Ақпараттық портал

Қарттарын қадірлеген ел – қадірлі

Адам баласы өмір жолында үш үлкен кезеңнен өтеді: балалық, жастық және қарттық. Балалық шақ – Абай атамыз айтқандай, жан қуаты мол, «көрсем, білсем» деп құмартып тұратын, қорқыныштан ада кезең. Бұл шақ – ақ парақтай таза, шаттық пен таңданысқа толы, өмірге жеңіл қарайтын балғын шақ. Әр нәрсеге қызығып, алдыңғы буыннан үйренетін кезең.
Жастық шақ – жалындаған күш-қайраттың, арман қуған албырттықтың шағы. Бұл уақытта адам өзіне сеніп, биік армандарға ұмтылады. Қуатын дұрыс арнаға бағыттай алса, мол тәжірибе жинап, қоғамға пайдасын тигізеді. Отбасын құрып, елге қызмет етуге талпынады.
Қарттық шақ – адамның әл-қуаты азайып, бұрынғыдай еңбекке жарамай қалғанын сезінетін кезең. Дегенмен, бұл – даналыққа толы, өмірлік тәжірибе мен сабырдың тоғысқан шағы. Бауыржан Момышұлы: «Мен егдемін, әзір кәрі емеспін. Мен өлімнен қорықпаймын, жұмысқа деген қабілетті жоғалтудан қорқамын» – деген екен. Бұл сөз қарттықтың мәнін айқындайды: қайрат қайтқанымен, жастықта жиған-терген тәжірибе мен тәлім елге мирас болып қалады. Қарияның бар тілегі – елдің тыныштығы, ұрпағының амандығы, отбасының бірлігі мен адамгершілік құндылықтардың сақталуы.
Қазақ қашанда қарттарын төрге шығарып, құрметтеген. Өйткені қарт – қоғамның ұйытқысы, тарих пен тағылымның көзі, ұрпаққа өнеге қалдырар алтын көпір, ата дәстүріміз. Әрбір қария – оқылмаған кітап. Оның ішінде терең тарих, салт-дәстүр, өмірлік сабақ пен ақыл-парасат жатыр. Сол қазынаны жас буын тыңдап, бойына сіңіре білсе – адаспайды.
Менің де балалығым қарттарымның қасында өтті. Соғысқа қатысқан ардагер атамның мәсісін шешіп, таяғын ұстатып жетелеу, әжемнің ыңылдап айтқан әнін тыңдау – ең қымбат естеліктерім. Бүгін бір әулеттің келіні, бір үйдің анасы болып отырған шағымда сол ата-әжеме деген сағынышым басылған емес. Қарияның иісі – сәбидің иісіндей ерекше, жүрекке жақын. Олардың батасы мен ақылы – менің өмір жолымдағы шамшырақ, сынбай алға жетелеген рухани күшім.
Рас, халық әнінде айтылғандай:
«Жүргенмен бауырында күнде көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды…»
Қарияның қадірін де ол кісілер сирегенде ғана сеземіз. Сол үшін барымызды бағалап, олардың жанында болып, рухани қазынасынан нәр алу – әрбір ұрпақтың парызы.
Қарты бар үйдің берекесі, базары бөлек. Қарияның мейірімді жанары, жылы сөзі – жанға қуат. Сондықтан біз:
Үлкенге – құрмет,
Кішіге – ізет,
Бүгінге – шүкіршілік
деген қағиданы ұстануымыз қажет.
Бәйтеректің түбінен өсіп шыққан шыбық кейін өзі де алып бәйтерекке айналады. Жайқалған жапырақ – ұрпағы, мықты діңі – отбасы, ал алтын тамыры – шежірелі қария. Қария – өткеніміздің айнасы, бүгініміздің бағасы, ертеңіміздің кепілі.
Қарттарын қадірлеген ел – берекелі, ырысты болмақ. Әр шаңырақта қарияның батасы естіліп, әрбір қарттың қадірі арта берсін!

Ж.Касенова,
Шоқпар ауылдық кітапханасының кітапханашысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.