Саз балшықтың сырын ұққан
Бүгінде бес саусағынан өнер тамған қолөнерші жандардың еңбекпен келген дүниелері жоғары бағаланып, нарықта да көптеген сұранысқа ие болуда. Қолөнерші десе, біз көбіне тігіншінің, тоқымашының, кестешінің еңбектерін бірден елестетеміз. Ал, қыш өнері десе, археологиялық қазбалар кезінде табылған, жартылай сынған ыдыстар көз алдымызға келеді. Бірақ, бұл өнерді қайта жаңғыртып, заман үлгісіне сай бұйымдар жасап жүргендер көп емес. Біз өз кезегімізде өңірімізден көнелікті жандандырып жүрген жерлесімізді кезіктіріп, өнеріне тамсанып қайтқан болатынбыз.
Жасы небәрі жиырмадан енді асқан Камилия Берімқұлқызы мейірбикелік мамандықты тәмамдағанымен, саз балшықтың сырын ұғып, жан құмарлығы құмыра жасауға жақын екенін түсінгеніне екінші жылға аяқ басып келеді.
Тарихқа үңілсек, жалпы қыштан қашалып жасалған бұйымдар неолит дәуірінен бастап қолданылған. Ертеректе адамзат пайдаланған ыдыс-аяқтарды ғалымдар зерттей келе, бұл қыш ыдыстардың ішінде тарихтың талай құпиясы сақталғандығын жеткізді.
– Қазіргі мен жасап жүрген қыш бұйымдары мен көне қыш бұйымдарының айтарлықтай айырмашылығы жоқ, технологиясы бір. Жалпы оқу орнын тәмамдағаннан кейін мамандығым бойынша көп уақыт жұмыс жасай алмадым. Жан қалауым басқа болды. Өзіме таңсық өнермен танысқым келді. Сөйтіп қыштан бұйым жасаудың шеберлік сыныбына қатысып, бұл нағыз өнер екенін ұқтым, бірден жаныма жақын тарттым, – дейді кейіпкеріміз.
Камилия ауданымызда бұндай кәсіп түрі жоқ екенін түсініп, құмыра жасауға қажетті жабдықтың барлығына қол жеткізгеннен кейін жанға жайлы терапия беретін орта ашады. Бүгінде білгенін өзгеге үйретіп жүрген шебердің жұмысына қызығып келетіндер көбейген.
Шебердің құмыра жасау жұмысына мән бере отырып, біз құмыра жасау үшін адамға ең алдымен шыдамдылық, ниет және тазалық керек екенін байқадық. Айтуға ғана оңай екен. «Саз балшық сырттай лас болып көрінгенімен, өте кірпияз дүние» дейді шебер бізге түсіндіре отырып… Балшықтан мүсін келтіріп, бұйым жасау қиынның-қиыны. Көбіне аяғына жеткізбей қоя салатындар да кездеседі екен. Қыш өнердегі ең маңыздысы-оның орталық бөлігі. Сазбен сырласа отырып, мейірім төге отырып жасаған шебер жиырма минуттың ішінде әп-әдемі құмыраны бізге ұсынды.
Қолөнершінің айтуынша, құмыра жасау тек терапия ғана емес, оның адам денсаулығына тигізер пайдасы да зор. Біріншіден, саз балшықтың құрамында 60 пайызға жуық кальций элементтері бар. Яғни, сазды ұстаған кезде адам алақаны арқылы организмге пайдалы дәрумендер тарайды. Екіншіден, еңбекке үйреніп, шеберлігін шыңдайды. Сонымен қоса, адамдарға балшық илету арқылы әртүрлі психо-физиологиялық аурулардың алдын алуға болады.
Бұл өнер қол моторикасын да дамытатын болғандықтан келушілер қатарын кішкене балалар толықтыруда. Себебі, тілі кеш шығып жатқан балалардың ата-аналарына дефектолог, логопед мамандары осы әдістің бала дамуына көптеп әсерін тигізетінін айтып, баруға кеңес береді екен. Ал ересек адамдар күні бойғы шаршағанын басып, «өте жақсы әсер алдық, бұл өнердің ләззаты тым бөлек» деп рахаттана қайтады.
Камилиямен әңгімелесе келе, жанының сұлу әрі өте нәзік, жұмысы ұқыпты қыз баласы екенін аңғардық. Осыдан жаны таза адамдар өнерге ғашық келетінін де түсінгендей болдық. Ал, қыш өнерімен айналысу үшін оны жүрегіңмен сүю керектігіне біздің де сол сәтте анық көзіміз жетті.
Балнұр Жексенбекқызы.