Қарттарға деген қамқорлық еселенген күн
Қартын қадірлеу, ақсақалын ардақтау – қазақ халқының санасына сан ғасырдан бері қалыптасқан берік дәстүр. Содан болар, жыл сайын дәстүрлі түрде 1 қазан күні аталып өтетін Халықаралық қарттар күнін еліміз ерекше тойлайды. Ғибратты ғұмыр кешкен көнекөздерін құттықтап, сый-сияпат жасап жатады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1990 жылғы қаулысымен арнайы бекітілген бұл күн аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне риясыз ризашылық білдіретін және қамқорлық құшағына бөлейтін мезет болып есептеледі.
Халықаралық қарттар күні қарсаңында Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков өңірдегі бірқатар қариялардың құтты шаңырақтарына бас сұғып, мереке иелеріне жылы лебізін білдірді. Аудан басшысы ең алдымен Белбасар ауылының ардақты ақсақалы Қартайған Баялбековты мерекемен құттықтай барды. Ұзақ жылдар бойы әр салада темір жонушы болып жұмыс істеген қарт әлі де болса тың. Тоқсанның өріне қарай қадам басқан Қартайған ата сүйікті кәсібінен қол үзбеген екен. Шеберханасына шаруамен келген ауылдастарына шарапатын тигізіп, қолғабыс көрсетіп келеді.
Ауылға атбасын бұрып келген аудан әкімі Қартайған ата мен зайыбына қазақы жолмен құрмет көрсетіп, шапан мен камзол жапты. Әрі өңірдің 95 жылдық мерейтойына арналған кәдесыйды зор құрметпен табыстады. Ал көнекөз қарт білегін түріп, батасын берді. Ес білгелі еңбек етіп жүрген атамыз кейінгі ұрпаққа жұмыс істеуден қашпау қажет деген кеңес берді.
-Өздеріңіздей ақсақалы бар ауыл бақытты. Қарты бар үйдің құты бар. Еселі еңбек етіп, ұл-қыз өсіріп, оларды өзіңіздей еңбекке баулыдыңыз. Осынша жасқа келіп шеберханадан шықпайсыз. Сан жылдан бері серік құрылғыңызбен жұртыңызға қызмет етіп келесіз. Ғибратты ғұмырыңыз бізге әрдайым үлгі,-деді аудан басшысы.
Мұнан кейін Бақытжан Оразалыұлы Шу қаласының тұрғыны, теміржол саласының ардагері Қанат Сүгірбайдың үйінде болды. Қатардағы маманнан қадірлі басшылыққа дейінгі баспалдақтан өткен еңбек майталманы бүгінде құрметті демалыста.
Халықаралық қарттар күніне орай құттықтауын жеткізген аудан басшысы қарияның иығына шапан жауып, кәдесыйды табыс етті. Шаңырақ иесіне зор денсаулық, бақ-береке тіледі. Өзіне көрсетілген қошеметке риза болған ардагер ақ батасын беріп, аудан өміріне қатысты ойларын ортаға салды.
Мерейлі мерекемен қазыналы қарттарымызды құттықтау мұнымен тәмамдалған жоқ. Дәл осы күні аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев Шу қаласы мен ауылдық округтердегі қарияларды құттықтап, ардагерлерге арналған ақ дастархан басында жүздесті.
Салтанатты шарада Найман Кенжеханұлы қазыналы қарттарды төл мерекелерімен құттықтап, қоғамда зейнеткерлер мен ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсетудің, үлкенді құрметтеудің маңыздылығына тоқталып өтті. Ізгі лебіздер ағынына Жасұлан Әлкенұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, бірқатар қариялар қосылды.
-Халықаралық қарттар күні қоғамды ізгілікке үндейтін жылы мереке. Бұл күні біз өмірден түйгені көп, тәжірибесі толағай қарттарға құрмет көрсетіп, ақ баталарына бөленеміз. Қартын қадірлеген ұлттың ұпайы түгел. Өйткені, қазақ халқы қарияларды қазынаға балаған. Ата-әжелердің ақылын азық етсек, адаспаймыз.
Бүгін кеудесі шежіреге толы қарттардың арасынан табылып, құрмет көрсетіп жатқаныма шынайы қуаныштымын. Аудандық ардагерлер ұйымы жергілікті атқарушы органдардың сенімді серіктесі. Бірлесе атқарған шаруалар жемісті болғай,-деді аудан әкімінің орынбасары.
Мереке қарсаңында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелеуде сүбелі үлес қосқан 10 қарияға «Шу ауданының Құрметті ардагері» мерекелік төсбелгісі тапсырылды. Ақ тілектер айтылған шара барысында әннен шашу шашылып, ауылдың алты ауызына кезек берілді.
Сонымен қатар мереке мезіретінде аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде тіркелген 136 жалғызілікті қарттарға әлеуметтік қолдау көрсетілгенін атап өткен жөн.
Шу шаһары мен ауылдық округ әкімдері және жеке кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен әрбір қартқа 10 мың теңге көлеміндегі азық-түлік себеті тапсырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық шарасына жұмсалған жалпы қаражат 1 млн 360 мың теңгені құраған.
Одан бөлек, өздігінен жүріп-тұруы қиын 20 қарияның үйіне аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты аудандық және қалалық жастар ресурстық орталығының қыз-жігіттері мен еріктілері қол көмектерін ұсынды. Аулаларына тазалық жұмыстарын жүргізіп, отындары әзірленді.
Ізгілікке толы істен қалыс қалмаған қайырымды жандардың жанашырлығын жария еткен жөн. Олардың қатарында «Рахат» мейрамханасы, «Ататүрік» кешені, «Адия» супермаркеті, «Амина», «Көктем», «Жоламан» сауда орталықтары «Стоматология ЕО» ЖШС бар.
Аға буынды ардақтайтын күні ауылдық округтерде де мерекелік шаралар өткізілді. Оның ішінде елді мекендердегі мәдени ошақтарда сазды бағдарламалар ұйымдастырылды.
Мәселен, Балуан Шолақ ауылдық мәдениет үйінде «Қарты бар елдің қазынасы бар» атты концерт ұсынылды. Онда жергілікті әнші әжелерден құралған «Шуақ шашқан әжелер» тобы әсем дауыстарын паш етсе, ауыл балалары ата-әжелеріне арнап өз өнерлерін паш етті. Аталмыш мәдениет ошағының әншісі Нұрлыгүл Төлбаева эстрада жанрында ән айтса, ауыл азаматы Бекжан Исатаев қазақтың қара домбырасын шертіп берді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, қарттарға қамқорлық жасаудан жалықпайтын жергілікті жастар бұл үрдісті игі дәстүрге айналдырған. Мәселен, Ғани Бірлікұлы басқаратын Жастар ресурстық орталығы мереке алдында төлебилік қариялар Жәмила Балаева, Светлана Топашева, Нұрлыхан Бердиевтердің үйіне барып, шаруаларына көмектесті. Оған колледж студенттері, мектептің жоғары сынып оқушыларынан құралған ерікті жастар тартылған.
-Біз әрдайым ата-әжелерімізді жадымыздан шығармаймыз. Оның ішінде жалғыз тұратын қарттар әрдайым назарымызда. Сондықтан іс-шаралар жоспарына «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясын қосып қоямыз. Аталмыш ұранмен жыл басынан бері 47 іс-шара өткізіліп, оған 647 адамды қамтыдық,-дейді аудандық мәслихат депутаты әрі ЖРО директоры Ғ.Қойбағаров.
Байжан Емберді.