Көпірлер қашан жөнделеді?
Шу–Төле би бағытындағы төрт жолақты жол орналасқан Уәш Асатов пен Сәкен Сейфуллин көшесінің қиылысындағы, Төле би–Шу бағытындағы Төле би – Уәш Асатов көшесінің қиылысындағы көпірлер автожол қозғалысына қауіп төндіріп, жүргізушілердің наразылығын тудыруда.
– Біз аудан орталығы мен Шу қаласының арасында көп жүреміз. Ауданымызда биыл көп жұмыстар жасалып, әсіресе автожолдарымыз жаңарып, жақсы болды. Орталық көшеміз жөнделіп жатқанда қуанып едік. Көпір үстінен өтетін жолды кеңітіп, атокөліктердің жүру қауіпсіздігі шешілетін шығар деп. Бірақ қос жолақпен өтетін көпірдің осы тұстары тарылып, сол күйінде қалғаны өкінішті. Осы екі көпірдің тұсында бірнеше рет жол-көлік оқиғалары болғанын өз көзімізбен көрдік. Төле би–Шу бағытымен бара жатып көпірдің келесі бетіндегі жүргінші немесе жеңіл автокөліктердің көрінуі өте нашар. Байқалмай қалу жағдайлары жиі кездеседі, бұл тек екеуміздің ғана емес, көлік тізгіндеген мұқым аудан жүргізушілерінің ой-пікірі,-деді өзін Серкебай Жақсыбаев, Руслан Жылымбетов деп таныстырған азаматтар.
Автокөлік жүргізушілер ғана емес аудан тұрғындарының сұранысымен түйткілді мәселенің себебін білу үшін Шу аудандық полиция бөлімінің жол және техникалық инспекциясы тобының мемлекеттік автоинспекторы, полиция капитаны Мұрзақұлов Ескелді Шорабекұлына жолыққан едік.
-Бұл мәселе бойынша Төле би–Шу бағытындағы күре жолдағы көпірлердің тарлығы қазіргі күн санап көбейіп жатқан автокөлік ағынының адамдар өміріне қауіп әкелетін жерлерінің бірі екені мәлім. Көпшілік тұрғындардың, автокөлік жүргізушілердің айтып жатқан уәждері орынды деп білемін. Қазіргі уақытта көбейген автокөліктердің жүріс қауіпсіздігін реттеуде автожолдың атқарар рөлі өте зор. Сонымен қатар, жол ережелерінің жиі бұзылып, апатты жағдайлардың орын алуы да осы жолға байланысты екені де шындық. Өкінішке қарай, осы көпірлердің тұсында бірнеше рет жол көлік оқиғалары орын алды.
Аудан орталығы Төле би ауылынан Шу қаласына қарай баратын орталық көшенің Уәш Асатов көшесінің қиылысқан жеріндегі транспорт ағыны көп жүретін су каналының үстіне орнатылған көпірдің көлемі қазіргі төрт жолақты жол қозғалысына сай еместігі туралы Төле би ауылының әкімі Арнұр Рахымқұлов мырзаға және аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының атына ұсыным нұсқама бірнеше рет берілді. Әкімшілік мамандары біздің техникалық зерттеу нұсқамамызды кешеуілдетіп кейінге сырғытып уақыт өткізуде. 2023 жылы аудан әкімдігінің жиылысында көпшілік сұранысының негізінде ғана емес, арнайы жол-көлік қозғалысының өте қауіпті жағдайлар туындайтын жер екенін, стандартты жоспарға сай келмей тұрған көпірді транспорт ағынына лайықтап, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін көпірді кеңейту туралы мәлімдегенмін, – дейді Е.Шорабекұлы.
Шу–Төле би бағытындағы жолдар күрделі жөндеуден өткен кездері көпірді кеңейту жұмыстары қоса жүргізілгенде құба-құп болар еді. Қоғамның басты байлығы адам өмірі екенін бәріміз білсек те айтылған нұсқама ұсынымдарды кейінге сырғыта беретініміздің кесірінен қауіпті аймақтың біріне айналып тұр. Жол қауіпсіздігі тікелей адам өмірімен байланысты екені бәрімізге қатысты. Ал көлік жүргізушілердің жол оқиғаларына түспейтін қауіпсіздік шараларын жасау арнайы техникалық зерттеудің қорытындысы бойынша жасалған нұсқамамен орындалуы керек. Сондықтан халық игілігі үшін жолдың атқарар жүгі өте зор. Көптен бері қозғалып келе жатқан ренішті пікірлермен бірге көпір енінің қазіргі стандартты жол қозғалысына сай емес екені айтылуда.
«Атқа міндің ажалға міндің» деген халық мәтелі тегін айтылмаған. Кез келген мезетте кездесетін оқыс жағдайлардың алдын алып, болдырмау шараларының маңыздысы – аудандық полиция бөлімінің жол және техникалық инспекциясы мамандарының жол қауіпсіздігін сақтау ережесіне сай айтылған «нұсқама, ұсынымдары» кешеуілдетпей орындалғаны ләзім. «Күту керек», «жасаймыз», «қаржы тапшы болып жатыр» дейтін жайбасарлық мінезбен той-томалақ пен ырдуға табылатын қаржы өз өмірімізді қауіпсіздендіретін жол мәселесіне неге табылмай қалады екен?
Көпшілік сұранымы мен талабы сараланып сұрыпталып, әсіресе жол туралы айтылған уәждер уақыт оздырмай орындалып жатса бәрі халық игілігіне жасалған жақсылық деп білер едік.
Несіпхан Қоңырбаев.