерін тигізеді. Әділ шешім – заңға, дәлелдерге және ар-ожданға сүйенген шешім. Бұл – халықтың сотқа деген сенімін арттыратын негізгі фактор. Сот төрелігінің әділ жүзеге асуы азаматтардың құқықтық мемлекетке деген сенімін күшейтеді.
Сот жүйесі – әділеттіліктің айнасы. Ол заңдылық пен құқықтың сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамның тұрақтылығына, азаматтардың мемлекетке деген сенімінің нығаюына ықпал етеді. Әділ сот – әділетті қоғамның кепілі. Сондықтан сот жүйесінің дамуы, оның тәуелсіздігі мен әділдігі – демократиялық мемлекеттің басты қағидасы болып қала береді.
Сондай ақ сот жүйесінің басты қағидаттарының бірі – ашықтық пен жариялылық. Бұл бағытта Жамбыл облысының Шу аудандық сотында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Сот ісін жүргізу барысында сот отырыстарының ашық өтуі, сот актілерінің қолжетімді болуы халықтың сот төрелігіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Шу аудандық соты азаматтар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды көздеп, заманауи технологияларды енгізуде. Атап айтқанда, сот процесстері дыбыс, бейне жазу құралдары арқылы тіркеледі, сот залдары онлайн трансляция жасау мүмкіндігімен жабдықталған. Бұл – сот отырыстарының әділ әрі жария түрде өтуіне кепілдік береді. Сонымен қатар, соттың ресми интернет-ресурсында барлық сот актілері жарияланып, азаматтарға ашық түрде қолжетімді етілген.
Шу аудандық сотында халықпен байланысқа ерекше назар аударылады. Азаматтарды қабылдау, олардың өтініштері мен арыздарына жедел жауап беру – сот қызметінің басты бағыттарының бірі. Сондай-ақ, ақпараттық стендтер, «Сотқа жүгіну тәртібі» жөніндегі жадынамалар мен нұсқаулықтар келушілер үшін қолжетімді.
Қорытындылай келе, Шу аудандық сотындағы ашықтық пен жариялылық азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сот жүйесіне деген сенімді арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Бақытжан Мырзалипов,
Шу аудандық сотының
судьясы.