Ақынмен өткен жарты сағат
Шу өңірі ықылымнан ақын мен жазушыға, өнер қайраткерлеріне кенде болмаған өлке. Әсіресе, Ақсу мен Оразалы ауылдары батырлар мен ақындардың ақ бесігі болған. Жергілікті жауһарлардың бірден-бір насихаттаушысы саналатын ауылдық округтердегі кітапхана ұжымы жуырда ғана жылы жүздесу өткізген болатын.
Нақтырақ айтар болсақ, Ақсу және Оразалы ауылдық кітапхана қызметкерлері Шу ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз, ақын Мәлібектің Сәтімен сүбелі сұхбат құрған келелі кездесу ұйымдастырды.
Кездесуде Ж.Баласағұн атындағы орта мектебі мен К.Әзірбаев атындағы білім ошағының директорлары Қайрат Тасибеков пен Шарапат Агибаева сыршыл ақынға ізгі ниетін білдірді. Ал, кітапхананың тұрақты оқырмандары авторға өз туындыларынан үзінді оқып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды.
Өлеңді өмір деп ұққан ақын олардың барлығына байыппен жауап беріп, өзіне құрмет көрсеткен жас буынға жылы лебізін білдірді. Бұған қоса, ауылдық клубтың мәдени ұйымдастырушысы, айтыскер ақын Б.Жұмабеков ағасына арнап жыр жолдарын өрсе, А.Давлет патриоттық рухтағы әнін шырқап берді. Сондай-ақ, жас өрендердің «Сұлтан» биі де тамашаланды.
Кездесу барысында кітапханашы Ж.Досжанова «Жергілікті қаламгерлер мұрасы – келешек ұрпақ қазынасы» тақырыбында кітап көрмесімен таныстырды. Жиын соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Б.Алжанбаева Сәт Мәлібекұлына шығармашылық табыс тілеп, сый-сияпат тарту етті.
Естеріңізге сала кетейік, Мәлібектің Сәті сыршыл өлеңдердің авторы. Сезім суреткерінің сүйір қаламынан «Дала төсіндегі ән», «Әнші Рахыш», «Тамызда тамған тамшылар», «Жусанды дала жырлайды» сынды еңбектер туған.
Ақын мен оқырман арасын жалғап, алтын көпір салып жүрген кітапханашылар қауымына құрметіміз ерекше. Еңбектері жана берулеріне тілектеспіз!
Байжан Емберді.