Ақпараттық портал

Көңіл құлазытар көрініс. Немесе аурухана алаңынан асхана ашу қаншалықты дұрыс?

Базар қақпасының алдында отыратын тіленшінің қалпағындай, көрер көзге оғаш көрінетін аудандық аурухана үйінің орталық қақпасының жанына орналасқан «Асхана» деген аты бар дүңгіршегін сөз қылып, «Халыққа, көпшілікке керекті эстетикалық талғам мен тәртіптің керегі жоқ па, неге қадағаланбайды?» деп бізге хабарласып, редакциямызға суретін жіберген кісінің айтқан уәжінің анығына жетпек оймен сол аумаққа иелік ететін Шу аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Нұрбол Ошанбайұлына жолыққан едік.
-Иә, оғаштау көрінетіні рас. «Асхана» іске кіріскен уақытта асхана иесіне жолығып, мән–жайды сұраған болатынбыз. Ол қаймықпастан: «Бұл жерге аудан әкімдігінің рұқсатымен келіп отырмын. Сіздердің территорияға сұғынып кіріп кеткен жоқпын. Анығына жетем десеңіздер, әкімдіктен сұраңыздар» деген жауапты естідік. Осы жауапты естіген соң жоғары жақ шешкен нәрсеге біздің құзырымыз шектеулі болған соң үндей алмадық. Кәсіпкерлікті дамытамыз деп адам денсаулығына қажетті тазалық пен ұқыптылықтың тәртіппен реттелетінін кейде ұмытып жататынымыз жасырын емес»-деп өз пікірін білдірді Нұрбол Ошанбайұлы.
Шу аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Мұрат Саулебаев:
«Адамдардың өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету обьектілері болып табылатын обьектілердің санитариялық–қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық эпидемиологиялық талаптар» атты санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы №2 бұйрығы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2022 жылдың 11 қаңтарында №26447 тіркелген.
Қазіргі уақытта асхана, кафе, ресторан тағы да басқа қызмет көрсету орындарының сыйымдылығы 50 орыннан асатын болса, бізден рұқсат қорытынды құжат алады. Одан аз болған жағдайда біздің мекемеге алдын ала ескерту жібереді. Асхананың ішінде асхана талабына сай емес жағдайлар орын алып, арыз-шағым түссе ғана біздің араласуымызға болады. Бір кездері жеке кәсіпкерлерге тексеру көбейіп кетті, соны азайту керек деген нұсқаулықтан кейін біздің тексеру құқығымыз шектеліп қалғаны рас. Кейбір сәтсіз жағдайлардың болары болып, зардап шеккеннен кейін анықталғанда кеш болып жатады. Жергілікті атқарушы аудан әкімдігінің рұқсатымен болып жатқан істерге қатысымыз жоқ,-деді ол.
Денсаулық саласының мамандары мен дәрігерлердің міндетті парызы, қоғам байлығы-адамдардың денсаулығын бірінші кезекте қадағалау болса, сол бағыттағы тазалық пен тәртіпті бақылап, жөнге салып отырады деген мемлекеттік әкімшілік құзырындағы қызметкерлер неге келеңсіз көріністерге көңіл аудармайды?! «Аудан әкімдігіндегі жер, құрылыс, архитектура мамандарының мұндай істердің орын алуына жол беріп отырғаны дұрыс па?» деген сұрақты аурухана маңынан кездескен біраз азаматтардан сұрап, олардың да жауабын естідік.
Біздегі «Кәсіпкерлікті қолдау» дегеніңіз кім не істеймін десе де мақұл көріп, сұраған жеріне рұқсат беріп, білгеніңді қыла бер дегенге саятын сияқты. Қоғамдық орынның ең құрметтісі, көпшіліктің көп келетін жерінің бірі-аурухананың маңы эстетикалық талғамға сай, көрінісінің өзі замандық үлгіде болуы шарт. Осы жерде тәртіп пен архитектуралық әдемілікті, тазалықты қадағалайтын мемлекеттік құзырлы орын қызметкерлерінің көзбояушылыққа салынып отырғандары көпшіліктің көңіліне кірбің ұялатады. Осыған байланысты, аталған мәселені аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары, құзырлы органдар назарға алып, ақ-қарасын анықтаса дейміз.

Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.