Саяси құжатта батыл шешімдер қабылданды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы еліміздің жаңа даму бағытын айқындап берген аса маңызды құжат. Бұл жолы Мемлекет басшысы заманауи технологиядан бастап, экономика, әлеуметтік жағдай, саясат, қоғам өміріне дейінгі барлық негізгі салаларды қамтыды. Әсіресе, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға ерекше тоқталды.
Бүгінгі заманның басты талабы да – осы. Жаңа технологияларды меңгеру елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады, жастарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, экономиканы жаңа деңгейге көтереді. Бұл – еліміздің болашағына жасалып отырған инвестиция. Сонымен қатар Президент заң мен тәртіпті сақтау мәселесін де ерекше атап өтті. Қоғам әділдікке сүйенгенде ғана тұрақты дамиды. Әр азамат өзін қорғалғанын сезінсе, мемлекеттің де іргесі берік болады. Себебі заң үстемдігі кез келген өркениетті елдің басты тірегі.
Экономика тақырыбында көтерілген басты мәселе – инфляция. Бұл халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Сол себепті Үкімет пен Ұлттық банктің күш біріктіріп, тиімді шешім қабылдауы уақыт талабы.
Энергетика саласында айтылған бастамалар да ел үшін стратегиялық маңызға ие. Ядролық қуат көзін дамыту – ұзақ мерзімді тұрақты даму кепілі. Әрине, бұл ретте қауіпсіздік мәселесі бірінші орында тұруы қажет. Саяси салада Парламент құрылымын қайта қарау бастамасы көтерілді. Бұл батыл шешім. Мұндай маңызды өзгерістерді қоғам болып талқылап, әр азаматтың пікірін ескеру – демократиялық қадам.
Жолдауда ерекше мән берілген тағы бір маңызды тақырып – «Қарызсыз қоғам» жобасы. Бұл бастама әр отбасының жүрегіне жақын деп ойлаймын. Өйткені қарыздан құтылып, қаржылық сауатты болу адамдардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, болашаққа деген сенімін нығайтады.
Мен Президенттің бұл мәселеге стратегиялық көзқарасын терең бағалаймын және ұсынылған бастамалар әлеуметтік теңдік пен экономикалық тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. Біздің міндетіміз – Жолдауда көрсетілген бағдарларға қол жеткізу үшін белгіленген мақсаттарды белсенді қолдау және іске асыру.
Ернұр РАХИМҚҰЛОВ,
аудан әкімдігі қаржы бөлімінің
басшысы.