Ақпараттық портал

Ұстаздар еңбегі еленген күн

Ұлан-ғайыр атырапқа алғаш қоңырау үнін естіртіп, «Кел, балалар оқылық!» деп ұрандатқан Ыбырай Алтынсариннің өсиет сөзін өн бойына дарытып, Абай айтқандай «Ақырын жүріп, анық басқан, еңбегі далаға кетпеген» мұғалімдер қауымының кәсіби мерекелері жыл да дәстүрлі түрде қазан айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген айтулы арысымыз Мағжан Жұмабаевтың сөзіне ешкімнің таласы жоқ. Неге десеңіз, ойы озық, білімі терең ұрпақ тәрбиелеуде қадірлі маман иелерінің үлесі зор. Халқымызда «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» деген даналық сөз бар. Демек, дүниемізді жарық етіп, әр баланың шамшырағын жағатын мұғалімдер қауымының мерейін тасытып, абыройын асыру – баршаға ортақ міндет.

Оған дәлел, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтауында: «Міржақып Дулатұлы «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалім – әрбір балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді» деп нық айтты. Бұл сөз қадірлі маман иелеріне жігер беретіні сөзсіз. Елорда төрінен бастау алған айтулы мамандық иелерінің төл мерекесі жер-жерде лайықты түрде аталып өтті.
Соның жарқын дәлелі, аудандық мәдениет үйінде өткен «Ұстаз – ұлы есім» атты аудандық салтанатты жиын. Оған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мекеме және ұйым басшылары, ардагер ұстаздар, білім беру мекемелерінің директорлары және педагогтары қатысты.
Мерекелік шараның шымылдығы Ә.Еспаев атындағы саз мектебі мұғалімдерінің ұлттық аспаптармен сүйемелденген симфониялық композициясымен түрілді. Мұнан кейін мұғалімдік қызметтің абыройын айшықтаған театрландырылған қойылым көрсетілді. Сахна төріне кішкене ғана бүлдіршіндер асыр салып шығып, әрқайсысы өз армандарымен бөлісті. Бірі көкке қиялдай қарап ғарышкер болғым келеді десе, бірі ақ халатты дәрігер болғысы келетінін, тағы бірі ардақты мұғалім болғысы келетінін айтып, сахна сыртына қарай шығып кетті. Сол қиялына қанат бітіріп, бала күнгі арманы болған мамандығының бір-бір иесі атанған ересек қалпындағы жас мамандар ортаға шығып, бір-біріне өз мамандықтарының қыр-сырымен бөлісті. Дәл осы сәтте сахна күңгірттеніп Абай образында басты кейіпкер шығып, «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап. Талаптансаң ғана жетерсің асыл мұратқа» деген рухты сөздерін айтып, болашақтың кілті білімде екендігін паш етті.
Мерекелік жиында аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы:
-Бүгінгі тәуелсіз еліміздің болашағы сіздердің маңдай терлеріңіз, адал еңбектеріңіздің жемісі. Шәкірттеріңіз түрлі салада жетістікке жетіп, елдің мақтанышы болып жатса, ол ең алдымен сіздердің еңбектеріңіз. «Білімді мыңды жығады» дейді дана халқымыз. Елдің қуаты – білімді ұрпақта, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар қауымы. Сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында еңбектеріңіз елене берсін! – деп ізгі лебізін білдірді.
Сондай-ақ, білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген жандарға және еңбек ардагерлерін «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін өңірлеріне қадап, тағы бір шоғырына Оқу-ағарту министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық білім басқармасының, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады. Бұған қоса, мәдениет үйінде иін тірестіре отырған барша білім саласы қызметкерлеріне аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлының атынан арнайы ықылас гүлдері ұсынылды. Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те Мұғалімдер күніне орай бірқатар лайықты азаматтарды Шу ауданының Құрмет грамотасымен және «Amanat» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасымен марапаттады. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Сұлтанғазиев пен аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев та бірқатар мамандарды құрметке бөледі. Сахна төріне шығып марапат алған барша қызметкерлерге сыйлықтар берілді.
Салтанатты шараның маңызды бөлімі түйінделген соң мерекелік концерт жалғасын тауып, аудандағы мектептің мұғалімдері мен оқушылары әуелете ән шырқап, мың бұрала би билеп, мерекенің көркін қыздырды. Мерекелік кеш соңында мәртебелі мамандық иелері бір-бірін марапаттарымен құттықтап, естелікке суретке түсіп жатты.
Түйіндей келе, алдына келген шәкіртіне білім нәрін берумен айналысып, өскелең ұрпақтың мықты маман иесі болып қалыптасуына даңғыл жол салатын мұғалімдер қауымының беделі асқақтай берсін демекпіз. Әрқашанда Шу ауданы білім бөліміне қарасты білім ордалары шәкірт тәрбиелеуде аянбай, ғылымға ден қойып, елдің келешегі үшін келелі істерді тындыра берсін!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.