Ақпараттық портал

Қала әкімі қайран қалдырды

Өткен аптаның соңында мұғалім атты мәртебелі мамандық иелерінің кәсіби мерекесі тойланды. Оны еліміздің ұстаздары бұған дейін қазан айының бірінші жексенбісінде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Кейін әлемнің 100-ден астам мемлекеттері мерекелейтін Дүниежүзілік мұғалімдер күніне тоқайластырылып, 5 қазан күні таңдалған.
Тұтас ғұмырға жетерлік тағылым сыйлайтын тұлғаларды күнтізбедегі әрбір күні құрметтесек те артық болмайды. Өйткені ұстаздық әзиз қызмет. Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деп топшылаған екен.
Жұмыс кестесі өте тығыз мұғалімдер үшін рухани демалыс алу өте маңызды. Мұны жете түсінген Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев ұстаздардың төл мерекесіне орай шаһардағы білім саласының басшылары мен қызметкерлеріне кино көрсету арқылы құрмет көрсетті.
Ұстазды сыйлағанның ұпайы түгел болатынын ұққан қала әкімі аппаратының қыз-жігіттері мереке иелерін гүл шоқтарымен қарсы алып, ақ тілектер жазылған сусындар ұстатты. Сонымен қатар тіске басар да ұсынылды.
«Синема Парк» кинотеатрындағы шарада қала жетекшісі Елдос Бекболатұлы сахнаға шақырылды. Оқу-ағарту ісіндегі ұстаздардың еңбектерін жоғары бағалаған әкім бұрынғы әріптестеріне ізгі лебіздерін жеткізді.
– Мұғалім – мәртебелі мамандық, құрметті қызмет. Балалардың бойына білім нәрін құйып, болашағына жол сілтеуде еңбектеріңіз ересен. Біз оны әмәнда қадірлейміз. Құрметтің зорын көрсетуге әзірміз. Төл мерекелеріңіз қарсаңында сіздерге демалыс сыйлайық деп шешіп отырмыз. Мерекелеріңіз құтты, еңбектеріңіз жемісті болсын,-деді ол.
Қала мұғалімдері бұл күні жаңа туынды «Ыстық ұя» фильмін тамашалады. Өмірдің өзінен алынған кадрларға куә болған көрермен көздеріне жас алып жатты. Өздеріне көрсетілген ілтипатқа разы болған ұстаздар қала әкіміне алғыстарын білдірді.
-Тыңнан түрен салуды білетін жас әкім мұғалімдердің мерейін бөлекше үстем еткеніне біз де тәнтіміз. Биылғы мерекеміз жадымызда жақсы тұстарымен сақталып қалды. Күнделікті қарбалас тіршіліктен аз да болса сергіп алдық. Бұл біздің мәртебемізді асқақтатқан, абыройымызды асырған күн болды. Сондықтан ұйымдастырушыларға мың алғыс! Ал, әріптестеріме тек қана табыс тілеймін ,-дейді С.Сейфуллин атындағы білім ошағының директоры Е.Әліпбаев.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.