Мектепалды даярлық семинары
Төле би атындағы орта мектепте «Мектепалды сыныптарда оқыту мен білім беруді сапалы жүзеге асырудағы жаңашылдығы» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Семинар мақсаты — мектепалды сыныптарда тәрбие мен білім сапасын арттыруда заманауи педагогикалық технологияларды, тиімді әдіс-тәсілдерді тәжірибеде қолдану және пайдалану, ұстаздардың кәсіби құзыреттілігін дамыту болды.
Мектеп директоры Асел Құралбаева білім беру үдерісінде инновацияны қолдана отырып,білімгерлердің танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту — кәсіби шеберліктің шыңы екенін атап көрсетті. Осының дәлелі ретінде мектеп дәлізінде ұйымдастырылған оқушылардың шығармашылық жұмыстары: моншақ пен бисерден мозайка, таспалардан түрлі-түсті гүл шоқтары көз тартады.
Шу ауданы әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Эльмира Наурызбаеваның баяндамасы тыңдалып, бастауыш сынып мұғалімі Алмаш Нұрбекованың «Жақсы көңіл күй — табысты бастама» психологиялық тренингі ерекше әсер сыйлады.
Мектепалды даярлық сынып мұғалімі Айгүл Бабасованың математикадан «1-ден 10-ға дейінгі сандарды тура және кері санау» ашық сабағы мен Эльмира Оралбектің «Тәрбие бастауы — ұлттық құндылықтар: «Заң мен тәртіп» тәрбие сағаты жоғары бағаланды. Әдеби монтаж сахналық көрінісі тамашаланып, семинар жұмысы қорытындалды. Ұстаздарға сертификаттар табысталып, алғыс айтылды.
Ләззат Оразбаева,
Шу қаласы.
Суреттерде: мектепалды даярлық тобының ұстазы Айгүл Бабасова шәкірттерімен;
семинарға қатысушы аудан мектептерінің ұстаздары.