Құрылыс нысандары қатаң бақылауда болады
Бұрнағы жылдары еліміздің түкпір-түкпірінде құрылған қоғамдық кеңестердің бүгінде атқарып отырған қызметі мен маңызы өте зор. Себебі, бұл – мемлекеттің қарапайым халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың бірегей бағыты болып табылады. Мәселен, аудандағы қоғамдық кеңес мүшелерінің тұрақты басқосулары – өңіріміздегі шешімін күткен өзекті мәселелерді талқылау, ауылдық округ әкімдері және мекеме басшыларының атқарған жұмыстары жөнінде толыққанды есептер алу, қолға алынуы тиіс шараларды белгілеп беріп, қажет жағдайда сын айтып, белсенділікке шақыруға, аудан әкімдігінің де түрлі Қаулыларын қарап, қоғамдық кеңестің мақұлдауымен іске асыруға бағытталған.
Қоғамдық кеңес ең әуелі, билік пен халықтың арасын алшақтатпаудың бірегей жолы екенін айта кету керек. Мәселен, аудандық қоғамдық кеңес құрылған уақыттан бастап, жергілікті жердің қоғамдық өміріне белсене араласып, маңызды мәселелерді билік органдарымен бірлесіп шешуге үлес қосып келеді. Әсіресе, жергілікті халықтың, тіпті билік өкілдерінің қолы жетпей жүрген мекеме басшыларының, әртүрлі серіктестіктер мен мердігерлердің жұмысына зерделеу жасап, олардан есеп алу да тұрақты үрдіске айналған. Дәл осындай басқосу өткен аптада «Amanat» партиясы Шу аудандық филиалының мәжіліс залында өтіп, аталмыш жиынға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Тынышхан Әрістеев пен кеңес мүшелері және бірқатар бөлім басшылары қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Серік Оңланбеков баяндама жасап, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Сонымен бірге, үстіміздегі жылы қолға алынатын бірқатар жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарын баяндады.
– Тұтастай алғанда, өткен жыл ауданымыз үшін табысты жыл болды деуге болады. Биылғы жылы да құрылыс нысандарының саны артып, әсіресе ауылдық округтерде қарқынды жұмыс жүргізілуде. Олардың қатарында Жаңа жол ауылындағы жобалық құны 400 миллионнан асатын спорт кешені, Шоқпар ауылындағы дәл осындай спорт кешені, Шу қаласындағы атшабар алаңы, Бірлік ауылы мен Шу қаласындағы ангар типтегі спорт ғимараты, Көкқайнар ауылындағы күрес және бокс спорт залы бар. Аталған құрылыс нысандарының барлығы ағымдағы жылы толық аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Одан бөлек, үстіміздегі жылы аудан бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 30 пәтерді сатып алуға 411,8 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр. Сондай-ақ облигациялық қарыз есебінен қосымша 110 пәтер сатып алуға да қаржы бөлінбек, – дейді бөлім басшысы.
Жиын барысында кеңес мүшелері тарапынан құрылыс нысандарына жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижелері айтылып, кеткен кемшіліктер бойынша бөлім басшысына сауалдар қойылды. Онда құрылыс жұмыстарының сапасы мен халыққа қолайлы жағдай жасау жайы да жан-жақты талқыланды. Өз кезегінде аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы да бөлім басшыларына әрбір нысан қатаң бақылауда болуы қажеттігін ескертіп, қоғамдық кеңес тарапынан бақылауды күшейте түсу туралы ұсынысын жеткізді.
Сонымен қатар, кеңес отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Каликов баяндама жасаса, одан бөлек жер қатынастары бөлімінің бас маманы Б.Бахитов та 7 айда атқарылған жұмыстардың есебін берді. Аталған баяндамалардан кейін кеңес мүшелері инвестициялық жобалардың толыққанды жүзеге асырылуы, құрылыс нысандарының сапасы және орын алған олқылықтарды ретке келтіру, әкімдік тарапынан жүзеге асырылатын жұмыстардың сапалы жүргізілуін бақылауда ұстау сынды бірқатар ұсынымдарды бірауыздан қабылдады. Кеңес барысында қабылданған ұсынымдар қоғамдық кеңестің жіті бақылауында болатынын да айта кеткен жөн.
Ерғали Қартайған.