Ақпараттық портал

АТА МЕН ӘЖЕ – ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУ БҰЛАҒЫ

Үстіміздегі жылы өңіріміздегі білім ошақтарында бірнеше қанды оқиға орын алып, оның ішінде ауданымызда мектеп жасындағы бір оқушының көз жұмғаны белгілі. Одан бөлек, Тараз қаласындағы мектептердің бірінде дәл осындай жанжал шығып, оның соңы үлкен дауға ұласқаны да есімізде. Ересектерді былай қойғанда, мектеп жасындағы оқушылардың арасындағы атыс-шабыс, топ болып төбелесу сынды келеңсіз жайттар күнара орын алып жатады. Бұл – білім ошақтарындағы қауіпсіздік шаралары, оқушылардың тәртібі мен оларды үнемі бақылауда ұстау, жасөспірімдер арасындағы тәрбие сынды маңызды мәселелердің әлі де болса өзектілігін жоғалта қоймағанын анық аңғартып отыр.

Әлбетте, кез келген ата-ана баласын жаман болсын демейді. Отбасы, ошақ қасында балаларына жақсы тәрбие беріп, дұрыс көзқараста өсіреді. Дейтұрғанмен «қызым үйде, қылығы түзде» деген тәлімді тұжырымды естен шығармаған жөн. Өйткені, жасөспірім балалар арасындағы қылмыстың барлығы дерлік сыртта, өзі араласатын ортада, түнгі уақыттарда орын алып жатады. Бұл ретте, жастар арасындағы тәртіпсіздіктің алдын алу, олардың тәрбиесіне бала жастан мән беру аса маңызды. Осы орайда айта кететін бір жайт, ғасырлар бойы ізденіс үстінде жүрген көшпенді ата-бабаларымыз ғаламат ғұламалықтың арқасында ата-әже мен немере арасындағы тығыз қатынасты дөп басып, жіпсіз байланған тылсым құдіреттің бар екенін білген. Сол арқылы ата-әжелеріміз кез келген нәрсеге үйір әрі тез иілуге бейім келетін бүлдіршінге танымды тәрбие беріп, оның болашағына бала жастан алаңдаған.
Бала тәрбиесіне қатысты дәл осындай әдіс бүгінгі таңда да жалғасын тауып, ауданымыздағы бірқатар ауылдарда ерекше қарқын алуда. Солардың бірегейі ретінде аудан орталығынан шалғайда орналасқан Ақсу ауылдық округінің ата-әжелерін атап өтуге болады. Ағымдағы аптада ғана аталған округке қарасты Ақсу ауылында «Даналық мектебі – халықтық тәрбиенің қайнар көзі» тақырыбында ата-әжелерімізбен кездесу өтіп, онда өмір жолы өнегеге толы әжелеріміздің парасатты жолы кеңінен талқыланды. Аталған жиынға Ақсу ауылдық округінің әкімі Айдар Айтбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, әкелер кеңесінің төрағасы Мейірхан Балықбаев, аналар алқасының төрайымы Айжан Иманова, көнекөз қариялар мен ақ жаулықты әжелер және мектеп ұжымы қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – тәрбиеге тұнып тұрған салт-дәстүріміз, даналыққа толы мақал-мәтел, шешендік сөздер, ұлылардан қалған ұлағатты сөздер, ертегі, дастандарымызды насихаттау және оның бала тәрбиесіндегі тиімділігін арттыру. Сондай-ақ өмірін ұстаздыққа арнап, бүгінде тоқсан жасқа таяған Сара Шорбаева әжеміздің өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету де аталмыш шараның негізгі өзегіне айналды. Басқосу барысында ақсақалдар пайымды пікірлерін білдірсе, кимешек киген кейуаналар бүгінгі буынның тәрбиесіне қатысты орамды ойларымен бөлісті. Оған қоса, Сара Бақайқызына құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрге сай ақ жаулық пен камзол кигізіп, әжеміздің ақ батасын алды. Тағылымды шараның басы-қасында болып, игі шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Мейрамкүл Баялбекова мен мектеп ұжымын ерекше атап өткен жөн. Әрине, көрер көз бен естір құлаққа дәл осындай іс-шаралар болар-болмас дүние болып көрінуі де мүмкін. Десек те, ата-әжелеріміз арқылы даритын ұлттық тәрбие – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге, жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Сондықтан да бұндай шараның маңызы ерек екенін әрбір адам жете түсінуі тиіс.
Тұтастай алғанда, балабақшада, мектепте өтетін сабақтарымызды ұлттық тәрбиеге негіздейтін болсақ біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең алдымен ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз керек. Бұл жөнінде Абай: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» дейді. Ең алдымен, бала кішкене күнінде ертегі тыңдауға әуес келеді. Ал халқымыздың ауыз әдебиеті ертегі, аңыз, хикаяларға бай екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Міне, соларды күнделікті айтып, құлағына сіңіріп, бойына дарытсақ, бала дұрыс қабылдайды. Тамаша салт-дәстүрлерімізді насихаттау үшін түрлі қойылымдар қою арқылы қызықты әрі тартымды етуге болады. Тіпті, бұл тұста баланың шығармашылық шеберлігі оянып, ұлттық құндылығымызға деген қызығушылығы мен құрметі арта түсері сөзсіз.
Міне, біз сөз етіп отырған ұлттық тәрбиенің барлығы да ақ жаулықты әже мен көнекөз қарияларымыздың бойында сайрап жатыр. Осыны жас жеткіншектің санасына дұрыс бағыттай алсақ, бүгінде орын алып жатқан келеңсіздіктер едәуір сиреп, ұлттық тәрбиенің мән-маңызы да арта түсер еді.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.