Елге сіңірген еңбегі елеулі
“Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол” деген аталы сөзді арда тұтып, үлкенге құрмет көрсетуді алдыңғы орынға қойған халқымыздың көрегендігіне тәнті болмай қоймайсыз. Бүгінде жастары жетпіс, сексенді алқымдаған алдыңғы толқын ағалар мен ел аналары қиын замандарда дүниеге келсе де еш мойымастан алға ұмтылып, қоғам өмірімен етене араласып, тіршіліктің қазанында қайнай жүріп, жастық жігерін Отанының көркеюіне сарп еткен. Татқан бейнеттерінің зейнетін көріп, Тәуелсіз елдің қазыналы қарттарына айналып отырғаны-Тәңірінің тартуы болар дерсіз осындайда… Шу өңірінен шыққан қазыналы қарттарымыздың, болмысы бөлек, тағылымы мол тұлғалардың саны сиреп, арамыздан алыстап бара жатыр.
Сондай абыройлы атты арқалап жүрген Сауытбек Мәдімәрұлының есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс. Сонау 1940 жылы еліміздің басына нәубет төніп тұрған уақытта шыр етіп дүние есігін ашып, талай өмірдің тезінен өткен қазыналы қартымыз Сауытбек Мәдімәрұлы 85 жастың сеңгіріне шығып отыр. Атына лайық азаматтың өзінің сауытындай болған киесі осы жасқа жеткізіп, сара жолда сарқылмас ақыл жинауы да тектіліктің көрінісі деп білемін.
Бірде Жиенбет ауылының қадірменді қариясы Сауытбек Мәдімәрұлының өмір өткелдерінен жазған қысқаша ғұмырнамасын оқығаным бар еді. Кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық ұлттық ұстаным бойына дарыған Зәбира апамыз бен Сауытбек ағаның жұптасып шаңырақ құрғандарына 65 жыл болғанын білгенде таңданғаным рас. Бүгінгідей отбасы құндылығын құлдыратқан заманда шаңырағын шайқалтпай, отауын осынша жыл бойы тіктеп, бірлік пен берекенің ұйытқысы болған ерлі-зайыптыларды көпшілікке үлгі етуіміз тиіс. Өмірге әкелген балаларын азаматтық халге жеткізіп, тәрбиелеп, өсіріп отырған қариялардың ауыл-аймағына үлгі-өнегелері өзінше бөлек. Сауытбек ағаның шығармашылық жазушылығының өзі бір төбе десе де болады.
«Еске түскенде есіңе аласың» демекші, егемендік алған 1991 жылдары жекешелендіру кезіндегі аласапыран, келіспеушілік пен бұра тарту, жер бөлісу кезіндегі келеңсіздіктер туралы сын мақаласы республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланып, ауыл-аймақ басшыларының жөнсіз әрекеттеріне тосқауыл қойылып, көпшіліктің алғысын алған еді. Тарихи тағылымы мол өткен ғасырлар қойнауындағы шежіре кітаптары аудан жұртшылығын тамсандырып, үлкен қолдауға ие болды. Шу бойында болған тарихи деректерге сүйеніп жазған «Аша елі» кітабы көпшілік қолдауымен екі рет басылып шықты. «Үш қиян» баспасынан 2021 жылы шыққан «Дана ғой Димекең» атты кітабын ғылыми зерттеуге негізделген кітап десе де болады. Қайталанбас тарихи тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бар болмыс-бітімін еліміздің мәртебелі майталман жазушы, ғалымдары сан мәрте толық жазса да, Сауытбек ағаның өзіндік ой-толғамдарына еріксіз басыңды иесің. «Философияның тарихи типтері», «Материя түсінігінің тарихи қалыптасуы» туралы өте мәнді ой-тұжырымдары үлкен ғалым, жазушы ағаларымыздың тісі бата бермейтін тақырыптарға толы. Ғалым атағы жоқ болса да, өмір тәжірибесімен салыстыра отырып жазған философиялық түйіндеріне еріксіз таңдай қағасың. Ұлылардың тұжырымына сүйене отырып, өз ой-толғамдарын түсінікті етіп қағазға түсіру өте үлкен әрі ыждаһатты өнер.
Бір шаруалармен ауылымызда қонақта болған жерлесіміз академик Оңғарбек Әліпбекұлы Әліппеки Сауытбек ағаның «Дана ғой Димекең» атты кітабын оқып: «Әттеген-ай! Мына ағамыз жасынан ғылымға бой ұрғанда керемет болатын кісі ғой. Философиялық ой-тұжырымдары, оның қоғамдағы рөлі туралы жазғанының астарында ғаламат сыр жатыр. Әттең, мұны түсініп, оқитындар болса» деген пікірін білдіріп еді.
Алыс-жақын елдерге ғылыми жаңалықтарымен аты мәлім ағамыздың аузынан шыққан сөз тегін айтылмаса керек. «Зергер білер зер жайын» деген осы шығар. Өз заманында талай еңбек тарландарымен дәмдес болып, көнекөз қариялардың қолына су құйып, алғысын алған, қарапайым еңбек адамы – Сауытбек ағаның өз еңбегі мен қайратының арқасында қолында болған, көз арбаған қызыл-жасыл дүниенің жетегіне еріп кетпей, тәкаппарлық мінезден аулақ болуы туа біткен тектіліктің адами болмысы .
Кейінгі ұрпақ қамына алаңдап, ел болашағына болжам жасап айтқан философиялық пікірлерінің өзі болашақ толқынға айтқан өсиеті екені анық. «Қазыналы қарт» деген атқа лайық үлкендердің көбісі осы кісідей болса дейсің ғой баяғы. Әйтпесе, «жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ» дегендей, өздерін ақсақал деген атқа лайықпын деп әр нәрсеге соқтығысып жүрген шалдардың қазіргі кезде көбейгені шындық. Екі ауылдың арасын кезіп, ағайын арасына сына қағып жүрген шалдар жетерлік. Мысал келтірсең, жаман атты боласың. Билік айтып, тәуірлік қылғанды жақсы көретіндердің бар екені рас. Өмірі өнегелі, бақытты ғұмыр кешіп отырған осы Сауытбек ағаның өмір иірімдері осындайларға үлгі болса, рухани болмысы кең, жақсылық жасауға ұмтылып тұратын мінезі кейінгілерге жұғысты болса, талай жақсылықтардың болатыны сөзсіз.
Несіпхан Қоңырбаев.