Ұлт боламыз десек, ұрпақ саулығын ойлайық!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекет деңгейінде қабылданған әрбір шешімнің мән-маңызы, ең алдымен, халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы тұрақтандырып, әлеу-меттік әділдік орнату үшін жасалған нақты істермен өлшенуге тиіс. Сонда біз жаңа тұрпатты, мықты ел боламыз» деген болатын. Осы басымдықтардың алғы шебінде дені сау ұрпақ мәселесі көш бастап тұрары айқын.
Кешегі өткен қайсар рухты халқымыздың жанын пида ете жүріп аманаттап кеткен ұлан-ғайыр атырабы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін келешекті кемел етер жастарды тәрбиелеу-ар алдындағы абыройлы міндет. Жастардың рухы биік, санасы сергек, тәні сау болу үшін ерте бастан қамдану бек қажет. Ұрпақ саулығы-ұлт байлығы екенін есімізден шығармай, жадымызға тоқи білсек, ұтарымыз көп. Бұл күндері жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеуге бағытталған түрлі іс-шаралар жоспарға бекітіліп, жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Қазіргі жастардың ерте жастан түрлі ауруларға шалдығуына бірнеше факторлар әсер етуде. Ең алдымен қоршаған ортаның ластануы мен қоғамның экологиялық мәселесі алаңдатарлық жағдайда. Бұл мәселелердің туындауына ең алдымен өзіміз себеп болудамыз. “Бір тал кессең, он тал ек” деген қағиданы ұстанып, ортамызды жасыл-желекке орауды бала күннен санаға сіңіруіміз керек. Түрлі зауыттардың будақтаған түтіні, әрі-бері ағылған көліктерден бөлінетін улы газдар да қоршаған ортаны ластауда. Түрлі қоқыс қалдықтарын ерсілі-қарсылы шашып, жолында кездескенін еңкейіп алуға ерінетін жастар көп. Пластикалық әрі қаңылтыр құтыдағы зиянды сусындарды ішіп, шегілген темекі тұқылдарын тұрған жеріне тастап, жүріп кете береді. Табиғат ананы аялауға бағытталған іс-шаралар көптеп өтіп жатса да, жастар арасында тазалық мәдениеті әлі де қалыптаспаған. Бұны бір деңіз. Тағы бір алаңдатарлық жай-жастардың дұрыс тамақтанбауы. Ықылымнан ата-бабаларымыз “Ауру – астан” деп бекер айтпаған. Мұны медицина ғылымы да растайды. Бірақ, өкінішке қарай, сырты жылтыр, түрлі зиянды химикаттардың қосындыларымен дәмі келтірілгендіктен, көмейге жағымды тиетін, бірақ жасық, құнарсыз, ең жаманы – денсаулыққа зиянды ас-судың алдында осалдық танытып, қу құлқынның дегенінен шыға алмай, соның қалауына мойынсұнып жүргендер қаншама?! Осылайша, әлсіздік танытуымыздың зардабын барынша тартып жүрміз. “Фаст Фуд” деп аталатын бұқтырылған шұжық, тез әзірленетін кеспе, сэндвич, гамбургер, хот-дог, пицца, газдалған немесе тәтті сусындарды және тағы басқаларын тұтыну денсаулыққа зиян екенін, шамадан тыс толып кетудің, семіздіктің себепшісі екенін білсе дағы әзірге оларға деген сұраныс артпаса, кемімей тұр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері өлімге әкеліп соқтыратын факторлардың 60 пайызын сапасы нашар, қауіпті қоспалармен әзірленген тағамдар құрайтынын көптен бері айтып келеді. Тағы бір кесел жастарды кері кетіруде. Бұл – смартфонға деген тәуелділік. Жастарымыз, олардың қатарында бесіктен белі шықпаған балалардың өзі екі көзі төрт болып, ұялы телефонға телмірумен күндерін өткізуде. Тәуелділіктің шегінен шыққаны сонша түн баласы ауғанша, тіпті таңды атырғанша үңіліп, ұйқыны ысырып қойып, әлеу желілерді қызықтайды. Ұйқы қанбау, уақытылы ұйықтамау ағза жұмысында бұзылыстарға, түрлі дерттің пайда болуына себеп болады. Ағзаның қайта қалпына келтіру жұмысына кедергі болмау үшін сағат 22.00-де ұйықтап, таңертең сағат 7.00-де тұруға дағдылану керек. Ұйықтар алдында смартфонды 2 сағат бұрын өшіріп, қажет болса қуаттандыруға қойып, ойыңызды басқа нәрселерге бұру қажет.
Жалпы, бірнеше факторларды атап өттім. Бұл – бір парасы ғана. Салауатты өмір салтын ұстану әрі спортпен тұрақты шұғылдану – денсаулық кепілі екендігі бәрімізге белгілі. Салауатты өмір салтын ұстану және тұқым қуалайтын аурудан сақтану-әр адамның міндеті! Ол үшін күнделікті дене қозғаласы, тамақтану, позитивті көңіл күйді сақтау, отбасындағы қарым-қатынасты, тәрбиені дұрыс жолға қою аса маңызды. Жастар ең басты байлық – денсаулық екенін ұғынып, қарапайым қағидаларды сақтанар болса, бәрі ойдағыдай болмақ!
Есен ОСПАНОВА,
Шу қалалық емханасы профилактикалық
бөлімінің меңгерушісі