Ақпараттық портал

Ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді

Ғасырдан астам тарихы бар алғашқы “Қазақ” газеті жарияға шыққанда Алаш партиясының зиялылары ұсынған бағдарламаның ішінде ең негізгісі-оқу-ағарту, білім-ғылым мәселесі болғанын тарихтан білеміз. Қазақ даласында мектептер ашылып, сауаттылыққа бет бұра бастаған сәттерден-ақ алға жылжуды ойлаған ел азаматтары мұғалімдердің білікті һәм білімді болуын мызғымас қазық етіп келеді. Кешегі Кеңес үкіметі тұсында да талай қиыншылықты бастан өткеріп, бүгінгі ел тізгінін ұстаған тұлғаларды тәрбиелеуге барын салған мұғалімдер қауымы ортамызда әлі де баршылық. Оларға тиісінше құрмет көрсетудің өзі де елдің мерейлі міндеттерінің қатарына жатады.

Осыған орай, Шу ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен Қарттар күніне орай және Мұғалімдер күні қарсаңында Шу ауданының білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев ардагер ұстаздарды қабылдады. Игі шарада аудандық кәсіподақ төрайымы Аида Бекмурзина ардагер ұстаздарға ыстық ықыласын танытып, ілтипат білдірді.
Еңбек жолын мұғалімдік деген міндеттен бастап, бір салада табан аудармай қырық жылдан астам уақыт аянбай еңбек етіп, талай шәкірттерді қияға топшысын қатайтып ұшырған ұлттың бағдаршамы саналар жандардың ұстаз деген атқа лайық болуы заңдылық. Олардың қатарында Кәрібайқызы Гулжаһан, Иманбаева Қамажай Мырхашимовна, Смагулова Шамшат Байбосынқызы, Искакова Кунсулу Дүйсембиевна, Калдыбекова Рапия Алыпбаевна, Жанабаев Тынышхан Шапауович, Ембердинова Атыркуль Дуанбекқызы, Шербекова Аккумис Дошановна, Байтанаев Али Шаймерденұлы, Иманғалиева Салима Нұрмолдақызы, Тастанова Айжан Калбаевна, Кожабекова Сауле Сансызбаевна, Тұрсын Тұрлымбаевалар бар.
Қарапайым ғана мектептің мұғалімі бола жүріп, өздерінің таудай талабы мен табандылығының арқасында білім саласындағы басқару ісінде де біліктіліктерін танытқан ардагер ұстаздар қазіргі білім саласындағы көңілі толмайтын тұстарын, алаңдайтын мәселелерін алға тарта отырып, өзгерістерге бастаған жаңашылдықтарды да тілге тиек етті. Сондай-ақ, жуырда ғана басшылыққа тағайындалған Жайдар Саттарқұлұлына жаңа қызметіне сәттілік тіледі. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, санасы әлі де сергек, шама-шарқынша қоғам тәрбиесіне үлес қосуға белін бекем буып отырған алдыңғы буын өкілдері тәрбие бағытындағы қандай да бір істің басы-қасынан табылуға белсенділік танытатындықтарын жеткізді.
Білім бөлімінің басшысы өз кезегінде ардагер ұстаздарды мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, арнайы сый-сияпатын үлестірді. Ұлан-ғайыр далаға алғашқы қоңырау үнін тыңдатқан ұлы ұстаз Ыбырайдан бастау алған қазақ даласындағы мектептердің ағартушылық деңгейінің айтарлықтай кемелденуіне өз заманында телегей үлес қосқан ардагер ұстаздар қашанда құрметке лайық!
Мәнді мақаламызды мұқым қазақтың маңдайына біткен арыстай азаматының Мұқағалидың өлең жолдарымен аяқтаудың сәті келіп тұрғандай:
“Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр”.
Осы өлең жолдарының өнегесіне бойлап, қазыналы қарттарымызды құрметтеп-дәріптесек, тәрбиеден ақсамай, тағылымды істерге бойлар едік.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.